Сүйіп ем мен;
елде болған екі айда
ол да сүйген секілді еді, –
не пайда
қара кемпір қуды бір күн:
– кет, әйда. –
Осыны да қыз бағу деп атай ма?
Ит байлайды – «жанды құлып» қояды.
есігіне даңғыра іліп қояды:
ей, тіршілік,
кемпіршілік баяғы!
Қыз қалды өстіп.
Қызығы алды еңбектің.
(Енді бәрін еңбегіммен жеңбекпін).
Онсыз-дағы күзеті мол есікті
бірер жұма күзеттім де мен кеттім.
Кемпір қызын ат ізінен қызғанды...
тағдыр, бәлкім, маңдайына сызған-ды:
қызғаншақ жан дүниеден озды ақыр,
бірақ ешкім жоламады қызға әлгі.
Жұрт шошыпты,
ақырында не шықты:
аула айнала адыраспан өсіпті.
Сол ғашыққа соғып едім жақында –
кетік тісті кемпір ашты есікті.
1978