Қарбалас қам жасасып жатыр бәрі:
«Шолпан» тұр желкесіне әтір жағып.
Шаптыртып «Ақ боз атты» жіберді аспан,
Құдайды қонақтыққа шақырғалы.

Шаң көшсе «Құс жолында» үзік, ұсақ,
болған жөн ақ бетіңе, қызығы, сақ.
Қалыпты төрттағандап «Жеті қарақшы»,
жорғаның тақырдағы ізі құсап.

Бар білем не бір күнә, не бір жазық, –
«Үркер» де үрке алмай тұр тобын жазып.
Жасаған асау мініп келе ме деп,
оқшаулау қағылыпты «Темірқазық».

«Кіші аю» кірпік, қасын қағады шақ,
бір қылмыс жасап қойған бала құсап.
Қарашы: ұмыт қапты Ай бір шетте,
тұлпардан түскен алтын таға құсап.

Қонақ жоқ. Аспан дел-сал, тек тынады,
көп күтті «Шолпан» сұлу,
                                   көп шыдады...
Қалыппын көкке қарап,
                                   біреу түртіп:
«тағы да ұшырып па?» деп сұрады.

1970