Қарағайлар сенделеді ыңылдап,
Іші пысқан бойдақтардай кешқұрым.
Тас төбеде үңірейіп аспан тұр,
ақ тісі жоқ ауызындай кемпірдің.

Жымың етіп жабысса егер ақ жарық
кеберсіген ерініне сұр тастың,
Сол тастың да көкірегін қақ жарып,
ағатындай от аралас бір тасқын.

Асфальт көше қайқаң-қайқаң етеді,
Көтере алмай көлеңкені түскен кей.
Зәулім үйдің төрт бұрышты көздері
Сұйық-түнді сылқылдатып ішкендей...

Жапырақтар би билейді шарқ ұрып,
әндетеді бұтағынан айналып.
Кәрі емен тұр өз-өзінен сарқылып:
«Бұ тіршілік бара жатыр қайда алып!»

Сездірмейді тістеніп ап маңай түк,
Жел еркелеп тал мойнына оралды.
Бар дүние теңселеді ән айтып,
Мен ғана үнсіз.– Тыңдау үшін сол әнді.

1965