Қара көмір жанатыны – әдемі,
қара судың ағатыны – әдемі.
Қара көздің жақсы-ау күлімдегені,
одан гөрі дала түні – әдемі.

Құт кірерде қара жерге қақ тұрған,
қара қазан қамы бала бақтырған.
Қара қазақ қауіпті дерт, ауруын
қара қойдың өкпесімен қақтырған.

Қара көздің жасын түнге кептірген
талай қара кезеңдерден өттім мен.
Бірақ бабам «қара мал» ғып ырысын,
қасиетін – «қара шаңырақ» деп білген.

Қара, қара!
Көп қой қара сөз менде
көнбейтұғын етістіктен өзге емге.
Қара бояу, лағынат айтам мен саған,
қара көңіл бір досымнан безгенде.

Қара, қара!
Көп ұғымға жат әлі, –
маған жұрттың түсінігі батады.
Қам көңіл жан қарғанғанда, қақырап
«қара түнге тапсырдым» деп жатады.

Қара көздер! Қара нұрды құй жылдам –
шомылайын.
Бір түйінді түйдім дәл:
қара – әдемі, әдемі ғой түнгі аспан,
қара түс тек аулақ болсын пиғылдан!

Аққа қара жағылмасын,
бүгін шын
ақ, қара ту – Қызыл туға жығылсын!
қара киіп жыламасын аналар,
қара костюм – салтанатқа тігілсін!

Қара нүкте бітірсін тек сөйлемді,
сөйлем бітті,
маған жаңа ой келді:
қараға да ақ пейілмен қарау жөн,
қара лента қоршағанша бейнеңді...

1978