Тұрмыс – өзге,
талғам бірге өзгерді,
Өзгерді енді ұғымдар да, сөздер де:
«Құдай» деген сөзді сызып,
Орнына
«тағдыр», «табиғатты» жаздық.
Көр, міне:
Кеңсем – өзге,
Пәтерді де тез берді.
Күні кеше ұйқасатын сөздердің
Күзгі аспандай бұзылғанын көз көрді,
Күні кеше стақанға дірілдеп
Қорқа-қорқа құйылатын арақты
еркелетіп «ақаң» дедік бүгінде.
Әйел десе – ақ балтырлар елестеп
тамсанатын емес пе ек?
Ал, бүгін ше?
О, жаратқан, қарап қал:
Неше түрлі мықындар бар, балақ бар.
Лирикам да бүгін, міне, есалаң;
Маған әлі таңданатын жан бар.
Юбка еді кеше әйел,
ал, бүгін – шалбар.
Жоқ, өкінбен!
Бірақ соған жақынмын,
Кеше менде мұның бірі жоқ еді.
Бұ да, бәлкім, қазақылау ақынның
аз да болса қартаяйын дегені;
анау да – өзге,
Мынау да – жат,
Ол да – сын,
өзгерістің көкесі осы болмасын?!
Қызуым мол деп егделер тасса аса
Қартайды деп біл, –
Кеше мен бүгінді
салыстыра бастаса.
1980