Ей, достарым, тірлікте көлеңке жоқ дедің бе,
Күнге он рет сен оған кездесесің кемінде.
Десең егер жер үсті тек күншуақ мекені,
Күншуақтар жайлы жыр жазу сенің не теңің!
Бүкіл дүние тек қана қуаныштан тұрса егер,
Қайғы-мұң бар дегенге күлден өзге кім сенер.
Бүкіл дүние тек қана қасіреттен тұрса егер,
Куаныш бар дегенге Күннен өзге кім сенер.
Сенім керек дүниеге, сену керек, ағайын,
Өмір үшін бәріне көну керек, ағайын.
Бір тиынның қос беті секілді өмір! Төледі
Құнын оның шаттық пен қасіреттің өлеңі.
Бір беті оның – қосылу, айрылысу – бір беті,
Қай бетінен көрсең де танисың ғой сен оны?!
Тану керек дүниені, тану керек, ағайын,
Сөну үшін дұрыстап – жану керек, ағайын.
Көреміз де бұтаны – көкпеңбек жыр бер дейміз,
Сол бұтадан құлаған көлеңкені көрмейміз.
Көргім келед мен бәрін – көру қолдан келе ме?
Күдіктене қараймын көлеңкесіз денеге;
Көлеңкені қолдан мен жасай алман – сенсең ғой,
Биік болса көлеңкең – ол да өзіңнің еңсең ғой...

1965