Ей, бауырым, өзім жәйлі, мен жәйлі
тағы да бір жазбасам болмайды.
Өзімді айтсам – өзгешелік дейсің бе,
өзімшілдік дейсің бе әлде ондайды?
Айтсам егер асқар Алатау жәйлі,
көңіл шыңы көктің бұлтын аулайды.
Тау суреті жанарымда аунайды,
сол таулар да дәл өзімнен аумайды!
Мен өзіңмен бір белеңде көктеген
шыбық едім әлі толған жоқ денем.
Дей алмаймын қарық қылам, көп берем,
бойымдағы азын-аулақ отпенен.
Жалғыз өзім жиналыс боп қаулы алдым:
өз есемді – тек өзімнен даулармын;
екі қол мен бір бастан,
ал, қалғанын құрбылардан, құрдастан.
Кейде ойларым тасқа тайып жүрді ақсап,
айта алмадым тіс батырып, тырнақ сап.
Толқындағы қайық ем мен – бұл жақсы-ақ:
қағып алды бір мақсаттан бір мақсат...
1963, 1982