Қарыса әлі сол соғыс ызғарлары,
ол да сенен шығар-ау із қалғаны.
Кеселер түгел сынып үлгірген жоқ,
көнергенмен дастарқан сіз бардағы.

Қыз-ойнаққа айналып сұқпат кешкі,
қара етіктің табанын мықтап тестім.
Төр төсектер бүтін тұр әлі бірақ,
үйткені оған сенен соң шықпапты ешкім.

Сіз бардағы біткенмен қазы, қымыз,
көп аузында әлі жүр әзіліңіз.
Кім біледі жығылмай тұрған шығар,
бір жұртта ат байлаған қазығыңыз.

Домбыраң да сондағы бұрауында,
ішекке қонған тозаңын тұр ауырлап.
Сен мінген ат сүйегі қурағанмен,
сені көрген кісілер жүр ауылда.

Бәрі ескерткіш өзіңе тұнып тұрған,
бәрі сені келеді ұмыттырмай.
Жанды, жансыз – бәрі де сені айтады,
әжем қайтсін келер деп үміт қылмай.

1967, 1982