Сол бір жанның асылын
Сезгем бала шағымда.
Жұмсақтығы шашының
Әлі алақанымда.
Әлі жасап келеді
Көзі менің көзімде,
Жылылығы – денеде,
Сұлулығы – сезімде.
Жан қадірін білгелі
Кім артты одан тегінде,
оның қоңыр үндері –
домбырамның шегінде.
Домбыра ғой – досым ғой,
онсыз менде күй жоқ қой;
билейтін ол осылай,–
он саусағым, билеп қой.
Әр бір жақсы түн маған
Сол бір жаздың, түніндей.
Әр әдемі үн маған
Сол бір жанның үніндей.
Үнді, күйді бүгін мен
Ұғынбас ем жөнді-аса,
Көңілімнің түбінен
Көтерерім болмаса...
1965