Есе ғой, жасыл самал – тыныстайын,
созылшы, саусақтарым, – гүл ұстайын.
Үркітіп алдым білем бір бұтаңды –
сыбдыра, сыбдырай ғой, күміс қайың.

Көк қырлар көз алдымда барады өсіп,
тербетші көкшіл жырды, дала-бесік.
Шекесі анау дөңнің жолақ-жолақ,
кеткен-ау бір керемет тарақ осып.

Жүздірші ақ бұлтыңды, аспан-алып,
бұлт жоқта ой келмейді басқа лағып.
Бір сәтке бұлтсыз қою Алатауды,
аспан-ау, біле білсең – масқаралық.

Бұлт келді әппақ-әппақ, үрпек-үрпек,
жалғыз сөз көмейімде тұр кебіртек.
Ой келді басыма бір...
ақша бұлттар
қарайып бара жатты бірте-бірте...

1970