Елікпеңдер, ей жігіттер, қызбаңдар.
өмір деген –
гүл шоғы емес қызды алдар.
Көктем ғой деп көлкілдеме көйлекшең,
мына күннің артында әлі ызғар бар.
Сәуір желі ескенімен түзеліп,
бұлтын аспан тұр ғой әлі тізе ғып,
Күншуақ жақ көктегенмен, әлі де
көлеңкенің біткен жоқ қой мұзы еріп?
Жаза тұршы, күдікшіл ой, жүдеу жыр,
күдік кейде таяныш бір, тіреу бір.
Шыңғыс ханның садағын ап біреу жүр,
Гитлердің мұртын қойып біреу жүр.
Сөйлем бітті, бітті деген нүктең жоқ,
жауды жеңдің – тізесін ол бүккен жоқ.
Көлеңкенің біткен жоқ қой мұзы еріп,
мұзды жандар әлі құрып біткен жоқ.
Көктем, жаңбыр құра берсін жүз өрмек,
сәби жел жүр сол өрмекті үзем деп.
Көлеңкеде коньки теуіп жігіт жүр,
көктем гүлін еткенімен қыз ермек.
Елікпеңдер, ей жігіттер, қызбаңдар,
өмір деген – гүл шоғы емес қызды алдар.
Көктем ғой деп көлеңдеме көйлекшең,
мына күннің артында әлі ызғар бар.
1970