Бір жылу бер, үміт бер
тағы жаздым бас қатып.
Жазығым жоқ, жігіттер,
жырлағаннан басқа түк.

Әр тал гүлі киелі
болатұғын көктемде,
топырағымды сүйемін,
өзге кінә жоқ менде.

Айтқыш деген даңқы да,
айтатыны көп бұдан!
Ғашықпын өз халқыма
одан өзге жоқ кінәм.

Ойлап ауру кеселін
ойшыл болдық, түнердік.
Жасау керек деседі
жас шағыңда бір ерлік.

Елім деймін, қолбырап
жырға қосам қастер ғып.
Жасағам жоқ мен бірақ
үйленгеннен басқа ерлік...

1970