Аз-ақ уақыт бөлінген-ау өлуге,
өмірге көп;
айналмайды бал уға.
Сондықтан да асықпайды от сөнуге,
шикі тезек асықанмен жануға.
Күлімсіреп бата алады күн ғана,
ертең қайта шығады ғой себебі.
Қайта тумас тіршіліктер
сол үшін де қайғышылдау келеді.
Күздің күні қанша жарқырағанмен,
таңы – суыса
келер қысқа жоримыз ғой біз бәрін.
Сол секілді,
күлкілердің ар жағынан кей сәтте
сезіледі, ажал, сенің ызғарың.
Сондықтан да біздің тұрмыс түзелді,
дәрінің де, қарудың да бар түрі.
Ғұмырды тек ұзартамыз біз енді
ерте тұрып, кеш жатулар арқылы...
1963, 1982