I

Апрельдің таңы арайлы –
күншығыс жақ тұрды күліп.
Біздің қала қарағайлы,
таңғы ауада жүр қыдырып.
Шыдам болып шық мөлдіреп
жапыраққа қонады кеп.
Бірақ таңды күткен жүрек
Минут сайын соғады үдеп.
Таң арайлы, таң –
ғажайып;
Әлденеге көңіл құлап,
Бойда шыдам қалды азайып,
өсе берді сенім бірақ.
«Осындай ма ед жылы, күні,
Осындай ма ед бұл алаптың;
Осындай ма ед ұлылығы,
Сұлулығы мына жақтың?! –
Деді ол, – неғып байқамағам,
Әлде өзге ме ед күн бұрынғы?»
Сөзін ән ғып
айтады адам,
Таң, бір сайрат бұбұлыңды! 

II

Жаңа туған күнге ұсады, ал,
космоста – тұңғыш Адам.
Тұңғыш адам – жаңа адам-ды,
Жаңа адамдар бағаланды.
Берді ол тұңғыш биікте үнін
туған жерге – қалған жаңа.
Сол бір үннің биіктігін
өлшей алар арман ғана. 

III

Таң арайлы... тау шыңдары,
Тау шыңдары құбылды, әне,
Таң жырлары таусылмады,
Таң атты бір бүгін-дағы.
Жаңа ой туды – ең асқан күн, –
Жаңа Күнге ұсады да.
Біздің жеңіс, тек аспанның
сыя алады құшағына.
Таң бояуы жанға жұғад,
Таң сүйіп тұр бұ маңайды.
Жыр секілді, таңдар бірақ
бір-біріне ұсамайды.
Басы ғой таң арманның да,
Таң мен арман дос болады...
Ендігі әрбір таңдардың да
Болар бір-бір космонавы!..

1963, 1982