Көкірегімнен қуат сездім сұрапыл –
ақ көз-бұлақ, ақтарылмай тұра тұр.
Тасқын алса жер мен көктің арасын
Міз бақпаған қасиетті қара шың,
Қалтырарсың сен де, ғажап гүрілмен
көк тасқыным өткен шақта түбіңнен.
Ей, қара емен, ток ұрғандай дірілде –
Сенің дағы бір шайқалар ұлы іргең.
Әр бұтаны бір оятып жүгірген
күздің желі, сен де тоқта,
бүгін мен,
шабыт буып, байланбаса тіл егер
Көрсетпек ем бір өнер.
Ей, қап-қара, қап-қара,
Сен де тоқта, қап-қара бұлт, қаптама.
Бір таң қалсын дала жұрты,
тау елі –
нөсерімді мен төгейін әуелі!

Жел тоқтады демін ішке ап бір түрлі,
Қарғып шықты, аспанға бұлт күркірлі,
Зевс құдай шағып еді шақпағын –
Медеу сайын шаң қаптады қап-қалың.
Күтір етіп бір қозғалған қара шың –
құйын алды жер мен көктің арасын.
Аунап кетіп ақ шыңдардың мұз-қары
қара еменді қағып жықты ызғары.
Желге қарап жалаң төспен жаздағы,
аз, аз дедім ерегесіп, аз бәрі –
Құздан төмен құлдыраған бір қой-тас
талма түсте тапап кете жаздады.
Желеңімді жұлып кетті жел-нөсер
жігерімді жығып кетті белдесер.
Кім бар, кім бар енді көңіл делбесер –
Кешірімің жоқ екен-ау емге етер,
Хақ-тағала, мен де есер ем, сен де есер,
Мен болдым ба жауың қылыш сермесер?!
Мұзды жарып ақты тасқын, қар тұрмақ,
ауық-ауық ақ жалдары жарқылдап,
Жетім сөздің жел болуы оңай-ақ,
Көңілшектің көл болуы оңай-ақ;
бір періште жылап тұрды мені аяп.
Ал, сай жақта тас кеміріп, жар тырнап
бір ібіліс күліп жатты қарқылдап...

1981