Әлде күйді мойындатқан жігіт пе?
Астамшылық мінезімен қанқұйлы
мойындамай қойғанда ше хан күйді?
Ал, егер де түсінбесе қайтер ең?
Қабыр – қара,
топырақ – мылқау,
сай – терең,
Күйшіні аяп көметіндер табылар.
Халыққа не?
Шаруасы бар, бағы бар,
ауызы бар: «мен емес» деп арылар.
Әдетімен қашанғы
Өлтіріп ап сағынар.
Өнерпаздар, қанша тула, алабұрт –
Қызғаныш деп аталады,
Көкейлерге түсетұғын ала құрт:
Хан – қызғанды түсінгені сондықтан,
Сүйеді ғой қызғанғанын ғана жұрт;
Сондықтан да күйші жеңді.
Хан анық
Қуат сезді және бір
жатып қалған қамалып.
Сол қуаттан қорықты ол,
Қорқу да
билігі бар адам үшін Даналық!
Даналықпен қызғанса ғой өнерді...
Өнер – Өнер дегенмен
тап осылай қорықса ғой өнерден!
Бар тұрғанда өнер, билік, обал, ар
«Қорқақтың» да ісі – дастан бола алар.
Әсіресе бір қорқуы естінің,
біле-білсең, мың ерлікке бара-бар!..
1. Ш і л д е
Ақ қағазға жосылып түспей жатыр жол деген,
жол түспей тұр жырыма,
тумас білем енді өлең
Күнде жүрген жолыма тас түсіпті көлденең,
Сары қалам сұлапты ақ қағазға көлденең.
Тайраң қағып көктемнің тамшысындай сөз қасқа
Сыңғыраса жамырап,–
Жарыспас па, озбас па!
Ақ қағазға, сөз түгіл, осынша ыстық тер төлеп,
Әкеле алмай отырмын қаламды да желкелеп.
Жапырақ – шаң
Ой – шабан,
бөлме тыншу – күн ыстық,
тындырғаным шамалы кеңседе де жұмыс қып.
Шаш қисайтар жел үшін,
бір леп үшін тыныстық
желдеткішпен екеуіміз жекпе-жекке тұрыстық.
Омырауды желписің,
Жеңді иыққа сыпырып...
тоңазытқыш... оның да айраны ашып, сүті іріп.
Аспан өңіп кетіпті күн көзінен ағарып,
кеуіп қапты арықтар қайнап-қайнап құтырып
Асфальт жатыр кезеріп,
Жиектегі көк тас та
тамсанатын секілді тілін жалап оқтаста.
Шекесінен қарайды торы төбел-тау қашықта –
Қайта жаба қоясың терезеңді ашып қап...
Бұл да махаббат шығар?
Көкте тұрып киелі
Күйіп-жанып Күн, бәлкім, Жерді осылай сүйеді?!
...Ыстығымен Шілденің сүйгендіктен мен оны –
Ол да жүдеп-сарғайып, қурап-солып келеді.
2. С ы н а қ
«Ақөзектің» ар жағына күн батты,
Күн батқан соң кел деп еді қымбаттым.
«Бармай-ақ қой» деп ақырын тіл қатты –
ауру анам айтқанын бір тыңдатты.
«Ақөзектің» ар жағына Ай батты –
Келемін деп бекер уәде байлаппын:
бара алмадым – қайтыс болды сорлы анам,
Кетті дерттен жылдар бойы қорлаған...
Үш күннен соң қыздан тілдей хат алдым,–
Жұмбақ, қатал мағынасына маталдым:
«Шын сүйгенге сылтау емес өлім де,
Қош! Сол күні әкем өлген менің де».
3. Т ү с
«Таңда депті, екі асыл бар, жас жігіт!
ыстығына темір балқыр, тас жібіп –
Махаббат деп атапты оны қас қылып,
Әлемдегі жамандық пен жақсылық.
Ал, біреуі байлық – атақ – кісілік,
Сүюді ол жын-шайтанның ісі ғып,
Қатаң тәртіп қазанына пісіріп
Өзін-өзі түйіп ұстар түсінік.
Сен ұқпайтын бір құдірет бар мұнда:
Құдіреттілер елпең қағар алдында?!–
Қызыр ата таң алдында кез бопты,
«Қане, жігіт, қалауыңды ал, тез!– депті,–
Махаббат па?
Байлық, бақыт жоқ онда,
Жел секілді аунарсың тек көгалға.
Жалғыз досың... безер сенен о-дағы,
түбі ажалың – әйелдерден болады,
түсіндің бе?»– дей бергенде, жас жігіт:
– Атажан-ай, менде де жоқ басқа үміт,
Махаббат бер,
ашылсын кілт, есіктер –
Не берсең де махаббатқа қосып бер.
Байлық, ерлік бітті бедел түсіріп,
соның бәрі бақыт емес, түсінік –
Қайырымды қарт қоржынына қол салды,
Уысына қалша ілінсе – сонша алды.
Махаббатты – қазынаны бұ сын-ды
Жас жігітке жомарттықпен ұсынды,
Сөйтті де шал судай еріп жоғалды;
Жігіт аң-таң, не берді екен деп әлгі
алақанын ашып көрді: О, сұмдық!
Шошып кетті (біз де бірге шошындық) –
тиындарға сатылатын кәдімгі...
Мұндай мүсін өңінде де мәлім-ді:
Кетті оянып:
Жыпылықтап жанары
«Түсім ғой?!» деп жұбанып, сәл іркілді;
Сонда өз жары ұйықтап жатқан
Жаңағы
Қуыршаққа ұсап кетті бір түрлі...
4. Д а б ы л
Місе тұтпай гүлдің исін және олар:
Көбелектер,
адамдар мен аралар
талап жатыр –
қарақшыға бара-бар.
Құрсын бүйтіп сұлулықты сүйгені:
Райхан гүлді тамағынан кептіріп,
Роза гүлді сабағынан кептіріп,
бір сұлуға қыр көрсете жөткіріп,
бір сұлуға жағынғалы кеп тұрып,
пәлсафа айтып жантаяды жігіттер:
«гүл өсірдік жұлу үшін» деп күліп..
Ал, қыздар ше?
Алған сайын гүлді олар
әп-әсем боп күлгені үшін бұлданар,
Жанарлары бұлдырап,
Шаттықтарын жасырып;
Мастана ма, қуана ма гүл бірақ
Әлдекімнің кеудесіне бас ұрып,
Әлдекімге көз-қуаныш болғанға?–
Мұны ешкім де ойламайды жалғанда.
Сұлулықты сүйеміз біз: тілесек
гүлді жұлып сата аламыз біресе,
таптап, аунап жата аламыз біресе –
табиғатқа беруші еді кім есеп?!
Жат түсінік:
гүл мен шөпке не түрлі
шабуыл да, шашпалық та бар мұнда –
Қылмыс үшін жауап берген секілді
жауаптымыз келер күннің алдында.
Ал, табиғат қайрат жұмсап біз үшін
Әр бұтасын мүйіз етіп сүзісіп
газ бен удан тұр қорғап –
жазу керек соған барлық жырды арнап.
5. Ә у р е ш і л і к
Тас –
бұлақтың ақ жолына жатып ап
қарайды құр суық, көзбен бақылап.
Ал, бұлақ ше?
Жағынумен, жалаумен
тасты жібітемін дейді, ақымақ!
1980