Үбектейді,
үй-іші –
көлденең шөп жатпайды.
Столыңды жиысып,
кітабыңды қаттайды.

Келгеніңде даладан
бәйек болып,
біртүрлі
көрінесің сен оған
жүдеп қайтқан сықылды.

Бір жымиып ішіңнен,
құс жастықты бауырға ап,
Қырып қайтқан кісідей
шіренесің ауырлап
Ылғи солғын боп түрің
көрінеді,
күтіп кеп
бәтіңкеңді кептіріп,
балағыңды үтіктеп,
жүргені ылғи тегістеп,
бір кіріптар пендедей:
Сен ішкенді – ол ішпей,
сен жегенді – ол жемей.
Әйел сондай.
Кемдікүн
шашын сипап, асын жеп,
жүргендейсің сен бүкіл
жақсыларға “масыл” боп.

1967, 1982