деп ентелеп келді маған бір адам.
Көрісуге қол тимеді, көп болды,
Неғыламыз,– деді күліп,– өткенді.
Саидамен табысты ол күлісіп,
Соған мәз боп жадырады үй іші.
– Жүз грамсыз,– деді тағы,– қызбайды іш.
Құрақ ұшып жатырмыз-ау біз байғұс.
Қызды әңгіме.
Ұмыттым мен ұмыттым
Бір қызметтен кеткендігін жігіттің,
ауық-ауық қабақ-қасы салбырап,
Ұмытпады, амал қанша, ол бірақ:
«Әй заман-ай!» деп күрсінсе қонағым,
Мен де «солай, солай!» деген боламын.
– Қол астымда жүргендігін өріп кім –
деді бір сәт – түсіндім де торықтым,
Жұрт бұзылған!..
Қарсы пікір айтуға
табалаған болам ба деп қорықтым.
– Тақты,– деді ол,– бәз біреулер бекер мін,
Тәрбие бар, бәрін-бәрін көтердім.
Көпсінгені – машина ма?!
Өлмеспін,–
Орныма қызықпайды енді ешкім –
Орнынан көтеріле жөткірді,
пәлсапаға қосқандай бір жаңалық:
– Халық деген – қой екен ғой аналық,
Халық деген – қой екен ғой,– деп күлді.
Қайран қалдым. Азамат боп тірлікті
түсінетін жігіт еді бұл мықты.
Әрбір сөзі жататұғын салмақты –
енді содан жаңқадай да қалмапты.
Талай орта, талай жұмыс сынаған
Қалай оңай құлдыраған мына адам?
Таза ұстаған қымбат жерді бұл қалай
Мынау арзан пиғылымен былғамай?
Көне алмадым; Әлгі сөзге кім көнген:
«Қойдың-дағы қайыруын білген жөн!»
дедім бәсең,
бірге лекіп тек, әттең,
күле алмадым күйіп күлген қонақпен.
...Ойлайды деп ана қамын, бала емін,
Азаматқа қатты сенген жан едім,
Түсінем бе деп ойлаушы ем кейде ептеп,
Лауазымды-дәреже емес, бейнет деп.
Сол бейнетті көтере алар күші бар
Ерді ғана үлкен орынға ұсынар –
Дәл осылай ойлаушы едім, әлі де
Ол ойымнан айнығам жоқ, әрине.
Бірақ мынау... мінбелерге жатып ап
Сөйлеуші еді халқымыз деп қақырап –
Соның бәрі қара басы үшін бе?
Алтынның да жата ма арзандығы ішінде?
Қайғырды ол.
Мен де мықтап қайғырдым:
Ол – орнынан,
Мен – сенімнен айрылдым.
Қонағымды өзімше ұққан көңілмен:
«Тым асығыс болған екен!» дедім мен.
«Түскенімді» айтады деп түсінді ол,
«Өскенің!» деп ойладым мен ішімнен...
1981