Ән болса егер – естілсін деп алыстан,
алысқа арнап ән шығарған данышпан
Мұхит аға арман қуып бір арлан
асқақ әнін ат үстінде шығарған.
О, жұмарлан, жота-жондар, жұмарлан,
айлы кеште ойламаған кім арман,
сонда да ешкім шыға алмаған құмардан,
Мен де, сірә, құмарымнан шыға алман!..
Құмның түні күндізінен сәндірек,
айлы түнде салғанда әнші әнді үдеп,
ел оянып, қыз-келіншек
Самаурын
Қояды екен Мұқит келіп қалды деп.
Дүрліктіріп түнгі құмның сан аулын
Күттіретін қонақ болса, ол – санаулы.
Әлденеше сөнеді екен жаққан от,
Әлденеше қайнайды екен самаурын.
Қашан келер,
Қай қазыққа ат байлар? –
Талас құрған жұрт бір-бірін қақпайлар.
Әнші қайда?
Әнші әлі жоқ,
бірақ та
Әні ап-анық естіледі құлаққа.
Тыңдай білген халық күй мен әнді көп
бүгін маған сол әннен де мәндірек.
Түні бойы ел Ай астына үңілген
қылт еткенді Мұқит келіп қалды деп.
Ән болса егер – естілсін деп алыстан,
алысқа арнап ән шығарған данышпан.
Дала қақтап емген сын-ды тау суын
Халық сорып отыр Мұқит дауыс-үнін.
Көкжиектен көтерілген биік үн
бір көтеріп берді құмның иығын.
Ай батқан жоқ,
Мұқит келген жоқ әлі,
Самаурынға ел қайта-қайта от салады,
Өкпелеме, күйрек досым күмәншіл,
біздің үйге түспеді деп ұлы әнші.
Келмейді, рас, оған, сізге, бізге де ол –
Мақтанудың жолын мен де іздеп ем.
Естілетін ылғи ғана алыстан
Әдеті ғой шын өнердің данышпан.
Таңға айналды құмға талай кеш кіріп,
ғасыр өтті – ән тұр әлі естіліп.
Ал, Әнші ше? –
Күт, күт, жұртым, тік тұрып:
Келмейді әнші, қояды тек күттіріп.
1981