босағада киім ілгіш тұр еді:
бір қонақтың сұп-сұр болды реңі.
соқпай қала жаздады
біреуінің жүрегі.
Тағы бірі сала берді түнеріп
Киім ілгішті көріп.
Үй иесі қарсылаған қалбаңдап,
бір әйелдің жүзіндегі күлкіні
тек сол ғана қалды аңдап.
Бір келіншек сырт киімін шешіп еді жігерлі –
бірер еркек басын шайқап жіберді.
Ал бір жігіт қайта шығып кетудің
еп-есебін таппай тұрған секілді.
Не бар сонша?
Не көрінді жұртқа әлгі,
Қоян сын-ды көріп қалған сырттанды
үрікті олар.
Қарайды кеп күндей әрі түңіле:
бай асына екі-үш мәрте күніне
көзін сүзген жарлы үміткер секілді,
галстук емес, қара тіккен қайғылы,
мойындарға қарғы біткен секілді,
аршындаған азаматтар жай күні
қарап жүріп сорға іліккен секілді.
Қауырсынынан қыранның
Қарға үріккен секілді.
Не көрді олар соншама,
бомба да емес, емес бұл,
басын кесіп іліп қойған жоқ ешкім,
бірақ одан да өткен «сұмдық» болып тұр:
Киім ілгішке ілінген, сол кәдімгі
Шинелі екен Қасым Аманжоловтың!
Киім ілгіш алдында
талай пальто, қалпақтармен жолықтым.
Пальтолардың қайсыбірін танып құр
қуанушы ем,
ал киімнен үркудің
Мағынасын соң ұқтым.
Қонақ күттім,
күткендерді көп көрдім,
кесірлікті, кеңдікті де өткердім.
Киім ілгішке қарап,
түстеп танып қалпақтарды мәні көп
құбылысқан қабақтарды байқап қалдым сан рет.
Бір кәріге ойымды айттып – естігенім болса анық,
Қасым ақын, дедім мен,
отырыста жайсыз болған тегінде,
әйтпесе одан ел үрке ме соншалық?
– Рас,– деді аға сонда,– бәрі рас,
ешкімге ақын қиянат қып жарымас,
адам еді ол ақылы емес, жаны мас.
Сөз танымас адамды да танымас,
танымастар айтып жүрген әңгіме,
танымастар қылығы ғой әлгі де.
Қасым сырын ұғынбады көп ешкім,
мезгілінде мен де ұғынған емеспін.
Отырыста ғажап еді ол – жігіт қой,
адам түгіл кемсіткен жоқ тауықты.
Бірақ ондай адамдардың, біліп қой,
деді қария, қалпағы да қауіпті.
Әлдекімнің шинелі мен жағасы
талай сырды ашады екен,
қарашы,
адамдардың ішіндегі аласы:
Менмендік пен мезі мылжың арасы,
Күндеулер мен менсінбеулер арасы
Мұнша жақын болғаны ғой, шамасы?!
Сымпыс тірлік сырты ғана шіренген,
Көкірегіңде көк түйір жоқ, білем мен,
Жағаң ғана ұқсайды тек білгішке,
Жасандылық, жайсыздармен бірге ішпе.
Сен өнерге сырттан келген адамсың,
барлық пальто жат саған,
барлық қалпақ жат саған,
Сондықтан да сақтан киім ілгіштен!..
1981