Он екі түп жетім ағаш – бұл ағаш,
Сенен бірақ жылап көмек сұрамас.
Бұтағын тек алса біреу сындырып,
ауырсынар үнсіз ғана шыңғырып.
Бірақ ешкім жоқ елеңдер оны естіп –
үнсіздердің шыңғырғаны емес түк.
Қайрымдылар, қам ойлама, қайғы алма,
Жел мен дауыл, сен де аянба, сайранда.
Алма піскен шақта ғана әлдекім,
Әлдекімдер алма терер әндетіп.
Сонсоң тағы болады ұмыт бақ әлгі,
Ұмытар жұрт қайырым мен обалды...
Жарты әлемнен жасырасың бетіңді
Көрген шақта сол он екі «жетімді»,
Жапырағы – календарь боп таусылған
Жыл байғұстың он екі айы секілді.

Р. S

Жиналып ап жеміс-жидек түр-түрі
айқай салып шыға келсе бір күні:
Жеміс толып, жел үзгенін міндет қып,
Жеміс, жеміс дегізгенін міндет қып;
Жүзім жылап мөлтеңдесе ызадан,
Қауын, қарбыз қарс айрылса ызадан,
алмұрт тұрса күс бетіне ұн жаққан,
Қызараңдап алма шықса бір жақтан,
Жылғадағы жылап аққан су-дағы
адамға еткен қайырымын қуғалы
шықса атылып...
(буырқанса көк теңіз,
жапырақтың шулағанын сөкпеңіз).
Жарық, жылу ту көтерсе қауым боп,
Қоңыр самал шу көтерсе дауыл боп,
бидай шықса ауыр басын шұлғытып...
бәрі-бәрі сайрап берсе тіл бітіп, –
Мінезіңмен табиғатта болмаған
Кімді, не деп кінәлар ең сонда, Адам?!
Табиғат қой – төзеді ол,
күбінген
ақымақ-жел қойныңды ашар – түңілме.
Сен де, алма-бақ, күтімсізсің бүгінде,
Шыда, шыда! Көзге түспе, білінбе,
бір сайрарсың – Тәңірінің тілінде,
Сенің-дағы тілің шығар түбінде.

1980