Ақ шәлілі қалалық
ана еді, бір күні
салып келді жаға ғып
бурыл-шулан түлкіні.

Әйел еді көрікті –
бұ да үйлесті: бір күні
киіп келді бөрік қып
Қылаң-қызыл түлкіні.
Біздің елдей бай елде,
Кім не кисе – ерікті.
Азамат қой әйел де
Кисін, дедік, бөрікті.

Сол-ақ екен, мың, түрлі
Мінез тапты, сөз берді.
Мың құбылды, құлпырды,
Құлпырды да өзгерді.
Ақ шәлі – ақ қанаты,
Ұзамай-ақ қырқылды...
Жоғалды да Ана аты
Түлкі атанды бір күні.
Айлар өтті әндетіп,
Күндер өтті күлкілі.
Тазы болып әлдекім
Қуып берді Түлкіні...
Жылайды енді ышқына,
бітіп айла-амалы.
Көзден бұлбұл ұшты ма
ақ шәлінің заманы?!
Моданың бар түр-түрі,
айла-амал далбаса...
Жазығы жоқ түлкінің,
түлкіліктер болмаса...

1980