сұлулары көптен көп –
еріні күрең көбінің
иектері көкпеңбек.
«Сыпайылар – тоңбайды, қалтырайды» деген бар,
әйелге арнап айтқандай мәтелін де адамдар.
Түсі кетер ерлердің суыққа тым жаны осал,
ал, әйелге тон сын-ды, тоңғаны да жарасар.
Неткен халық бұл халық!
Тісім түсіп, мөр тайып,
таң қалам деп әйелге қалдым, міне қартайып.
«Сыпайылар – тоңбайды, қалтырайды» деген бар –
мәтелін де әйелге өлшеп айтқан адамдар.
Бір-бірінің түр-сұрын кекетіп тұр текке үркіп,
үркіп-үркіп қарайды қара кірпік, көк кірпік.
– Қалқам, тоңып қалдың-ау, автобус жоқ...
– Жоқ, аға, –
бір төңкеріп тастады тұйық көзін томаға.
Сонсоң мойнын қымтады, шолақ екен жағы да,
Тоңдың десе – тоңған боп көрінбеуге бола ма?!
Тоңып тұр ол,
тұр ұстап әлгі сөзім тек менің,
жағын ашса – тісі тұр сақылдап-ақ кеткелі!
Кеше ғана, жапырақ, сыр шашып ең шалқып-ақ,
бүгін қорқып қалыпсың жел алдында қалтырап.
Бірақ әйел суықтан қорықпайды – сыйлайды,
пайдаланбай қалуға суықты да қимайды.
Мен ұқтыра алмаймын,
Сен ұқпайсың немесе:
тоңған кезде сұлулар – сұлуырақ он есе!
Кеше жел тұрды арқадан –
дауыл болды дақпырты
ауладағы қоқысты алай-түлей лақтыртып.
Жел пәс бүгін, суды лай асфальт қана қапты іркіп,
қар жұққан жоқ бұтаға – қырау ғана ақ кірпік.
Әйел тоңса, ойлама, осал халық-ау тегі,
сұлуырақ көрінсе – тоңбағанда қайтеді?!
Жасырады бәр-бәрін сыпайы жұрт, «сұм» әрі,
бірақ жасырғанын ел білсе екен деп тұрады.
Білдік, білдік!
Білдік біз табына да жағына,
қор мазақсың – білмесең,
білсең – кешпес тағы да.
Міне, халық дегенің әйел сын-ды, абайла –
суық болсын, болмасын –
тоңу керек қалайда!..
1981