Ауыл совет бастығы еді бір ағам...
Кеше сонда қонақ болдым кешқұрым.
«Әрі қайтар шек-шек келгір ешкіні»,–
деп зекіріп айтқан сөзін естідім.
Бұған алғаш мән бергем жоқ мен аса,
аға үйіне еркелеумен балаша;
тұрмыс, күтім, көңіл – бәрі жаңаша,
үйлер қандай,
аула қандай тамаша!
Ас соңынан сұқбат құрдық. Шай үсті,
үй іші боп жапондардың сервиздерін жайысты.
Чех шынысы,
алтын, күміс ыдыстарға тамсандым,–
хрустальға конфет емес, нан салды.
Бірақ шайдың сүті қызық,
ақ жеңгем:
– Біздің сиыр консерві,– деп майысты.
– Шай-қатығы жоқ па?– дедім,– бұл үйдің?–
ағам басын төмен салып жымиды.
Саусақтарын сылап қойып жеңешем:
– Ауыл деген атағы бар демесең,
мал саумаймыз,
Өкіл келін ауданнан
Мынау ағаң бас боп бәрі қаулы алған:
– Шайды сүтсіз ішуге ме?
– Жоқ, айнам,
ел бүгінде екіленген, тоғайған,
қашан да ессіз келеді ғой тоқшылық,
аулаға егу керек десті көк шыбық;
Көк шыбыққа өспесе де түйір дән,
Шыбық ектік – айрылдық сиырдан.
Тыңдай берсең, жеңгеңде сөз көп әлі,
Сөз сауамыз, сиыр ұстамағалы.
Ағам сонда бір желпініп боп қалды:
– Ескілікті жойғанбыз!– деп мақтанды,–
Шүкір, Халық ақша алады,
қуғанбыз
ауыл үстін шаңдатады деп малды.
Тек бір қырсық қария бар, долдана
айқай салып мал ұстайтын сол ғана.
Үш жыл бұрын жалғыз еді ешкісі
Сегіз бопты, санап едім кешкісін.
Ауылымызға апат боп тұр асқан бұл –
жапырағын теріп жейді жас талдың.
Сүт – дүкенде,
ет – дүкенде, тарығар
жағдай жоқ,
мал не керек, бәрі бар.
Сондықтан да сиырымыз – консерві,
ал, консерві – шөп жемейтін «жануар».
Ауыл көркі дегеніңді біз өстіп
қолымыздан келгенінше түзестік.
– Сонда қалай?– дедім мен,–
Малды қарсы қоймақсыз ба егінге?
– Астанадан келген қонақ көк өнім
көрген шақта бір сүйсінер деп едім...
– Астанадан келгеніммен – жай келем,
бұйрық емен, қағаз емен, қаулы емен,
бірақ, аға, жапырақ үшін, тал үшін
дұрыс емес малды қуғындау деген.
Жеңгем айтты:
– Ауыл деген атағы,
Маған малдың асаулығы батады.
Мал саумайды құмның әйелдері де,
соғымын жұрт атып ұстап жатады.

Маған доктор: «Сырқатыңа дарып ем
Жазылмайсың,– деп еді,– құр дәрімен.
Ауыл барып айран сімір, ауа жұт,
Қымыз, шұбат мықты бірақ бәрінен»,
Күтпеген бір қиындықпен беттестім,
Көктемде де көкейімнен кетпес бұл.
Құр дәрімен жазылмайсың деп еді,
ауамен де жазылмаспын деп кестім.
Ел көңілін сезгеніммен бауырмал,
ақ іше алмай қайттым, сөйтіп ауылдан.
Қуғындалған ешкілерді көргенде
бір мұңды күй сарнап кетті кеудемде:
Сонау жылдар аштық атты «бәледен»
бізді асырап алып қалған мал еді ол.
Ешкі етектен тарта ала ма, ел өссе –
түсінбедім ағам айтқан кеңеске.
Малсыз ауыл – жапырағы жоқ ағаштай,
Малымен де ауыл – ауыл емес пе?!
Кеше кешке естідім:
Жапырақты ешкі жепті кешқұрым,
сонсоң біреу сойып апты ешкіні...

1981