Жұмекен Нәжімеденов
(қысқартылып алынды)
Аурухана - 83
Июль, 29
20-ы күні реанимацияға түсіп едім. Содан бүгін, 29-нда балконға шығып, күннің көзін көргенімде ө көзіме жас келді: ып-ыстық, кәдімгідей, күйдіріп барады. Қайра-ан, тіршілік.
Июль, 31
40 – 42 градус. Балконға шалқытып тұрып су шашып ем, - 20 минуттан кейін кеуіп кетті. Бу көтерілер деп күтіп ек – о да көрінбеді. Қызған тас та менің бір досым сықылды кепкіш - ау, сірә, қанша ақша алса да ол үш күннен соң еріні кезеріп, қурап шыға келеді ғой. Тым құрыса, буын байқатсайшы!
Август, 1
Таңертең біреу Ақан серінің «Мақпалын» салды. Әй, ән - ақ қой, шіркін. Қанша ой, сезім, мұң, шындық жатыр. Әннің әр иіні бір-бір дүние, бір-бір материк секілді. Ақан сері - ән өнерінің Колумбысы ғой.
Үйірі қысырақтың Мақпал қара,
Қара шашыңды күндіз жу да түнде тара.
Алыстан ат терлетіп келгенімде
Ей, Мақпал, қырындамай бермен қара.
Қалай, ә! Осындай құдіретті Ырымбайка сезіне ме? Ішіне қатсын!Ол әлгіндей әндерді ешкім түсінбейді, бағаламайды деп ойлайды. Әрине, орындай да алмас еді. Оған ән емес, қол - шапалақ керек. Қолды көп шапалақтайтын, әрі арзан дуылдайтын қоғамның ең тәжірибесіз, біліксіз, талғамсыз тобы – жастар, олар да есейер –ау, бірақ өнер адамының өз есі кірмей-ақ барады. Успех! Какой тебе успех? Самообман!
Август, 2
Әйтеуір біреу жүйкеңе тиеді.Әдейі істейді. Сені ызаландыра алғанына да мәз болатындар бар десе – сенбеуші ем. Рас екен. Иә, адам өз басына түспей нені түсінуші еді! Соның бәрі, меніңше, жақсылыққа тым көп сенуден, тым көп жүк артудан ба деймін. Әйтпесе көзің көріп тұрған жамандыққа неғып сенбейсің?! Қой, ондай болмас дейсің ғой баяғы. Какая глупость!
Август, 3
Ылғи бір мықтылар келді. Неткен қайырымды, кішіпейіл адамдар! Мен сықылды пақырды елеп келгендері үшін... өздерін қалай ұстарын білмеген күйі, кетті-ау әйтеуір. Бір мүсәпірге ескі киімін берген кісі /бітір - зекет/ құсап, жеңілейе күрсінген ағайын шұбап шығып барады. Жетім-жесірдің қайыр - дұғасы дарыса – бұлар жұмаққа баруға тиіс, не әлі де қызметтері жоғарылай түспек.
Август, 4
Әйелдің атына сенім хат /доверенность / жаздым. Я /әйеліме / доверяю деген бір түрлі қызық естіледі екен. Күн ыстық. Сағат 2 мен төрттің арасында ұйықтадым - ау деймін, өйткені, түс көрдім: Ашақтағы қыстаудың күнбатыс жағындағы, Оңай-ақ тікеннің құбыла жағында қатарынан екі малдың терісі сыпырылып жатты. Біреуі анық – қой, қойды көкем марқұм, екіншісін /не мал екені беймәлім / бір бейтаныс жігіт сойып жатқан секілді. Кәдімгідей сирақтайды, артқы тірсегін қиып жібергенін анық көрдім. Бірақ ешқайсысы терілерін сыпырған малдарының іштерін жарған жоқ. Бүгін Нәсіпке ет асып әкел деп тапсырма беріп ем, бәлкім, көкем қойын сол үшін сойып жатқан шығар? Ал, анау екінші союшыға жол болсын! Шығын ба, сырқат па?!
Август, 5
Бес таблетка /тиек - дәрі / дәрі берді. Бұрын күндік үлесім 15-17 тиек жұту еді. Кешеден бері азайып, 10-12 – ге түсті. Тамақ ішуім жаман емес. Бірақ 50 метр жүріп келіп, тамырымды ұстатсам – соғысы жиілеп кеткен боп шығады. Мұндай да ит ауру болады екен: еш жерім ауырмайды. Ұйқы ма? Ғұмырымда ұйқы көрмеген кісідей болып ұйықтаймын. Темекіні 20-нан бері шеккенім жоқ. Сірә, о досты енді қайтып жолатпаспын деймін.
Август, 6
Сағат 4 пен 5-тің арасында қарадан қарап отырып терледім. Қысылған, тынысым тарылған сықылдандым. Телевизор тұрған жерге барып ем, тезірек /жеделірек / жүріп кеттім бе – кім біледі. Ендігі қалған ғұмырдың бәрі осылай, үбектеумен өтетін болса –о ғұмыр ғұмыр болып көктетпес.
Өткен түнгі ұйқым нашар болды. Есесіне, бүгін күндіз ... әй, қатырдым - ау.
Исмаил - аға Юсуповты көрдім. Сыртынан. Жұрттың ол туралы айтқан әңгімелерін естідім. Меніңше, бұлардың бәрі түсіп қалса – осындай болады, адам /личность деген мағынада / ретінде түк құндары жоқ. Деятельдер емес, карьеристер ғана. ЦК-ның бірінші хатшысында әйтеуір бір қасиет болуы керек емес пе.
Август, 7
Талай күннен бері әне жауады, міне жауады деп жүрген жаңбырлары - өткен түнде басталды. Ғажап салқындық, бір рахат самал еседі. Әй, бір ұйықтадық - ау.
Түскі астан кейін де ұйықтармын - ақ деп ем, болмады: екі қара шыбын емешемді құртып бітті. Тұмсығымнан бастап, кірпігіме шейін қонып шықты.Бірер газетті қатты шиыршықтап алып, ұрып та өлтірмек болдым. Дегенмен, өзіңнің адам болар – болмасыныз әлі белгісіз бола тұрып, шыбын да болса тірі мақұлыққа қазауаттық ойлаған ұят секілді көрінді. Әрі ... Менің екі бірдей сыншым болып еді. Олар да осы екі шыбын сын - ды мазамды алған болатын. Ол екеуі де тірі жүр ғой, мына екеуі де тірі жүре берсін деген ой келді. Жалқау кісінің Гуманист келетіні рас. Кейде қорқақ кісі де Гуманист.
Август; 8
Кітапханаға бардым. Кітаптардың қойылу, жиналу тәртібі қызық екен: Абай, Ахтанов, Ахметов т.б. тәрізді фамилия мен ат шатыс, бәлкім заңды да шығар. Өйткені, Абайды Құнанбаев деп, /баспадағылар / кітаптарының мұқабасы / болмаса ешкім айтпайды ғой. Сондықтан Сейтжан Омаровтың кітаптарының «С»-да да, «О» -да да жүргенін кешіресің. Бірақ көбіне-көп әріптердің бұзылғаны және «А» тобында «Қ» -ның, т.б. әріптерден басталатын есі - фамилиялардың басқа бір әріп тобында жүргені көзі үйренбеген кісіге ерсі екен. Түк береке жоқ. Кафканы «Переводы с французского» деген жерден таптым: Кафканың аты Франц қой. Содан ол Австриясын тастап, Францияға көшіпті.
Август, 8 – 9
Менің бұл жазбаларым күнделік те емес шығар. Бірақ мұндайды жазуға бір дағдыланып алған кісі – қоя алмайтын болуы кәдік. Өйткені әр күннің бір-бір бет ақ парақ сықылды – толтырғың келеді де тұрады екен. Мен де солай болып барам. Мәселен, бүгін – 8 август күні – не болды, не жазам? Ештеңе де болған жоқ. Айтпақшы, маған асханаға өз аяғымен барып тамақ ішуге рұқсат етті. Бұ да әрине мен секілді әр адымын санап алып жүрген кісі үшін, оқиға. Әйткенмен, бұл жазуға татитын оқиға емес. Жазуға тату үшін оқуға тату керек. Менің тамақты қайдан, қалай ішкенім кімге керек дейсіз!
Август, 10
200 м. жүруге рұқсат алдым. Мен бұл өлшемді қате түсініппін. Бір жүргенде 200 м. жүреді екем десем, күні бойына жүретін жолым /балконға шығу, асханаға, т-ке бару т.б./ осы болып шықты. Мен сықылды аяқ-қолы сау кісіге 200 м. не болсын! Әрі телевизор көруім керек.
Біздің редакцияның кісілері келіпті. Келгендеріне рахмет. Мен бастықпын ғой. Ал, егер қатардағы /өздері сықылды / біреу болсам ше? Сонда өстіп тобымен клер ме еді? Әрине, өзім редакцияның кез-келген қызметкері ауырса – ұйымдастырып алып барам, алып барып жүрдім. Жо – оқ, бұл өзінен басқаның адамшылығына, адалдық, жолдастық т.б. сезімдеріне күмән келтіру емес. Мен өзімді көз қарасы ескі, түсінігі де әжептәуір көнерген адам санаймын. Ал, көз қарасы, түсінігі жаңа жұрт жолдастықтың өзін – керегіне қарай түсінеді, парызының өзін пайдасына шағады. Ауыр, бірақ шындық. Амал қанша. Солай, достарым!
Август, 11
Кеше кешке қарай Әбіш пен Клара кіріп шықты. Тахауи, Хамит, Естөре, Әбу-шал, Қалтай... бұлар да бір-бірден /ең азы / келіп кетісті. Жалпы, мен ауырсам ... ауырғандағы беделім – мынадай, өлсем, тіпті, мықты болам - ау деймін. Әттен оны тек /өзімді, беделімді / өзім көре алмаймын ғой. Бұ да бір өкінішті жай. Қай қазақ не біліп жүр.
Түнде телевизордан ядролы қарудың қауіптілігі туралы дискуссия болды. Сөйлеушілердің бәрі шешен екен. Әттең, іс жүзінде – тіл емес, қол шешен болса ғой – сол айтылғандар іске асып жатса... Пайдасыз жиналыстың көптігі содан. Сөйлеп кетсе – бәрі дұрыс айта алады, бірақ сөз жүзінде. Біздің Жазушылар Одағының жиналыстары да сондай ғой: ақылды сөз көп, ақылды іс жоқ. Барлық қасірет – қоғамның көзіне түсу, болып көріну т.б. Абай айтады ғой: «...десін, десін деп жүріп, демесінді ұмытып кетеді».
Ат-шапаннан кем көрме
Біреу атын қойса қу дейді.
Мұны Абай айтады. Күні бүгін Абайдан актуальды ақынды көргем жоқ. Дәл түседі - ау, дәл түседі. Бір құрдасым /менің/ терең, өте күрделі, ойшыл кісі боп көрінем деп отырып – ұйықтап қалды. Тентек, шадыр. Сотқар болып көріну – «қаламгерге» кірген көп қаламгердің алдарына қоятын мақсаты сықылды. Шын ақылы бар адамдар анау-мынау ақынды ақымақ етеді. Ерсілеу, есерлеу бірдеңе істесе ө ештеңе етпейді, ақынның мінезі ғой деп, өп-өтірік кешіре салады. Какая глупость! Ақынның мінезі ең алдымен өлеңіңде, сонсоң өміріңде /іс-әрекетінде\ көрінер болар! Жүз грамм ішіп, біреуге жұдырық түю – ақындық емес, ақымақтық.
Неге біздің поэзия орталық аренаға шықпайды? Абай аударылған жоқ. Махамбет аударылған жоқ. Қасым аударылған жоқ. Аударылғандар; С. Сейтхазин, М. Айтхожина, Ж. Молдағалиев /ең мықтысы /, Қ. Жұмағалиев, Ө. Күмісбаев, Т. Әбдірахманова, Х. Салыхов, Ә. Жәмішев, Е. Әукебаев т.б. Алдағы жылдары Жазушылар Одағының Басқармасы А. Шамкенов, Г. Сейлжанова, Қ. Баянбаев, Ә. Райымбековтерді аударту үшін Москвадан ақындар шақыртып, жанталасып жатыр дегенді естиміз. Евг. Евтушенко сықылды біреу мұрындық бола қалса, кім біледі, жоғарыда аталғандардың ішінен де біреулер мықты болуы әбден мүмкін. Сондай мұрындықтардың арқасында бізде Олжастың өзіне сынар шекесімен қарайтын ақындар шықты. О, соры қайнаған қазақ жыры! Сенің бағың ешқашан ашылмас. Қазақ өлеңің аудармақ болған орыс ақынының көзіне тек қана ақша елестейтін шығар. Өйткені, қазақ өлеңіне жоғарыда аударылған ақындардың деңгейімен қараған кісіге ақшадан басқа не керек? Ал, жұртқа бәрібір. Аударуға оңай, тек ақшасы бар өлеңі болса – ондай ел Қазақстан болмағанда кім болады? Кітап оқыған жұрт қайсыбір сөз, сөйлемдердің астын сызып оқиды. Мұндай әдет менде де бар. Бірақ мен кейін бір керегіме жарату, цитатқа алу үшін сызам. Өлеңімді, не мақаламды басқа біреудің /онша дуалы болмаған күннің өзінде / аузымен беркіту, санасы сырғақтау, өзіне-өзінің сенімі жоқтау / аздау/ адамға жеткізу, көбіне-көп ойымды шыншылдығына өткізу үшін, цитата алам. Себебі, өз талғамы, пікірі жоқ адам – кітап сөзінен /бұ жерде әйтеуір бір кітаптан алынған цитата / басқаға сенбейді. Менің жазып отырғанымның да кітап екенін де шаруасы жоқ. Қайран халқым ай.
Фантастикалық әңгімелер жинағын оқыдым /виток истории / көп беттер сызылыпты. Таң қалдым. Сызған тұстарын қадағалап, не үшін олай еткенін түсінуге тырысып ем – болмады. Ешқандай мақсат-мүдде жоқ сықылды. Әйтеуір сызу үшін сызған сын - ды. Сызып оқитын жұрт оқымыстылығын көрсету үшін солай етеді деп ойласа керек. Қазақтың психологиясы.
Август, 15
Тағы да жүз метр жүріс қосты. ЭКГ-ге екі мәрте салды. Емшілердің қас-қабақтарына қарағанда, әзір өле қоятын түрім көрінбейді. Бұ жердегі дәрігерлердің мені қарап жүргендері /басқаларын қайдан білейін, бірі де солай шығар / өте аяулы халық: қан қысымы, ЭКГ қорытындысы т.б. қорытынды - көрсеткіштер жақсы болса – жүздері жадырап жүре береді. Мен кейде жүрегімнің ауырғаның /тым жанға батып жатпаса / жасыруға тырысам. Аяймын. Бір жерім ауырды десем – дәрігерімнің қабағына үш-төрт жерден әжім түседі. Қиналады. Әрі аяйсың, әрі сонысы жаныңа жағатын тәрізді. Өз ауруың арқылы біреуді аракідік қинап та қойғың келеді. Әрине әйел дәрігерді. Сұмдық эгоист жұртпыз ғой.
Түнімен ұйықтай алмай шықтым. Қайдағы бір ойлар әлденендей ұсақ тісті мақұлық боп жанымды кеміріп бітті. Қайта-қайта балконға шығам: жел жоқ, ауа да тымырсық. Аулада әлдекім ыңырсып ән салған тәрізденді. Өзім емеспін бе?
Бала кезімде ән салған жұрттың бәрі қуаныштан, көңіл күйінің шарықтауынан салатын тәрізді еді...
Күн шығыс жақ аспанының қабағы бозарғанда барып, төсегіме қисайдым. Таңертең 9 жиырмада әрең тұрғам, жұрттың бәрі мені аса көп ұйықтайтын сирек адам ретінде қабылдайтынын байқадым /бұрын да бірнеше мәрте осылай болған еді /. Жұрт ылғи жаңсақ түсінеді. Жаңсақ түсінгеннен /немесе / шала түсінгеннен түк түсінбегеннің өзі артық. Бұның бәрі сөз емес сөздер, бірақ шындық. Амал қанша, жазушы да кейде шынын айтуы керек қой.
Тұңғыш рет лифтіге отырып төменге түстім. Лилия Альбиновнаға сәлем берейін деген оймен реанимация бөлімшесіне өтіп бара жатыр ем, не әйел, не еркек, не сары, не қара, не шал, не бала деуге болыңқырамайтын біреу тоқтатып алып:
- Вы к кому? – деп сұрады.
- Чаң пұң мең кардиал Алму-таң – дедім.
- Ол: Ымм, ага – деді.
Лифтімен түсіп, лифтімен шығуға ғана рұқсат етеді. Тәртіп жағы /әсіресе мен үшін қаталдау/ бұрынғыша қадағалайды да жүреді. Бірақ қай тілде сөйлеймін десең - өзің еркің, әлгі айтылған құсатып «қытайша» сөйлеп жіберсең де, ылғи оқыған адамдарға не жетсін, түсіне салады. Чаң пұң, кардиал Алму-таң.
17 август
500 метр жүрдім. Әуелі ЭКГ-де бір ауытқу болды. Үлкен доғдыр келгенше қалғандары шеше алмайтын бір мәселе болғанын түсіндім. Үлкен доғдыр, әрине, рұқсат етті. Чистое психологическое соображение: жібермей қойса /500 метрге/ ЭКГ-нің көрсеткені онша күйлі сурет болмағаны, демек, мотордың халі нашар деген сөз. Мен, әрине, мұны түсінем, уайымдаймын. Осыны болғызбас үшін үлкен доғдыр маған ұрықсат етті. Менің мұны анық түсінгенімді түсінгенде өзі бір түрлі қысылып қалды. Мен: Ничего! Деп қойдым. Жүрек, әрине, менікі ғой.
Өте сезімтал, нәзік жандар бар, баршылық; бірақ күллі карьеристер мен кәсіпқойлар тасқынынан әлгіндейлерді тауып, танып алу оңай шаруа емес. Дегенмен, шын мәніндегі мамандар өз істерінін шеберлері барлық жерде, барлық салада бар екенін ешқашан ұмытпау жөн. Адалдық, білім, талант – лауазым емес.
Бүгін 19 август. Осы жұма мен үшін өте ауыр болды. Өткен Сембі күні Қоныс қайтыс болыпты. Сейсенбі күні жерлегенге ұқсайды. Оны жұрт менен жасырып келген екен, Керей келіп айтып қойды. Өмір деген сол - бәріміз де бір күні бұрқ ете қаламыз ғой, дегенмен өмірдің өзі секілді, өлім де: бақытты, бақытсыз болып бөлінеді деседі. Кім біледі, бізге /маған\ қайсысының дайын тұрғаның...
Қалай дегенмен, қайткен күнде де асықпаса болмайтын секілді. Өз қоңсығыңды өзің жинап, өзің реттеп кеткенге не жетсін! Соларды жинақтап, бәрінің басын қосып – бір жарық көрсетсем... ар жағында ғұмыр болып жатса – тек олжа деп қана санар едім... Бұл итіңіз осындай болады екен ғой. Мені жұрт қиын ақын санайды. 60 – 70 жылдар арасында жазылған жырларда ... есть некоторые неточности. Но, в-основном, я – литератор народный. Тым қарапайым жазам. По-моему, /короче говоря/ вся беда в том, что я как поэт состоялся. Әлгі айтылған «некоторые неточности» дегенді /бірер сөз, бірер жолды/ жөндеп жіберуді жөн көрем. Ал, кейбіреуін восстановить ету керек. Себебі, біздің баспалардың редакторлары /әрине бәрі емес / бүлдіруді, не бүлдіртуді жөндеу редакциялау деп ойлайды. Әттең, осының өзін /осы шындықты / өз басым тым кеш түсіндім. Өзімнен өзгенің бәрін білгіш санап жүре беріппін. Сөйтсем... олар да өзім сықылды оқығандар болып шықты. Немесе, әдебиетке пәлендей жандары ауырмайтын – бұл біздің кездің, әсіресе, қазақ әдебиетінің негізгі қасіреті – адамдар творчестволық атмосфера жасап келеді...
Бәрі /әрқайсысы / өзі, тек өзі «болғысы» бар. Кейбіреулер «болу» үшін жазу, еңбектену /жаман да болса / керек екенін де ұмыт етті. Пысық болсаң «боласың» деген ұғым /неше алуан айла-әрекет /, өз тілінде басылуға жарамайтын шығармасымақтардың басқа тілдерге аударылып, тіпті орталық баспасөз беттерінде тәуір аталып кетуі /бірінші планға шығып тұр /. Ұят-ақ. Көп-көп жазушылар /ақын да жазушы ғой / өзін мақтатқан да емес /рецензияларды өздері жүріп өткізеді екен дегенге... Соңғы бес жылда ғана көзім жетті. Неткен сұмдық! Осыны көріп отырып адам қалай ағынан жарыла алады! Сап! Сап! Ерлік керек! Сен де Бауыржан секілді, өз қолыңнан келгенін істе – қалған жұртта шаруаң болмасын! Міне, мен де нағыз тоғышармын! Ештеңені айтпасаң, қорғамасаң, күреспесең – тұрмыс жайлы, жаның тыныш деген шіп-шикі өтірік сөз! Әйтпесе мен тыныш /благополучие / өмір сүрер едім ғой? Жұрт ғұмыр бойы маған тиісіп келеді. Ал, мен әлі жауап бергем жоқ. Еңбек! Жауаптың да, сұрақтың да көкесі – сол еңбек. Біздің қолдан басқа не келеді!
Әнуар Шманов жүр. Работник ЦК – бывший, секретарь обкома – бывший, зам. министра – тоже бывший. На черта ему нужны были эти лауазымы. Видимо судьба. На самом деле он готовый человек, ученый-эрудит, идеологический секретарь Или наркомпрос, как Луначарский, конечно, при нынешнем «Ленине». Былай ашық /адам ретінде / адам екен, сөйлесу, жақындасу өте оңай. Басшы қызметтерде істегенмен, характер – қарапайым, халықтық. Ел басқаратын-ақ адам. Қазіргі жағдайда мұндай адамдар тек қана доктор, профессор болып, бала оқытып қана жан сақтаулары керек. Әйтпесе... Ленині жоқ жұрт /жер, үкімет / Луначарскийлерді /болған күннің өзінде / өз орындарынан – мәселен, шын идеологтарды идеологиядан, шын ғалымдарды – ғылымнан, шын /мемлекет қайраткері деген мағынада / бастықтарды – басшылық жұмысынан, әдебиет пен өнердің шын қайраткерлерін /жазушы, артист, суретші / халықтан аулақ ұстауға тырысады. Және бұдан оңай ештеңе жоқ. Положениесі жоқ жазушы /әрине қабілетті/ сауатсыз редактор талантты жазушының қолжазбасын /қолжазбасы - өзі, өзінің шығармасы / ит қып жібере алады. Себебі, редактор қол қоймай қойса... әрине, келіспеуге, талқылау етуге әр жазушы құқылы. Бірақ, сол арыз айтқан адамыңыздың, әділет талап еткен адамдарыңыздың әлгі редактордан сауатты, не талантты /талант деген сөзді они терпеть не могут/ екеніне кім кепілдік ете алады. Әдетте талқылаушылар да – положениесі барлардан /көбіне-көп / іріктеліп алынады... Жай әдебиетшінің даусы жоқ деуге болмайды – демократия бар – бірақ түптеп келгенде ештеңе шешпейтін демократия. Анда-санда ашынып жиналыста сөйлейтін жұрт болса... ондайлар қатты ескеріледі. Күн көру де керек. А, система у нас очень хорошая. Социализм – действительно самое лучшее общество... но, кадры решают все деген принцип ешқашан ескірмек емес. Бұл әркімді өз орнына қою деген мағнаны береді. Әрине, оңай жұмыс емес, қателіктер сөзсіз болуы мүмкін. Қызметкерлерді жиі-жиі тексеріп, сынап /сөзін емес, ісін / отыру шарт. Ең орташа /нашар / басшының өзінің парақорлық, саудагерлік, карьеристік т.б. қарсы, құрығанда, қорықпай күресе алатын күш-жігері болуы керек. Бұлай болмайынша, Әнуар Шманов түгілі Бауыржан Момышұлы да қаңғырып далада қалады.
Интересно. Маяковскийді замандастары түсініксіз жазады деп кеміткен екен. Осы ұғым, осы түсінік ұлы ақынның соңынан әлі қалмай келеді. Соған қарағанда бақ - даңқтың өзін әу баста сор - қырсығымен қосып жарататын болса керек.
Август, 26
Біреу келіп /шамасы бастық болуы керек / Сестра - қызға ал, кеп ұрысты, ал, кеп ұрысты. Қыз да үн жоқ. Сестра - қыздың түк жазығы жоқ екенін – ауру да, сау да біліп тұр. Ешқайсы байғұш - қыздың /шындықтың, әділеттің / пайдасына бір сөз айтса ше! Мен де аузымды ашқаным жоқ. Неткен сорлы едік. Мұндай қой - жұртты бағудан оңай не бар дейсіз! Түкке татымайтын адамдардың, бірдеңені бүлдіріп қоймаса /кейде бүлдірсе де / көсем боп ондаған жыл отыра беретіні содан ғой.
«Түссін деп мойынымнан ұлдық парыз,
Жоғарғы орындарға жазам арыз» -
Сәбит Мұқанов айтқандай, арыз жазуға батылы баратын адамдар да азайды. «Арызқой» атану кімге жайлы дейсіз!
27 август
Трамвайдың жолына жақын жерде ғұмыры тұрып көрмеппін. Қарға да, жаңбырға да қарамай жүре беретін көлік екенін білетінмін. Талай нөсер астында малмандай болып тұрып күткенім де бар еді. Бірақ біздің, мына аурухананың жанындағыдай жиі жүреді деп ойламап ем.
Шмановпен шахмат ойнап ем – оңбай ұтылдым. Онда кінә жоқ, ескертті: жүрегіңді ауыртып алма! Жүрегім ауыра қойған жоқ. Какое-то неприятное ощущение было. Менен басқа тағы бір жігіт ойнап еді, о да ұтылып қалды. Содан кейін ғана мен бір жеңілейген сияқтандым. Әй, қызық мақұлықсың - ау, адам, сен!
Бүгін таңертеңгі асқа дейін аурухананы үш айналып шықтым. Әр айналыс – 500 метрден. 500х3=1500м. Одан ертеңгі тамақты ішіп алып, тағы үш айналдым. 500х3=1500м. 1500 қосу 1500=3000 /3 км./ Кешке шейін әлі талай айналам ғой. Әнеугүні өстіп спорттық белсенділігі асыңқырап кетіп, санаторийдан реанимацияға бір-ақ түскен бір азаматқа өлердей күліп едім. Соның кері өзіме келмесе ө әзіргі қарқыным жаман емес.
29 август
Бұл блокнотты тек жазу үшін жазып жүрмін. Жазу үшін ғана жазу деген бола ма дейсіз ғой? Болады! Күн сайын осы блокнотты бір мезгіл қолыма алам: ортаға салар ойым да, жарып бара жатқан жырым да жоқ секілді. Бірақ, әйтеуір осы парақтарды бір аударып, жаман қаламмен бірер сөз түртпесем – көңілім көншір емес. Әріп салуды ұмытыл қалатын тәріздімін. Так что мұның бәрі әдебиет деуден аулақпын. Өлеңдерде /жамап, жасқап, қайыра бір қараса / пайдаға асар бір нәрселер болуы мүмкін. Өйткені... қанша жаман жазсам да – жұрт мені «анау» деп жүр ғой.
Шманов ағам тап осы жерге келгенде бөлмесіне шақырып әкетті. Жеңгей татар болған соң, әрине, Әнекеңнің балдызы да татар болады ғой, со кісі сырты нан, іші – ет, кәртоп, сәбіз т.б. жасалған тамақ әкеліпті. Бір қарасам – еңсеріп, әкетіп бара жатыр екем, өзіміздің үйден де бірдеңе келуі мүмкін екенін ескеріп өз бөлмеме қайтып келдім.
Жалпы, біреудің үйінен біреу тоя тамақ ішу – түбінде емес... қазірдің өзінде де модадан қалып барады. Осыны әлі күні ескермей келе жатқан қазақтар, өз айналамды айтайын, Есенжол, Әбіш, өзім: былайғы оқымысты жұрт тартынып, шегініп бітеді. Ал, арақты бере берсең іше беретін ағайын әлі де бар. Ал, тамаққа келгенде біреудің асқазаны ауырады, біреудің іші кебеді, т.б. Менің енді жүрегім ауыратын болды. Кез-келген дастарханда ауруымды айтпай отыратын өзім едім – одан да қалдым.
31 август
«Наука и жизнь» журналының 5- 8 сандарында академик Амосовтың жазбалары жарияланды. Мұндай жазбаларға пәлендей сене де бермейміз. Себебі, аты академиктікі, заты басқаныкі болатын жайлар көп кезігетінін білгендіктен, пәлендей құлай қоймаймыз. «Өтірікшінің шын сөзі зая кетеді» деген бар ғой. Дегенмен... Амосов жазбалары маған көп ой салды, соны оқу үстінде атақ, даңққа деген ирониялық /кекесіндік / көзқарасымнан айрылып қалғандай болдым. Өйткені, шын маман адамның ішкі жағдайын, психологиясын жазушы болса - әрине, бұдан тереңірек, әсерлірек жеткізер еді. Мынау олай емес. Істеген ісіне, ойлаған ойына әлдекімдерді /оқушыны / сендірейін, иландырайын деген пиғыл жоқ. «Бұл айда мен операция жасаған адамдардың бір де біреуі өлген жоқ». Бар қуаныш - жұбанышы. Қалай түсінсең олай түсін: слово подлинное. Человек! Не только академик.
«Советские ученые, Очерк и воспоминание» деген кітапты да қарадым. Түгел оқу мүмкін емес екен. Бәлкім, ішінде жақсыларының болуы заңды екенін ұға тұра, түгел оқи алар емеспін. Өйткені, бірден бетім қайтып, тауым шағылып қалды. Ландау мен Курчатов туралы түгел оқыдым. Қанша жақсы ойлайын десем де, бұл очерктер туралы ойлай алмадым. Қай абзацты, қай бетті қарасам да - әйтеуір маған керек, не мені иландырар ештеңе жоқ. Былай жұмыс жасады. Еңбекқор еді, айтушы еді, бүйтушы еді, қатал талап қоятын еді, өзіне де, өзгеге де әділ талап қоятын еді, т.б. Мұны мына мен туралы да айтуға болады. Иә, жұрттың бәрі туралы. Не болмаса мынадай атақ берілді, орденге ие болды, сыйлық алды, немесе, қызмет дәрежесі өсті, академик сайланды: жұрт оған мынадай - анадай құрмет, пейіл көрсетті. Біреу бүйтіп, біреу айтып жағымпазданды. Очерктер ылғи осындай фактілердің төңірегіне құрылған. Ландауды, Курчатовты өзінің қай жылдан танитындағы, олардың авторды /естелік жазып отырған кісіні / қалай мақтағаны секілді, түкке татымайтын деректердің маған не керегі бар? Немене, ұлы адам – адам емес пе? Егер әлгі адамдар тап осы авторлар суреттегендей теп-тегіс, жұп-жұмыр болса... олардың ғылыми даналықтарына, жақсы адамдар болғандарына өз басым илана қоймас ем. Общее впечатление: ғалымдардың ғалымдық, кісілік қасиеттерінің бәрі – омырауларына таққан орден, медальдарында сияқты. Мәселен, Ландауың ұлылығын дәлелдеуге оның Нобель сыйлығын алғанын айтса жетіп жататын тәрізді. Глупость! Ғалымдардан гөрі кәдуілгі карьеристерге көбірек ұқсайды.
3 сентябрь
Мен әу баста-ақ сюжетпен, оқиғамен сөйлеуге /немесе мысалдап деуге келер ме екен / бейімдеу едім. Желдің есіп, жапырақтың сылдырап тұрғанының өзіне – адами психология, мінез беруге тырысқаным өз алдына – оқиғалық сипат бердім. Творчествоның бір ғажабы: сен бірдеңені солай етіп жасағың келгенімен, ол мақсатыңа -99 процент – жағдайда жете алмайды екенсің. Ал, аракідік, осыны осылай етейін деп ұмтылған мақсатың орындала қалған жағдайда – ол шығарма болмай шығады. Қ. Мырзаның трагедиясы, меніңше, сол: өз заказын өзінің мүлтіксіз орындай алуы. Мен, мәселен, бір жолды бастағанда, төртінші жолдың /ұйқастың / қалай шығатынын алдын ала біліп көрген емен. Білсем, тура жаңағы айтқанымдай, нашар жансыз шығады.
1960 – жылдардың басында бірнеше поэма жаздым. Оларым, әрине, со кездерге дейінгі жазылып келген / «Сұлушаштан» бастап «Дала қоңырауына» дейінгі / ешбір поэмаға ұқсамайтын еді. Содан шығар поэма деп айдар тағуға қорқып, әнгіме /лер / деп атадым. Оны түсінген адам болған жоқ. Баспа жүзінде алғаш рецензия жазған адамым Қастек Баянбаев болғасын...
Осы күні сюжетті дүниелер жазуға /притча песенно-балладного характера / құмармын. Құмар болмасам да еркімнен тыс /еркімнен тыс десем жұрт сенбейді / солай, сюжет боп кетеді. Мәселен, жел үйтті, жапырақ бүйтті, жол сатқындық жасап, бір тауды бір тауға алғызды деген секілді. 1970-тен 1979-ға дейін өлең жазғам жоқ, немесе почти / «Жеті бояуда» жаңадан жазылғандары «Алдар көсе», т.б. бірер он өлең / жоқ, бұрыннан жатқан кейбіреуі алдыңғы кітаптарға өтпей қалған өлеңдер болатын. 1980 жылы «Шуақ» шықты. Содан бастап газет, журнал беттерінде де мол - мол боп шыға бастадым. Қазір жұрт мен туралы: «бұ қайдан шықты» деген сауалдан, соған жауап іздеуден ауыса алмай жүр. Вознесенскийді аударды – содан шықты ма, Евтушенконы көп оқушы еді – содан шықты ма? Әлде Мұқтар мен Қадірдің бірінен шықты ма? Нәжімеденов қалай өзінен өзі шыға қалады? Әйтеуір «шығуы» керек еді ғой? Неткен сауатсыз жұрт! Мен осы топырақта өлең жазған қай замандасымнан болса да бұрын шықтым ғой? Мен шыққанда /»Балауса», 1961/ әдебиетте Төлеген, Мұқтар түгілі Мұқағали, Қадыр да жоқ еді ғой? Бұл – бір. Екіншіден, менің сорым /бәлкім, бағым да шығар / қанша ұқсайын, еліктейін, алайын, үйренейін десем де –қолымнан түк келмейді. Тіпті, аударманың өзі, рухын, ырғағын, ой - бояуын қаншама сақтайын десем де – бәрібір өз өлеңім болып кетеді.
Өткенде бір жігіт / ақын / менің Вознесенскийден аударған өлеңдерді мақтай келіп, «точно аударма екен» деп қорытты. Ақымақ! Там Нәжімеденов больше, чем Вознесенский. Мен шынымды айтсам, өзіме - өзім тәнті боп көрген кісі емеспін. Соның ішінде аударма... кімді аударсам да /Бартоны мен аударғам жоқ, бір жолын да аударғам жоқ, жолдастар өздері аударып, ақшасын мен арқылы алған / өзім болып шыға келем. Ал, біреу оригиналдың аузынан түскендей, аумай қалады. Ғафу аударған Мақтымқұлы, Қадыр аударған Расул Ғамзатов сондай дүниелер. С. Есенинді Қадырдан гөрі Ғафу жақсы аударды. Олжастың поэмасын Темірханға аударту керек секілді /әттен, культура /. Сергей Есениннің қайсыбір жолдары Мұқағалида жүр дегенді Оразбек айтып еді. Қарап көрсем, рас екен. Назым Хикметті - Әбішке аударту керек. Мен аударып, шығара алмадым: Хикмет түгілі, Нәжімеденов те шықпай қойды. Қолдан келмесе – амал не.
Қалай дегенмен, Андрей Вознесенскийді қазақша оқуға болады. Керек.
1982 жылы «Советский писатель» жинағымды шығарды. Бұдан артық нашар аударма болуы мүмкін емес. / Біз /, өзімде бармын / ешбір елдің ақынын бұлай қорлаған емеспіз. Мендегі төрт жол өлеңді А. Юдахин он алты жолға жеткізген. Сөздердің белін сындыра берген, сындыра берген. Ақша тауып отырған /бәрімізде табамыз ғой, дегенмен.../менің досым Қайрат Жұмағалиев секілді. О кісі Маяковскийден де көп сындырады. Жарасқан екеуі. Бірақ ептеген мағына, ақындық күш-қуат деген секілді ұғым-түсініктерді сызып тастаса – екеуі де ешкімнен кем біз деп жүрген жоқ..
«Жалын» баспасының директоры баяндамасында: «Біз былтыр жаңадан бұрын аты белгісіз 30 талант ашып ек, келесі жылы олардың санын 40 - 50-ге жеткіземіз деп отырмыз». Міне біздің творчестволық мекемелердің басшылары партия мен үкіметтің творчестволық жастарға жасап отырған қамқорлығын тап осылай түсінеді. Күлесіз бе? Жылайсыз ба? Екеуін де істей алмайсыз!
8 сентябрь
Көктемде әр дүкеннен таныс іздеп жүріп, әйтеуір бір аяқ киім таптырып едім. Бәтіңке - әдемі, түсі қара болды. Бірақ сырты әдемі болғанымен, іші нашар, екі сағат кисең - өміріңді екі жылға қысқартатындай азап көрсетеді. Бүгін сұрасам әйел: «сатып жібердім» дейді. Расында, ғұмыры аяқ киімге жарып көргем жоқ. Әсіре соңғы кезде. Бірақ киген соң /бұрынғы кезде / кеңіп аяғым үйреніп кетуші еді. Қазір олай емес: киген сайын қыса түседі, «кеңіген» сайын кию мүмкін болмай барады.
Дүниеде талай адамның аяғын етік қысқан шығар. Әйтпесе: «дүниенің кеңдігінен не пайда, аяқ киімің тар болса» деген секілді сөздер тумас еді ғой.
Менің аяғым онша үлкен де, кіші де емес. Орташа ғана: 40 размер кием. Бірақ сол қырықтың кез - келгені маған аяқ киім бола бермейді. Ілуде біреулері ғана. Ондай жалғыз-жарым аяқ киімді /етік, бәтіңке, сандал\ мен қайдан таба берейін.
Жалпы, маған кез – келген /әрине, өз размерімнің / бәтіңке шақ келуге тиіс еді. Заурядный адамдарға размер таңдаудың /размер ішінен размер таңдау деген мағынада / қажеті бола бермейді деуші еді. Мен өзімді жай кісілердің /ептеп қабілетім болуы мүмкін / қатарына қосам. Егер аяқ киім таңдау, бәтіңкенің ішінен /арасынан / бәтіңке таңдап кию – адамның өзіне ғана тән қасиеттеріне /личность деген мағына / байланысты болса мына адамдарға ешбір елдің стандарты /размері / сай келмесе еді: Гомер, Данте, Шекспир, Байрон, Петр-1, Наполеон, Маркс, Ленин, Ньютон, Абай, Маяковский, Махамбет, Тәуке - хан. Тым асыра сілтеп жіберген жоқпын ба? Нешауа! Әбілхан ағам айтқандай, айтылып кетті. Я думаю, Байронға арнап /көп ақын соның жеңінен түсті ғой /, етік тіккен, не Маяковский үшін әйтеуір киім жасаған адамға... ией, солар да кімге не қызмет көрсетіп жүргендерін білді дейсіз бе! Так что, кез-келген инструктордың аяғына дәл келген аяқ киім маған да үйлесуге тиіс еді. Қалай дегенмен, инструкторға қарағанда аяғымның ептеген айырмашылығы болуы керек... аузы-мұрны жоқ жаман кебісімнің өзі аяғымды қажайды. О, құдай!
Түнде «Сыщик» деген киноның 2-сериясы болды. Біріншісің алдыңғы күні ұрланып – жырланып дегендей, әйтеуір бір амалын тауып көріп едік. Екінші /жалғасын / серияны көре алмадым, /көре алмадым деген жаман - ақ тіркес /, көпшілік көрсетпеді. Хоккей /СССР – Венгрия/ болады екен. Маған батқаны бір шығарманың басын көріп, аяғын көрмегенім де емес. 1. «Сыщикті» көргенім жоқ деп, ешкімді сендіре алмадым. 2. Әлгі Хоккей көреміз дегендер – шын мәніндегі жан - күйерлер болмай шықты. Себебі, екінші тайм біткенде есеп 4:0, біздің пайдамызға шешіліпті. Содан кейін әлгілер: жеңдік қой деп тарап кетіпті. Егер шын жан – күйер болса ешқашан олай істемейді. Өйткені оларға керегі, әрі-беріден соң, жеңіс те емес, ойынның қызығы болуға тиіс. Видите, у нас даже многие болельщики ненастоящие. Менің «Сыщикті» көремегенім рас еді. Ана бөлмеде балалар көріп жататын. Телепрограммадан да оқығаным бар. Бірақ көрудің сәті түспей-ақ қойған. Детектив қой деп менсінбегендіктен емес, жоқ әйтеуір бір сәті келмеді. Бұдан: 1. «Сыщикті» көрдім десем, 2. Хоккейге болельщик болсам, вернее болып көрінсем, сөйтіп, қып-қызыл өтірік айтсам, жасанды қылық көрсетсем – жұрттың бәрі сенер еді-ау деген қорытындыға келдім. Тағы бір мәселе. Бізде «детектив» десе – біраз жазушылар мұрындарын шүйіріседі. Бұрынырақ кезде өзімде солай қарайтынмын. «Ақ шағыл», т.б. прозалық кітаптарға, меніңше, тек қана сол /оқиға - сюжет/ детектив жетпеді. Детектив деген көркем шығармаға ауадай керек /егер ол оқиға болса /. Мысалы: Шекспирдің «Асауға тұсауы» - детектив емес пе? «Капитан қызы», «Преступление и наказание», «Собор Парижской богоматери», «Тамянь», «Крейсерова соната» даже и мн. мн. другие. Мәселе оқиғаны кім қалай пайдаланады. Бүкіл Конан Дойл – детектив! Бірақ қандай детектив... Бұл тақырыпта талай тәулік сөйлесуге болады. Қысқасы әлем әдебиетіндегі ең беделді шығармалар, ең алдымен, оқиғаларына бола өлмес дүниелерге айналды. Ал, Паустовскийлер онша көп болмаған.
Детектив дегенің өзін, сөз, термин ретіндегі мәнін де тым тар мағынада түсінбеу мақұл. Детектив болу үшін – кісі өлімі, сұмдық қылмыс, ит ұстаған милиционер, не қазіргі заманның Шерлок Холмосын ойлап шығару /комиссар Мэгреге ұқсатып / міндетті емес. Жорж Сименон – жақсы жазушы. Психология, характер ашу т.б. көркем әдебиетке керекті жапырақтардың бәрі бар. Ал, Конан Дойл кейде тым жалаң, жалаңаш детектив секілді көрінеді. Әйткенмен Конан Дойл Сименоннан әлі де әлдеқайда биік тұр. Бәлкім, уақытты, соған орай адамдары «биік» шығар? Неге? Мен қайдан білейін! Екеуін қайталап, тағы да бір-бір оқып шығып, салыстырып, өзің де бір ойланып көр. Меніңше, детективтің /детективтік шығарманың дегенім ғой / шыңы – «Золотой жук» - өгіз де өлмейді, арба да сынбайды. Сөйтсе де, қандай ғажап, а? Сила и мощь, блеск гениального духа. Гигант! Психологизмнің де, романтиканың, реализмнің де көкесі – сонда Эдгар По шығармаларында. Бірдеңе деген экскаватордың аспанға ұшатыны – фантастикада емес пе? Жалпы, батыс, әсіресе ағылшын әдебиеттерінің әрбір талантты өкілі өздері әрбір тәуір деген шығарма жазған сайын Эдгар Поға жарна төлеулері керек!
11 сентябрь
Түнде «Гонцы спешат» деген фильм көрдік. Тарихи шындық. Авторлар да /сценарист, режиссер / соған тарихи фактілерге сүйенген. Дәуір шындығын неғұрлым тереңірек, молырақ қамтуға, көп айтуға тырысқан екен. Негізгі екі тақырып, екі желі: а/ үш жүздің қазағының басы бірікпейінше, қазақ, қанша қомпаңдағанмен, ел болмайсың! б/ Қазақ сықылды жері кең, өзі бай, саны аз /салыстырмалы ұғым / халық әйтеуір бір мықтыға арқа сүйемесе – күн көру мүмкіндігі жоқ. Мұның бәрі дұрыс картинаны жалпы көруге, көрсетуге болады. Жаманқұлов Әбілхайыр - ханға / сәл мойны жіңішкелеу демесе / ұқсайды. Сөзі де тірі, қимылы да ширақ. Фильм лентасынан өте аз берілген орынның өзінен көрушілер әжептәуір әсер алып қалады. Тақырып өте ірі. Оқиға, ұрыс-соғыс, талас бар - бәрі ұсақ секілді. Қылыштардың сілтестерінің өзі – балалардың ойнап соғысқан соғыстары сияқты. Батырлардың жекпе-жектері, қоян-қолтық келгенде жұмсайтын күш-қуаттары осындай /сондай / болса Әнекең /Әнуар Шманов/ екеуміз де біраз жауды «қыруға» жарап қалар едік. Ең ірі кемшілік осы: кісіні /көрушіні / сендіре алмаушылық. Жұрттың бәрін /опять-таки / ақымақ санаушылық. Так долго рассчитывать на неосведомленность – глупость людей – мы не можем. Мұндай жауапкершілікте артистер алдымен: 1. атқа отыруды, 2. қару ұстауды, 3. оқ тигенде дұрыстап құлауды үйренулері керек. Шауып келе жатқан жауынгердің қазір /оқ тиіп / құлайтыны алдына - ала белгілі болып отырады. Әрине, әрбір артист әрбір «өлген» сайын шынымен өле берсе – киноны көретін де /артистер де көрермендер арасынан шығады ғой /, түсіретін де кісі қалмас еді. Мұны түсінеміз. Дегенмен... Асанәлі Әшімов – түгелімен нанымсыз, жасанды, қыз бен екеуінің арасындағы қарым-қатынас күп - күрең өтірік. Сондықтан әлен-пәлен деудің өзі артық. Тағы бір артық кісі – орыс. Елшінің түрі. Әрі нақ осы фильм үшін бүтін жерге жамау жапсырғандай, керексіз. Саяси-әлеуметтік мәні бар нәрсеге бүйтіп «ойнап» қарауға болмайды. Хандардың «кабинетінде» өзіміз күнде көріп жүрген кеңселердің ауыз – үйлерінде жататын дорожкалар. Әрине, бұдан пәлен ғасыр бұрынғы төсенішті таппадың демейміз ғой. Дегенмен... Деталь. Ұсақ. Бірақ онысыз, оған дұрыстап көңіл аудармасаңыз – құрығанда күлкі боласыз! Иә! «Біткен іске мінші көп». Біздің мақал-мәтелдеріміздің ішіндегі ең оңбағандарының бірі – осы: әлгі айтылған «көп міншінің» ішінде шын мінші – сыншының ақ жарылып айтқан сөздері құнсыз боп қалады. Өнерге - өтірік нәр боп жүріп жатқан бір тірлік.
Шығып тұр ғой бүгінде
Қасым деген бір ақын.
Осы болар түбінде
Енелеріңді ұратын.
Қасым аға өтірік айта алмаған ғой. Бір кезде осы жолдар маған мақтаныш сықылды көрінетін! Ақымақтық қой. «Байқал», «Ақын өлімі туралы аңыз» т.б. шығармаларды Қасымның замандастарынан, әрине ешкім жаза алған жоқ, бізде жаза алмадық. Бізден кейінгілер де жаза алмайды. Жо - оқ , жақсы дүниелер болған, бар, болады. Бірақ бәрі басқаша. Там вкус поэтов Того времени, и еще уникальность аманжоловского стиля – все это раскрывается, особенно, в названных произведениях. Он встал в этих произведениях во весь рост. Вот, почему я считаю его самым крупным поэтом послеабаевкого периода. И, к нашему сожалению, эта оценка по сей день остается справедливой, единственной.
Жеке адам /личность /- Алматинка өзенінің ортасында жатқан дөңбек тас секілді: есуас көк-сулар сол тасты домалатып әкетем деп әлек. Ал, ақылды ағыстар – айналып өтеді.
Әрине, бір кезде сол дөңбек тасты да ағыс, су екпіні әкелген. Бірақ ол үшін уақыттың талай иоғандары толып, мейманасынан асуы шарт.
23 сентябрь
«Қаз.Әд.» газетінде жүрек емес, жүрегім – майдан алаң /нашар ат/ деген өлең шықты. Жақсылық пен жамандықтың бітпейтін күресі туралы талай жырланды. Жұмбақ болып та құрастырылды /Нұржан мен Сапарғали айтысы /, күн мен түнге, мезгілдің екі аяғына теңеліп те айтылды. Базар Мамыров дегеннің өлеңі соның бәрінен мықты. Сонша ескі ойды /әбден сары жұрт болған / осынша жаңаша етіп жырлауға мүмкіндік еткен – форма. Біз кейде ойымыз, образымыз, идеямыз т.б. қуып кетіп формаға мән бермейміз. Осал жеріміз осы.
Өткен Сембі /24 - сентябрь / күні қайталап қалдым. Содан бір күн бұрын, Базардың жақсы өлеңімен рухтандым - ау деймін, таңертеңнен кешке шейін жұмыс істеп ем, Сембі - соның ертеңіне – стадионға барып артық, батыл - батыл жаттығулар жасадым: кейде адам ауруын да ұмытып кетеді екен, менікі тура сол, әйтпесе шамама қарамаймын ба! Қысқасы со күні стадионнан туралап үйге әрең жеттім. Шайға – стол басына енді отыра бергенімде мұздай тер құйылып кетті: белгілі жай, таныс түйсік. Қайталады ма екен? Кім біледі, әйтеуір бірдеңе болды. Ертесіне келген дәрігер /Ирина Николаевна / жедел жәрдем шақырту жөн еді дегенді шын ниетімен айтты.
Инфаркт - менің ауруым, бірақ, егер тірі қалған жағдайда: сақ, «екі шоқып, бір қарайтын» кісіге келіңкірейтін жерлері көп көрінеді. Мұндай мінез мен де жоқ қой, мінез де емес, ауру бағу, режим күзету үшін де табиғат, талант керек. Ол таланттың № 1 қасиеті – сақтық болуға тиіс. Сонсоң, қылмыс жасап қойған адам секілді, ылғи да қыл үстінде отыру шарт. Қашанға қыпылдатады?
6 октябрь
Кеше дәрігерге барып едім.Көк қағаздың мерзімін ұзартып қана берді. Сонсоң сұрақты жаудыртып-ақ берді. Жасың нешеде, қалай ауырдың, қашан ауырдың т.б. қалай, қашаңдардың астына алды. Тек қашан, қалай өлу ойыңыз бар деп сұрамады. Оған да шүкір! Өйтіп сұраса не жауап айта алар едім! Әйтеуір, емтихан берген оқушы құсап қиналмай, кідірмей - мүдірмей жауап бергеніме мәз боп шықтым.
Соңғы күндері ұйқымның нашарлаңқырап жүргенін айтсам – ол маған жындыханаға түскендер ішетін дәрі жазып беріпті. Сірә, мені ақылы кемдіктен ауырып жүр десе керек! Егер ақылы кем жұрттың бәрі сол ақылдың кемдігінен ауруға шалдығатын болса... біраз жерлерді жауып, орнын ауруханаға айналдыруға тура келер еді. Әрине, бұл тек қана біздің қаланың, не республиканың, Одақтың ғана хал-жайы емес, күллі дүние жүзінде солай болуы тиіс. Мен социолог те, обществовед те емеспін. Дегенмен...
Чилиде – ақылы жоқтар ел басқарып, ақылы барлар түрмеде отыр. Ол жақта есіңнің дұрыс екеніне көзі жетсе – табанда атып та тастайды екен. Біздің ел шүкір, шүкір ғой, кеңсеміз – кеңсе, ауруханамыз – аурухана, содан да, жындымыз – жынды, сауымыз – сау. Сонымен, ол дәріні, әрине, мен ішкенім жоқ. Бірақ дәрігерге сенбеуге де ешқандай негіз жоқ, кім біледі, ол кісі де бірдеме сезген, шамалаған шығар, бәлкім бүгін жынды болмасам – бүрсүгіні болатыныма көзі жетіп отыруы мүмкін ғой деген оймен, дәріні қоңыр - салқын, қара көлеңкелі жерге сақтаттырып қойдым. Сөйтіп ем – түнде жақсы ұйықтадым...
14 октябрь
«Советская Россия» газетін алдым. Юрий Кузнецовтың интервьюі жүр. Речь идет о составлении альманаха /ежегодного/ «День поэзии – 83». Юра хвалит одного молодого человека, «талант которого необычайно ярок». Его фамилия Лапшин Виктор. Интересно. И сейчас /сегодня/ люди могут говорить о таланте отдельных поэтов. Даже тогда, когда речь идет о Вознесенском, кое-кто не хочет вспоминать о существовании этого слова, странно. Поэтому, лично я не верю некоторым поэтам, чьи интересы не совпадают с общечеловеческим интересом, духом общечеловеческим, иными словами: Юрий слишком русский. У него широкий лоб, а взгляд узкий. Пушкин, Лермонтов, Маяковский! Они были тоже русскими поэтами. Но намного шире, чем это понимает мой друг Юрий Кузнецов, я конечно не читал Лапшина, но зато…читал стихи Людмилы Кудрявской. Мне кажется, у нее есть вдохновение. Стихи писать, даже лучше писать, я думаю, можно. Но как их опубликовать, Цензура тут ни при чем! Нет злее неудавшихся поэтов» / Петефи/, почему-то и у нас не меньше злых людей, чем это было в петефиевской Венгрии.