Маржан Зинелқызы
Жұмекеннің атасы Нәжімеден Стамғазыұлы (1882-1955 ж.ж.) Дыңғызыл-Қошалақ елді мекенінің Қуат деген жерде дүниеге келген. Руы – қоңыр бөрік алаша, Қалматайдың Тоқпаны. Әжесі – Қайып қызы Стамғазы келіні Бақытжамал (1886-1975 ж.ж.). Ол кісінің руы – шумақ шеркеш. Әжеміз 12 құрсақ көтеріп, 5 ұл, 7 қызы болған. Сәбилері көп шетінеп, баласы тұрмаған. Мағыпер (17 жасында), Сәбитолла (4 жасында) деген екі ұлы адам болды деген кезде қайтқан. Тек Сабыржаны ғана тұрған. 7 қыздың төртеуі сәби кезінде шетінеген. Мен Сабыржанның тірі қалған үш қарындасының үлкені Мүлкимадан тудым. Жұмекеннің арғы аталары Қалматай – Тоқпан – Берлібай – Қартпенбет (жырау) – Таңқай – Стамғазы – Нәжімеден – Сабыр – Жұмекен боп келеді. Осы әулеттің жалғыз ұлы, Жұмекеннің әкесі Сабыржан 1939 жылы 15 мамырда 25 жасында әскерге алынып, 1941-42 жылдары соғысқа түсіп, хабарсыз кетеді. Зайыбы Мүслима (1915-1986 ж.ж.), руы – есен беріш.Үш баламен ата-енесінің қолында қалады. Жұмекеннің анасы Мүслима өте көрікті, биязы, еш адамның бетіне қарсы келмеген, балажан адам екен. Ал Нәжімеден қарт аққұба, ірі денелі, көзі қысыңқылау. Бақытжамал әже қызыл шырайлы, бүйрек бет, қабағы биік келген кісі. Атақты Қартпенбет жырау Нәжімеден қарттың үшінші атасы.
Жұмекеннің әжесі қыр басына мал қарап шығып тұрып, немерелері жанында, ұршығы қолында, «Қоңыр ән» деген әнді салып, жылап тұратын көрінеді. Әлбетте, хабарсыз кеткен жалғыз ұлдың қайғысынан ғой, немере-жиендері бетіне қарап тұрып, бұлар да жылайды. Ол кісінің неге жылайтынын балалық сана мүлдем түсінбесе де, әжелерін аяғандықтан жылайды ғой. «Қай күнім, мына күнім, өтті-ай күнім», - деп басталатын бұл өлең ананың ішкі көңіл-күйімен қабысып жататыны да шындық. Сол қайғыдан ол кісі қан құсыпты деседі. Нәжімеден қарттың үйіне қонақ көп келетін, береке қонған шаңырақ. Сол күні де бір топ адам үйге қонып, әңгіме-дүкен құрып отырады. Ішінде Қошалақтың сол кездері дәрігері болған Мұфтах Химатов ата да бар. Бақытжамал әже ауырдым дегелі көп болған, ыңқыл-сыңқылмен елемей жүрген ғой. Қонақ қамымен қапылып жүргенде есік алдына құлап қалады. Сол жерде аузынан қан кетіп, қанмен бірге қан аралас сұйықтық кетеді. Әжені алашаға салып, үйге алып кіреді. Бала-шаға шулап жылап жүр. Мұфтах ата ол кісіні тексеріп: «Қайғыдан болған дерт қой, Нәжеке! Ештеңе етпес, кеткені жақсы, тәуірленер», - деп, ем жасайды. Мұфтах ата содан кейін бұл үйдің балаларына мамасын тірілткен ата боп аталып кетеді. Бір бұл шаңырақ емес, ол кісіні білгірлігі үшін бүкіл ел болып қадірлеген.
Менің әкем Зинел соғыста хабарсыз кеткен соң Мүлкима екі баламен әкесінің қасына көшіп келеді. Қызының балаларын жиен деп бөлмей, өздерінің 4 жетімін, бұлармен 6 жетім баланы жеткізген қарт пен кемпірді кім ұмытар? Сонда ол кісі былай дейді екен: «Ұлдың баласының ойығы жоқ, қыздың баласының қиығы жоқ, бәрі де өз балам». Алты баланың үшеуі Сабыржанның екі қызы мен жалғыз ұлы Жұмекен, төртінші бала – Нәсіпхан, ол нағашы атамыздың Мұстахима деген қызынан туған. Мұстахима да, жолдасы да қайтыс болғасын Нәсіпханды екі жасында нағашы атасы мен әжесі алып, адам етеді, өз қолынан ұзатады. Алты баланың үлкені – Жұмекен, ең кішісі – мен. Ата-ананың балаларды еншілейтін әдетімен әжесінің балалары Жұмекен, оның қарындасы Сәбила және мен. Оларды өздері көке деп атаған аталары «кемпірдің қара балалары» деп атаған. Көкесінің баласы - Сабыржанның кіші қызы Жаңылсын еді. Өте шолжаң, қит етсе «Көкеме айтам» дегендіктен көршілер де, үйдің былайғы адамдары да оны «Көкеме айтам» деп атап кеткен. Ал көкесі ерке қызын «дыңылдаған дыңғыжаным» деп атапты.
Жұмекен мені өте кішкентай болғасын ба, әйтеуір ерекше қамқорлап жүретін. Қошалақта мектеп болмағандықтан алыс Нұржау ауылында интернатта оқыған Жұмекен үйге каникулға келген кездерінде мені жанынан қалдырмай, тіпті өзі тамақтандырады екен. Қолыма қағаз бен қалам беріп, жаздырып үйреткен де Жұмекен ағам. Маған Жұмекен аға емес, әке сияқты боп көрінетін. Өмір бойы қамқорлап «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай», қамқор болған жанды басқаша ойлау мүмкін де емес шығар.
Үлкендердің әңгімелеріне қарағанда, Жұмекеннің әкесі Сабыржан әзілқой, өткір тілді, жалтаңы жоқ бірбеткей, домбырамен ән салатын, өзі жанынан өлең шығаратын, ит жүгіртіп, құс салып, аң қағатын саятшылығы да бар, арабша терең білімді, өзі көрікті адам болған. Әскерге кеткен Сабыржан майданнан хат жазғанда ылғи өлеңмен жазады екен. Өкінішке орай, хаттары сақталмаған. Тек менің анам Мүлкиманың есінде қалған шумақтарды ғана ұсынуға тура келіп отыр. Бұл хаттарды Сабырдың ортаншы қарындасы Күлмаһура апай оқып, еш жанға бермей сақтап жүреді де, бертін келе қайда қалғанын білмей іздейді, бірақ таба алмайды. Сабырдың әскерден жазған өлең шумақтары:
Жиырма жыл, жиырма бес жыл жүрдім елде,
Сонда да ғашық болдым қайран елге.
Төселген қызыл тастан тақтайдай жер,
Теңелмейді қызыл шағыл туған жерге.
Екінші бір хатында:
Сөз бір арнап жазайын, ата менен анаға,
Қарындас бар, іні бар, кейінде қалған балаға.
Аманаты Аллаға, тоғыз жаным қалып тұр,
Тастап бір кеттім далаға.
Дала демей не дейін,
Қайбір сенейін асырайтын балаға, - десе,
енді бір хатында:
Ел сағынады ер Адам шыққасын алыс далаға,
Бауырсыз адам күні жоқ, шықпаса да далаға.
Тоғыз суткі жүргізіп, тоқтадық барып
Шыршық деген қалаға - дейді.
Әлбетте, бұл шумақтар бірінің басы, бірінің аяғы болуы да мүмкін. Бірақ осыдан-ақ оның тума дарын екені күмәнсіз болса керек. Жоғарыда тоғыз жан деп тұрғаны ата-анасы, зайыбы, Жұмекен, сол кезде тұрмысқа шықпаған екі қарындасы, жиені Нәсіпхан, өзінің екі қызы.
Сабыржан хабарсыз кеткен соң Нәжімеден қарт баласына арнау дастан шығарып, ол елге тарап кеткен. Хабар-ошар кешіккен сайын, елдің жүрегіне зілдей күдік салатыны тағы ақиқат. Сондай шерлі жұрт бұл дастанды жаттап алып, зармен өлеңге қосып, өз қайғыларын осы өлеңмен шығарған деседі. Бұл дастан әуелден 40 шумақ болды.
Жұмекен ағаның күйшілігі туралы бірер сөз. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, Жұмекеннің философиялық тұрғыда ойы терең ақындығына қоса домбырашылығы да бар еді. Оның құйма құлақ, аса дарындылық қасиеті бала кезінен байқалған-ды. Менің әке-шешем үйленбестен бұрын-ақ екі құда – Нәжімеден мен Дүйсен қариялар бір-бірімен жиі араласатын. Тіпті Дүйсекең Ақжонаста тұрса да, Карта бойындағы құдасы Нәжекеңнің қасына құмаршық қағуға көшіп келіп, айлап жататын.
Дүйсен қарт өзінің өмір сүрген жерінде аймаққа танымал домбырашы болған. Домбыраны солақай тартатын. Өзі атақты солақай домбырашы Жолдығұл қарттың шәкірті екен. Бұл туралы жергілікті газеттерде сан рет жазылды да. Дүйсекеңнің сол домбырадан әруағы асып тұрған кезінде Жұмекен 4-5 жастағы бала болса керек. Дүйсекең дарынды ұлды бірден танып, алдына алып отырып, домбыра үйреткен екен. «Ол кісі күй үйретуге келгенде ерінбеуші еді» - дегенді 1980 жылдары ағаның өз аузынан естідім. Сол бір күндердің бірінде Жұмекен ағаның: «Осы сенің атаң Дүйсен құданың қай жерде жерленгенін білсем де басына барып, дұға етуге бір жолым түспей қойды. Дұға қылу парызым еді. Ол кісінің маған сіңірген еңбегі көп. Кішкене қара домбырасы болатын. Оны тартқанда шіркін, майсаңдататын еді-ау. Әй, бір әдемі қарт еді» - деп, бөлмесінің ішінде қос қолын артына ұстап, әрлі-берлі жүріп алғаны әлі күнге дейін көз алдымда тұр. Ағаның Дүйсен қарттан алған әсері болса керек, Жұмекен де домбыраны солақай тартатын. Көптеген күйшілермен салыстырғанда бір ерекшелігі – домбыраның құлақ бұрауын бос қоятын. Біз әдетте астыңғы «соль» шегін күй ойнағанда «фа» нотасына бұрап ойнасақ, Жұмекен астыңғы шекті «ми» нотасына түсіріп ойнайтын секілді. Сонда дыбыс жұмсақ та, қоңыр үнді болып шығады. Ағаның орындауындағы күйлер ескі, ірі күйлер болып келуші еді. Мәселен, «Нарату», Абылдың күйі «Абыл», Мәменнің «Қайғылы қара», «Баламайсан», «Ақшолпан» күйлерін өте әдемі орындайтын. Оның орындауында Дәулеткерейдің «Ақжелең», «Аңшылық», «Қосішек», «Топан» күйлерін және Тәттімбеттің «Сылқылдағы» мен «Сарыжайлауын» тыңдай бергің келетін.
Ел ішінде Дүйсен қарт тартты деген күйлерді көбіне Жұмекен аға өзі орындау арқылы жұрттың есіне салып отыратын. Және ол Мәмен мен Дәулеткерей күйлерін Дүйсен атаның да жиі тартқанын айтып қоюды да ұмытпайтын.
Ал Дүйсекеңнің ұстазы Жолдығұл күйші туралы 1993 жылы Құрманғазы ауданы Орлы селосында тұрған Нұғыман Сәбиев деген ақсақал бізге толық мәлімет берген еді. Сонымен қатар, дәл сол жылы «Атырау» газетінде менің «Қошалақ – күйшілер отаны» атты мақалам да жарық көрді. Менің әкемнің қарындасы Латифа апамыз да Жолдығұл ата туралы білгенін айтып берді. «Көкемнің ұстазы екені рас, біздің үйге көп келетін еді» - дейді. Ол кісінің зайыбының есімі – Қанила екенін, Құрманғазыға жақын рулас болып келетінін де осы кісі айтты. Ал Нұғман атаның айтуынша, бұл кісі де бүгінде фәни дүниенің жүзінде жоқ. Ал Жолдығұл ата Дина Нұрпейісовамен замандас, шамалас болуы керек. Кезінде осы екі даңғайыр күйшіні Мақаш правитель елге құрметті қонақ келе қалса немесе аймақта түрлі өнер сайыстары өтетін болса, арнайы құрметтеп шақырып алып, күй тартуларын өтінеді екен. Жолдығұл Қызылқұрт руына күйеу болып келетін көрінеді. Нұғман ата сондай-ақ 1911 жылы Жолдығұлдың сол қолымен бір сағат бойы домбыра тартқанын өз көзіммен көрдім деген қызықты деректі алға тартты. Ол кезде Нұғман он алты жастағы бала екен. Мұндай жастағы жасөспірімнің оны есінде сақтамауы мүмкін емес. «Денесі арықтау, ұзын бойлы, қара өңді келген, сиректеу сақал-мұрты бар кісі еді» - дейді сол бір аяулы да қимас сәттерді шым-шымдап еске түсірген Нұғман ата.
Міне, Құрманғазы мен Мақаш туған өлкеден осындай күйшілер өткен. Жұмекен солардан қалған асыл тұяқ еді. Мен қазіргі өскелең ұрпақ жыр сарбазы ғана емес, дарынды күйші болған Жұмекеннің сан қырлы өнер иесі болғанын білсін деген құбыла ниетпен осы мақаланы жазып отырмын. Жұмекеннің өз тал бойы ғана емес, рухани өскен ортасы осындай еді.