Темірхан Момбекұлы-Түркістан
«Үміт күтем қастардан: досым шығып қалар деп.»
Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов
« - Ия, Алла, А, құдіреті күшті Құдайым,
садағаң кетейін Жасаған Ием!
Теміржанымды жақсыларға жанастыр,
жамандардан адастыр.»
Момбек Сәрсенұлы
«Он адамды жек көріп тіршілік еткеннен гөрі,
жүз адамды жақсы көріп өмір сүрген артық.»
Темірхан Момбекұлы-Түркістан
Алматыдай алысқа тартатын сапарым түгілі, көрші ауылға беттер болсам да, әкем маған міндетті түрде ұзақ толғап бата беретін. Сол ұзақ батасының ішінде: «Теміржанымды жақсыларға жанастыр, жамандардан адастыр» деген ұлы тілек міндетті түрде болушы еді. Көкемнің жан-жүрегімен елжіреп айтатын сол батасының шарапаты ма, әлде өмірімнің солай құрылғанынан ба, мен көбінесе жақсылармен жолдас болдым. Әріптес, сырлас, мұңдас, көршілес, дәмдес-тұздас, қанаттас, сабақтас, армандас, достас, бастас дегендей. Мектепте де, университетте де, қызметте де. Сол жайсаңдардың арасында Жұмекеңнің орны бөлек еді. Мүлдем бөлек!
Адам баласы өзінің қарызын өтей алмайтын Қасиеттілер бар ғой. Алла. Ата-Анаң. Ұстазың. Аллаға деген сүйіспеншілігің, құрметің мен сенімің, ықыласың әм қорқынышың – түсінікті. Ата-Анаңа деген перзенттік ыстық махаббатың да дүниені әлдилеп өтер-ау. Алайда, Алланың да, Ата-Анаңның да алдындағы қарызыңнан құтыла алмайсың. Ал Жұмекеңдей ұстаз алдындағы қарызым ше? Басы ашық нәрсе: ол қарыздан, қанша күш салсам да, құтыла алмайтындығым ақиқат. Өйткені адам болып қуаныш-ренішті сезініп, тұшынып, қалыпты өмір сүрген кездеріңде, тіпті көзің жұмылған соң да, сол ұстаз берген шапағаттың арқасында тірілермен қатар жүргендей-ақ сөз боласың. (Әрине , жақсы ұстаздан жақсы өнеге алсаң ғана.) Демек, жақсы өмір сүруің мен жақсы атқа жетуің ұстазыңа тікелей байланысты екен, яғни ұстаз – сенің тағдырың, олай болса, тағдыр алдындағы қарызын ешкім де толық дәрежесінде өтей алмақ емес.
Мен де Жұмекеңдей ғажайып ұстазымның алдындағы қарызымды өтей алмадым. Өтей алмай келемін. Бұл орайда сол кісідей дегдар азаматқа шәкірт, замандас болғаныма шүкірлік етемін, кейде тіпті мақтан көретінім де бар. Ал жақсы көруім ерекше еді. Тегінде жақсыларды жақсы көрмеу мүмкін емес қой. Құрметтемеу – тағы мүмкін емес. Жасаған Ием жақсыларды: жақсы көруің үшін, құрметтеп-қадірлеуің үшін жаратқандай көрінеді де тұрады. Сондай жақсыларды жақсы көріп, құрметтеп өмір сүресің. Қамшының сабындай шолтаң ете түсетін мына қым-қуыт өмірде көрер шынайы қызығың – бәріміздің де сол бір ыстық ықыласымызда ма, кім білсін. Жақсылар жайындағы менің шын түсінігім – осындай.
***
Мені қолтықтап, ширақ басып, аялдамаға баратын күн – Жұмекеңнің қызметтегі соңғы күні екен.
Одан кейін де, ауруханадан шыққан соң, бірер мәрте баспаға соқты ғой. «Жұмысты қой» деп жатыр. Қоямын-ау, шамасы,» - деді бір келгенінде. Ауруханадан шығып, үйінде жүрген. Бірақ дәрігерлердің бақылауында болды. Жұмекеңе өте қатаң режим керек екен. Мәселен, биікке көтерілгенде, баспалдақтармен тіке көтерілу - әсіресе қауіпті дейді. Дәрігерлер осы баспалдақтардан көтерілу жайын, басқа да жағдаяттарды Жұмекеңе де, Нәсіп жеңгемізге де талай тәптіштеп, бұл тәртіптің ерекше қатаң сақталу керектігін ескерткен ғой. Дәрігерлерінің мұндай-мұндай ескертулерін айтып қоятын ол кісі. Қазақстан Жазушылар Одағына ақын Жүсіп Қыдыровты соңғы сапарға шығарып салуға барыпты. Замандасының қаралы рәсімін көру – оңай соқпасы белгілі. Онда жүру – қауіпті, әрине Әбу ақсақал ма, әлде басқа жанашырлар ма, қоярда-қоймай үйіне қайтарып жіберіпті.
Ауруханада жазылған күнделігін оқысаң – Жұмекең үшін қорқасың. Әрі ол кісіні аяйсың.
***
Күнделік қолыма кейін, ол кісі дүниеден өткен соң ғана тиді ғой. Жалпы Жұмекеңнің ауруы өте ауыр, өмірі қыл үстінде тұрғанын, алмағайыпты шақта жүргенін сол бір ауруханаға түсіп, емделіп, одан шығып жүрген кездерінде соншалықты біле де, сезе де қойған жоқпыз. Әсіресе мен. Ал біржола айырылып қалуымыз мүмкін-ау деген ой мүлдем болмайтын. Үш ұйықтамақ түгілі, мың ұйықтасақ та түске кірмес жай еді. Содан шығар, әлде аңқаулық, тіпті парықсыздық пен білместік пе, кейде айтпас жайды да айтып қаламын. Қатаң режиммен жүргенде, Жұмекең сирек те болса жұмысқа телефон соғып қоятын. Сондайда көңілді-көңілсіз жаңалықтарды айта беремін. «Көңілсіз жаңалықтарды Жұмекеңе айтпаған дұрыс» деген жанашыр ескертулерді білетінмін. Естігенмін. Аузыңды бағып сөйлеуге тырысасың, бәрібір, тонның ішкі бауындай болып кеткен көңіл бірдеңе деп қояды.
Ол кісі қайтардан бір күн бұрын ба екен, әлде дәл сол күні ме, телефон соқтым. Оны-мұны елеулі-елеусіз жайларды айтысып отырдық та, Мәткәрім (Жұмекеңнің жақсы көретін досы, журналист Әкімжанов) жөнінде көңілсіз әңгімені білдіріп қойдым. Кейін ойлаймын-ау: «Сол жайды несіне айтып қалдым екен?! Ол кісінің соңғы жылдарында, әсіресе соңғы айларында ұлпа жүрегіне онсыз да артық салмақ өте көп түсіп еді, менің әлгі жайсыз хабарым таразы басын одан сайын ауырлатып жіберді ме екен?!» деп іштей мүжіліп жүрдім. Мәткәрімнің өзі де: «Жұмекен кейінгі кезде менің жайымды көп ойлады ғой. Осы батты жанына,» - деді, Жұмекеңнен айырылғанына қатты қайғырып жүрген алғашқы күндерінде. Мұны естіп мен одан сайын күйзелдім.
Тегінде, Жұмекең, менің байқауымда, көп жайды ішіне сақтайтындай, яғни іштен тынатындай көрінуші еді. Мәселен, мен біреуді жақсы көрсем де, жек көрсем де, мақтағым келсе де, ренжіп-өкпелеп қалсам да, соны табан астында айта саламын. Бұл мінез - өмір сүруге, қиын, әрине. Бірақ көкірегің тазарады. (Кейінгі кезде ойлаймын-ау, жұрттың бәрі, құбылыс-жаңалық-өзгеріс, қылық-мінез атаулы маған ұнауға міндетті емес қой. Маған ұнай ма, ұнамай ма, қабылдаймын ба, қабылдамаймын ба, түсінем бе, түсінбеймін бе, ол бәрібір өмір сүреді, болады» деп. Бұл енді жас ұлғайған соң, қырықтың айналасында келіп жүрген тоқтам ғой.) Ал Жұмекең кімнің де болсын көңіліне қарайтын. Өзіне ауыр тисе де, бет жыртыспауға тырысатын. Бес жыл бір кабинетте отырғанда біреумен ұрысқанын көрмедім ғой. Сөзімді қор қылмайын дей ме екен. Бірақ сөз түсінеді-ау деген кісіге айтарын айтып тастайтын тұсы да бар. Және дәл, өте әділ айтатын. Бір сүйінерің – дәл де әділ айтылғаннан ба, Жұмекеңнің бағасына ешкім де ренжи қоймайтын. Бір әріптесімізге ешқандай астарсыз, зілсіз, әзілсіз, жайлап қана: «Жалқау екенің рас қой енді» дегенде, ол күліп: «Жалқаумын, иә, дұрыс айтасың» деді. Ана кісі соны ашық айтқанына риза болып та қалды тіпті.)
***
Жұмекеңді сағынған көңілдің далбасасы ма, жұбаныш іздеуі ме, менде бір қылық пайда болды. Негізінде ол әдет, ол қылық бұрын да бар еді. Бұрын тек қызға ғана қатысты болатын. Ендігі жерде ер адамға, жігітке қатысты әдет шықты. Мектепке бармай тұрып (алты жасқа толмай барғанмын) Тәжік Қызына көзім түсіп еді. Сол ықыласым артпаса, әлі күнге суыған емес. Осы жасыма дейінгі бір әдет-қылығым: жібі түзу бойжеткендер мен келіншектерден сол Тәжік Қызына (осындай болып бойжетер-ау деген қиялдағы сурет-болмысына ұқсастық) ұқсастық іздеймін де жүремін. Мінезінен, қылығы мен түрінен. Жұмекең қайтқалы жігіттерден де сондай ұқсастық іздеу әдетке айналды. «Жұмекеңе несі ұқсайды?» деп. Мәселен, ақын Дүйсенбек Қанатбаевты бұрын да жақсы көруші едім. Жұмекеңе ұқсайтын тұстары (ақынжандылығы мен парасаттылығы, адалдыққа іш бұрып тұрулары) үшін одан сайын іштей жақындай түстім. Мүлдем өзімсініп кеттім. Ақырында төбесін көргеннің өзіне бір жасап қалатын күйге жеттім. Жақсы аналарды мені бауырына салып тәрбиелеген анам – апам Күлжанмен салыстырып, ұқсастық іздеп, ал жақсы әкелер мен ақсақалдарды әкем – көкем Момбекпен салыстырып, ұқсастық іздеп пайымдайтыным секілді, махаббат пен адалдық, сұлулық символын Тәжік Қызы деп білгенімдей, жақсы азаматтың, нағыз адамдықтың әділ өлшемі де, темірқазығы да – мен үшін Жұмекең болды. Әке-Шешеме, Тәжік Қызына, Жұмекеңе ұқсаған жандарға бүйрегім бұрып-ақ тұрады. Мұның өзі табиғи болып қалыптасып та кетті.
***
Жұмекеңнен айырылу сең соққандай еді. Күйікке шыдай алмай өртеніп жүрдім. Үйге келген соң, аһлеп-үһлеп, «Қайран, Жұмекең!..» дей бергенмін. Бес жасар қызым Дидар ол кісінің есімін «Жұмекен» деп емес, қайта-қайта айта берген соң, «Қайран Жұмекең!» деп ұғыпты. Жұмекеңді мәңгілік сапарға аттандырып салуға барарда, үйден көңілсіз, салбырап шыққалы тұрғам, қызым балалық аңқаулықпен:
- Қайран Жұмекеңе барасың ба? – дегені.
Бес жасар қызым соны айтқанда, еңіреп жібере жаздадым-ау.
***
Күнделіктерін оқыған соң ғана мен ол кісінің сол кездегі қылықтарын басқаша байыптай бастадым. Біздің көңілді-көңілсіз жаңалықтарды айтуымыз, ол кісінің Жүсіп Қыдыровпен қоштасуға баруы – адамның жағасын ұстатқандай жай екен. Бір аяғы жерде, бір аяғы көрде тұрғанын күнделігінен ғана ұқтық емес пе. Көзге шұқып көрсетпесе, көп жайды ділімізбен сезе бермейтін жабайы бейқамдық та баяғы. Ол кісіні алақанға салып аялап жүретіндей ақадал, жанашыр көңіліміз болды-ау, бірақ соның орайын, иінін ылғи да сәтімен келтіре алмадық-ау деп ойлаймын. Содан келген түйінім: жақсыларды жақсы көру, құрметтеп-қадірлеу аз екен. Сол махаббатыңа бөлеудің: орайын да келтіріп, иінін табу керек екен ғой. Оралымсыздық, икемсіздік деген бәледен құтылу керек екен ең әуелі.
Оралымсыздық, икемсіздік дегеннен шығады. «Жұмысты қоямын-ау осы» дегенде, мен сол жерде-ақ, «Мектеп» баспасының коридорында тұрып, бірден:
- Ой, Жұмеке, Сіз жұмыстан кетсеңіз, мен де кетемін. Бір күн де тұрмаймын мұнда, - дедім. Әбден бауыр басып қалған Жұмекеңнен бөлек жүру – ауыр соғатынын еш бүкпесіз айта салу ғой бұл. (Осы кезде ойлап отырсам, бұл сөздерді айтпасам да болады екен-ау. Дәл мен үшін болмаса да, үйренген ортасынан, еңбек еткен коллективінен қол үзуге бет алу – сондай шешімге бару (әрине, денсаулығына байланысты ғой) - өзіне оңай тимегенін сол шақтарда толық дәрежесінде сезінген жоқпын, әрине. Кейін, сол бір Жұмекеңмен сөйлескеннен он екі жылдай уақыт өткенде, жасымыз қырықтан енді аса бергенде, жұмыстан шығып, ендігі жерде біржола шығармашылық еңбекпен айналысуым керек деп шешім қабылдап қойсам да, Қазақ Радиосындағы коллективімді қимай, бір жылдай жүргенім бар. Үйренген ортадан қол үзу – дүниенің азабы екен. Кейін қатты қиналдым жалғызсырап. Ақыры шыдай алмай, екі жылдай үзілістен соң, қайта қауыштым ғой. Жұмекеңнің менімен сөйлескен шақтағы жай-күйін сол өзім сұмдық жалғызсыраған тұстарымда, коллективті қимай бір жыл жүрген кездерімде сезгендей болдым. Бірақ кеш еді).
Сонда Жұмекең жайлап қана:
- Қой, Темірхан, «Жұмыстан кетемін» дегенді айтпа да, ойлама да. Мен кетсем, аз да болса, фамилиям белгілі өлеңімді де, басқа жазғандарымды да бірдеңе етіп шығарамын. Ортадан қол үзбеймін. Сен әлі ештеңеңді шығарып үлгерген жоқсың ғой. Жұмыстан шықсаң қиын боп қалады. Күнкөрісті де ойлау керек, - деді.
Алайда Жұмекең жұмыстан ресми түрде шығып та үлгермеді. Сол дәрігерлік бақылауда, бюллетеньде жүрген күндерінде, кенеттен қайтыс болды. Жұмекеңсіз коллектив те, Алматы да – қаңырап тұрғандай әсер етті. Содан ұзатпай-ақ, редакциялауға тиісті кітаптарды тезірек бітірдім де, арызымды жазып, жұмыстан шықтым. Елге кеттім. Алматыдан ауып, елге баруыма екі жай себеп болды. Бірінші: Жұмекеңнен айырылуым. Алматыда Жұмекеңсіз өтер күндердің ауырлығына шыдау қиын соғатындай көрінді. Екіншіден, елде қарт әкем бар. Енді қанша өмірі қалды дейсіз. Аз да болса, қасында болу, сөзін тыңдау, шама келгенше қызмет жасау. Сонымен, бала-шағамды алып барып, елде бір жарым жылдай болдым.
***
Жұмекеңнің отбасының, туысқандарының атынан қойылар азагүлді Одаққа ақын Темірхан Медетбек көтеріп, ең жанашырларды бастап кірді. Жұмекеңмен қалың қауымның қоштасу рәсімін сөйтіп ақын жігіт бастады. Одан соң коллективі жүру керек еді. Баспадағылардың ұйғарғаны солай болды да, коллектив атынан қойылар азагүлді маған ұстатқызды. Сонымен, екі лекті екі Темірхан бастап жүрдік қой.
Темірхан Медетбектің маған деген көңілін ол кезде толық білмеймін (әйтеуір бейтарап емесін сезетінмін), ал мен аттас ағамызды Жұмекеңе інісіндей, татымды шәкірт болғаны үшін-ақ жақсы көріп кеттім. Жұмекеңмен қоштасуға, шығарып салуға келген қалың қауым жанашырлардың арасынан отбасы мен туыстарының, еңбек еткен коллективінің орны бөлек қой, әрине. Сол Жұмекеңе жақын екі топты аттас адамдардың бастап жүргені маған әлдеқандай астар бардай, әрі заңдылық секілді көрінді. Оның үстіне екеуіміз – бір топырақтың адамы болып шықтық. (Мұны кейін біліп жүрміз ғой.)
***
Журналистік дағдыдан ба, әлде, барлық адамға тән әуестік пе, кім қалай тұр екен дегендей, бейіт басында өзіме жақындау тұрғандарға бір сәт барлай қарап өткенім бар. Сондағы Тынышбай Рахимовтың кейпі әлі күнге көз алдымнан кетпейді. Қайран ақын өзін-өзі тоқтата алмай, пора-порасы шығып жылап тұрды. (Осы сөйлемді жаза бергенде, дәл қазір көңілім босады.) Үнсіз жылады азамат. Көз жасы жүзін жуып, ой бір егілді-ау, сорлы. Мұны көріп іштей одан сайын өртендім. Ал Тынышбайды содан кейін мүлдем жақсы көріп кеттім. Жұмекеңнің өліміне егіліп жылағаны үшін… Осы былтыр ғана ғой, Радиомен сағынысып табысқан кезім, «Көке!» деген асыл сөзді шын еміреніп айтқан әріптесім Орынбасар Доңқабақты іштартып қалып, сол сөзі үшін-ақ сыйлап жүрейінші деп ойлағанмын. Арада апта өтер-өтпесте «Хабар жасайын деп едім» деп, Жұмекеңнің кітабын сұрағаны. Бұл қылығы үшін енді тіпті жақындай түстім. Сол күннен бастап өз адамыма айналып кетті.
Әкем Момбек қырық беске келгенде, зарығып жүріп көрген ұлы Айдарханмен пайымдайтын өмірдің қызық-шыжығын, алыс-жақынның бар ықыласы мен болмысын. Айдарханды мақтаған, жақсы көрген адам – жақсы адам, ал жамандаған, не жақтырмаған адам – жаман адам. Бітті. Көкемнің бар түсінігі осылай еді. Менің де Жұмекең турасындағы түйсініп-қабылдауым сол көкемнің күйіндей ғой. Ақын Мейірхан Ақдәулетов «Әркімнің өзінің Жұмекені бар» деп еді бір сөзінде, сол айтқандай менің де өз Жұмекеңім бар. Және сол Жұмекеме деген көңілім осындай.
***
Өзіміздің Жұмекең туралы Қазақ Радиосы үшін осы уақытқа дейін бірнеше хабар жасадым. Дүйсекеңнің де – ақын Дүйсенбек Қанатбаев, менің де Жұмекеңе деген жанашыр райымызды білетін Нәсіп жеңгеміз де екеуіміздің Жұмекеңе жоқшы болуымызды қалайтын. Бұл орынды да еді. Осы жақын күндерде Ұлжан Пармашқызы Жұмекең жайында бір хабар дайындамақ болды да, мен сол хабарда ұстазым жөнінде қысқаша үш эпизод айттым. Жұмысбастылығым соншалық, көңілі жақын етжақындарыммен де, дос-жолдастармен де тым құрыса телефон арқылы сөйлесуге де мұршам бола бермейді. Нәсіп жеңгеміз арамыздағы сәлемші - Ұлжан. Әрине, жары жайындағы әр дүниені асығып күтетін ол кісі ден қойып тыңдайды, пікір білдіріпті. Жұмекең турасынан тағы бір хабар жасаса дегендей ыңғаймен біраз материалдар беріп жіберіпті. Ұстазымның «Мен – Тамырмын» кітабы. Оразбек Сәрсенбаевтың «Жұмекеннің жүрегі» аталатын естелігі, Темірхан Медетбектің «Жұмекен ағамды аңсаймын» аталатын, естелікпен астасқан ой-толғауы еді.
Осындағы, Орекеңнің естелігінде айтылған бір жайға орай ойланып қалдым: «Баспадан телефон соққан кім екен?» деп. Ал менімен сөйлескенде Жұмекең жақсы еді. Кәдімгідей жағдайымызды сұраған. «Оның менен несін сұрайсыңдар?..» деген сөзді кабинеттегі кімге де болса айтатындай жағдайда емес еді. Өзім сөйлесіп болған соң, трубканы Нағимаға бергенмін. Ол да Жұмекеңе салмақ салардай сөз айта қойған жоқ. Ол кісі тіпті алдында ғана Мәткәрімге қатысты көңілсіз жаңалықты айтып қалғанымда, басын шайқап, қабағын шытқан: «Ондай көңілсіз әңгіме айтпа» дегендей. Сөйткен Нағима Жұмекеңмен жайбарақат сөйлесті. Жұмекең үйі мен тарих-география арасындағы мен білетін, ең соңғы телефонмен сөйлесу – осы болатын. Ал бұдан кейін «Мектеп» баспасының өзге бөлімінен бе, не осы біздің редакциядан ба, тағы біреулер хабарласса, онысын мен білмеймін.
***
Нәсіп жеңгеміз қоңырау шалған адамның дауысын танимын депті. Ендеше, кім еді деп сұраймыз ғой. Ол кісі менің де, Нағиманың да дауысымызды таниды. «Оның менен несін сұрайсыңдар?..» деген сөзді кімге айтқанын сұрауымыз керек?
***
Орекең де Жұмекеңнің босаға жақта отыратынына назар аударыпты. Осы жайдан бір сөз айтайын. Бүгінгі Қонаев көшесі мен Төле би көшелерінің қиылысы жақтағы (гастрономның арт жағында) ескі үйден Абай-Гагариндегі қазіргі ғимаратқа көшіп жатырмыз. Сонда Жұмекең бірден босаға жақты таңдады. Жұрт болса онысына түсінбей тұр. Бөлім меңгерушісі ретінде қай жерге отырса да, әсіресе төрге жайғасса да - өз еркі ғой. Көп жұрт төрді сол кісіге қолайлы көретіндей еді. (Адамдардың түсінігі солай: бастық па, жасы үлкен бе – міндетті түрде төрде отыру керек дейтін.) Сондай раймен кабинеттегілер төрді нұсқап жатыр. Ол кісі әуелі әзілдеді:
- Төрге ақымақтар ұмтылады, - деп.
Ақыры шынын айтты:
- Терезеден даланы көріп отыруым керек, - деп.
Жұмекеңнің осы сөзінің төркінін де, мағынасын да кейінгі кездері түсіндім. Даланы көрмесек, өмір сүре алмаймыз ғой. Жанымызға дала керегін бірде парықтап, бірде парықтай алмаймыз. Алматыда оқып, қызмет етіп жүрсем де, қалада тұрмай, іргедегі ауылға күнде салпақтап жүруімнің ең негізгі себебі – осы далақұмарлық еді.
***
Жұмекең өте бір риза кейіппен:
- Ауылда бір қарттар болады. Әйел болсын, ер адам болсын, мынадай бір қарттар бар: көргенде бір түрлі ішің жылып тұрады. Ақтарылып сөйлескің келеді. Мына кісі де тура сондай адам ғой. Көрсең болды, әйтеуір жақсы көріп тұрасың, қараптан-қарап рахмет айтқың келе береді, - деді.
Сөз өзіміздің баспадағы Абдулла ака туралы еді.
Абдулла аканы мен де жақсы көруші ем.
***
Жұмыстың соңына қарай бізге Ғафекең – ақын Ғафу Қайырбеков кірді. Қасында біз танымайтын бір кісі бар. Ғафу ағамыз сөзінің соңында:
- Жақсының қадірін білген – жақсы. Мына Жұмекен – қазақтың ұлы ақыны. Бұл - сыпайылығым, бөстірткенім емес. Шыны солай. Ақын көп қой. Ал Жұмекен – философ ақын. Философ болғанда да, мықты философ. Сендер сондай жақсы адаммен бірге отырасыңдар.
Жұмекең ол кісінің сөзін әзілге бұрғысы келіп:
- Әсіресе, сұранғанда жіберіп тұр деңізші. Бөгеместен жіберіп тұрсын, - деп күліп жатыр.
***
Жұмекеңнің жүрегі ауыратын. Инфаркт. Ең алғаш рет Москвада оқып жүргенде болған. Өзінің айтуынша, бірінші ұстауын білмепті де, білмеген соң емделмепті де. Одан кейін де жүрек шіркін оқтын-оқтын сыр беріп жүрген. Бірақ инфаркт деген алапаттың екінші ұстауы болмаған. Ол кісі қарын көп ұстаушы еді. Ауруханаға түсетін күні әдеттегідей таңертең жұмысқа келді. Реңі жақсы емес еді. «Түнде ауырып шықтым. Не болса да түнде өтіп кетті. Енді басылған секілді» - деді.
- Ойпырмай, Жұмеке-ай, басылмаған сияқты. Түріңіз онша болмай тұр ғой! Скорая помощь шақырайық. Немесе такси ұстасын Темірхан. Үйіңізге барып демалыңыз, - деді Нағима. Жүзінде де, үнінде де алаңдаушылық сезіліп тұрды.
Жұмекеңнің қиналып тұрғаны анық еді. Бірақ соны мойындағысы келмегендей: «Не де болса түнде өтіп кетті. Басылған сияқты» - дейді. Осыған шынымен сенгендей түрі бар. Ал біздер алаңдай бердік: «Ойбай, Жұмеке, жүрекпен ойнамаңыз!» - десіп.
Ақыры Жұмекең қайтатын болды. Мені қолтықтап алды. Бір тәуірі – жүрісі ширақ. Аялдамаға келдік. «Әй, осы жұмыста бола бергенде де болар ма еді» - деп қояды. «Жұмысы құрысын! Барып демалыңыз» - деймін. Инфаркттың ұстағаны деген ой ол кісіде болған жоқ. Мен де олай ойлағаным жоқ. Тек «Жүрегі ауыратын кісі көп қозғалмай, тыныш жатуы керек» дегенді естігенім бар. Сол оймен, бүгінше жұмыс істемей-ақ, демалғаны жөн ғой деп ойладым.
Автобусқа мінгенде де ширақ мінді. Сөйтсем, жүрек деген сабаз солай екен ғой – тіп-тіке жүргізіп-ақ, тіпті жүгіртіп жүріп-ақ алып ұрады екен!
Кейін хабарластық. Ауруханаға алып кетіпті. Сөйтсек, сол жұмысқа келгенде инфаркт процесі бар екен. Оны Жұмекең де білмеген, біз де білмегенбіз. Жұмекең тіпті ол ауруды: «Не де болса түнде өтіп кетті» деп мойындамады да ғой. Ал біз қайран азаматтың дәм-тұзының таусылуға таяп қалғанын ол кезде сезген жоқпыз. Сөйтсек, Жұмекеңнің санаулы айлары ғана қалған екен-ау!..
***
Жүністі – фантаст-жазушы Жүніс Сахиевті – іздеп барып едім. Редакцияның асығыс шаруасымен бір жаққа шығып кетіпті. Кабинетте Ләйла мен Бұрышханым отыр екен. Олар Жұмекеңді сұрады.
- Қазір ауруханада. Жедел жәрдеммен үйінен ап кетіпті. Инфаркт. Мио… - дей беріп едім, екі келіншек қабаттаса сөйледі.
- Ол деген өте қауіпті! Қазір қалай екен? Білдіңдер ме? - деді үрейлі дауыспен.
Біз кеше халін сұрағанбыз. Қозғалтпай жатқызып қойыпты. Ал бүгін үйімен хабарласқан жоқ едік. Хабарласуға мүмкіндік бола қойған жоқ. Таңертең жұмысқа келе салысымен, директорымыз Шәрібек Есмұрзаев шақыртып алған еді. Оны-мұны шаруа жайын сөйлестік. Ол кісі де Жұмекеңді сұрап жатыр. «Жиі-жиі хабарласып тұр. Хал-жайын айтып тұр» деген. Шәкең ақырында Жүніс екеуімізді бір жаққа жұмсады да, Жүністі іздеп келгенім де сол еді.
Екі келіншек:
- Қайта-қайта жайын біліп тұру керек қой. Бір редакцияда істейсіңдер. Сендер түгіл, бөлек жүрген біздер алаңдап жүрміз, - деді олар.
Мен дереу оларға уәде бердім.
Үйімен сөйлестім. Әлі де қозғалтпай жатқызып қойыпты.
- Бұрынғыдан тәуір ме? – дедім нақтылай түскім келіп.
- Тәуір, тәуір. Ауруханаға алғаш түскендегісінен тәуір, - деді Нәсіп жеңгей.
Естігендерімді екі келіншекке айтқанмын. Олар қуанып қалды. Екеуінің жүзінде де риясыз қуаныш көзге ұрып тұрды.
***
«Жұмекең сәл тәуірленіпті. Келген кісілермен сөйлесіп, кездесуіне болады» дегенді естіп, ауруханаға бардық. Шынын айтқанда, ұрланып, ебін тауып, аурухананың ішіне кіріп кеттік. Жұмекеңмен фоэде отырып сөйлестік. Бір кезде темекі сөз болып қалды. Ол кісі көп тартатын. Қойыпты. «Қалай қойдыңыз? Қиын болған жоқ па?» деп жатырмыз.
- Екі-үш темекіні қолыма ұстап жүрдім. Киімді ауыстырады ғой. Сонда көріп қойса, алып қояды. Алып қоймасын деп уысымда ұстадым. Күні-түні қасымнан дәрігерлер кетпейді. Солардың көзін ала беріп, бір сәтін тауып жақсылап тартсам деймін. Олар көз жазбайды. Әрине, олар мені темекі тартып қоймасын деп аңдып жүрген жоқ. Менің жағдайым ауыр болды ғой. Олар сол үшін қасымнан кетпеді. Үшінші күні бас тарттым: «Осы менікі не? Осылар ғой, бір мен үшін өбектеп, жаны қалмай жүгіріп жүр. Мен болсам, темекіні ойлаймын. Құрысын, тастайын. Мыналардың осынша бәйек қаққанының қасында сол темекі деген не десейші!» деп ойладым. Сонымен қойдым, - деді Жұмекең.
Бәріміз де: «Жақсы бопты!» дестік.
(«Менің жағдайым ауыр болды ғой» дегенге аздап түсініктеме: Инфаркттың екінші ұстауы екен. Көп адам екіншіде кетіп қалады дейді. Өзінің айтуынша, Жұмекең қан қысымының төмендігінен аман қалған секілді.)
***
- Жұмекеңнен айырылып қалдық!
Осынау сұмдық жаманат хабар есімізді шығарып жіберді. Күнде көріп жүрген, талай әзілдесіп, жұмыс жайында, әдебиет жайында, тіршіліктің парқы, басқа қыр-сыры жайында бүкпесіз сөйлесіп, ақылын тыңдап жүретін ӨЗІМІЗДІҢ ЖҰМЕКЕҢ! Екі жүзге тарта адамы бар «Мектеп» баспасының коллективі дүрлігіп кетті. Мұндағы әріптестері Жұмекеңді ділімен жақсы көретін. Жұмекең дегенде қай-қайсысының да жүзіне жылылық ұйып, бір тартымды күйге енеді. Жүрек елжіреткен осынау кіршіксіз ықыласты көзбен көрдік қой. Бірге істеген бес жыл бойы сол ықыласты көзбен көріп жүрдік. Халық кімнің кім екенін біледі… Тек біздер ғана емес, оны білетіндердің бәрі де жақсы көруші еді-ау. Ал Жұмекеңнің өзі адамдарды қалай жақсы көруші еді. Егер әр адам мына дулы өмірді, көкірегі арманға толы адамдарды Жұмекеңше жақсы көрсе ғой дейсің!
Жұмекеңде бәрі де табиғи еді. Дарын да, кісілік те. Барлығы да тума қасиеті болатын. Ол кісінің қасында жүру өзінше бір өрісті мектеп болды. Әрбір іс-қылығы, риясыз күлкісі, сөзі: көкейден шығып жатады. Әзілдеп отырып-ақ биязылықты, жылылықты көңіліңе дарыта білетін. Ол кісі сөйтейінші демейтін. Өзінен өзі солай болатын. Жұмекең табиғатынан ғажайып ұстаз еді; сондықтан да солай болатын.
Арамыздан мезгілсіз, ерте кеткені арман болды-ау! Қайран Жұмекем-ай, өзің секілді ғажайып жандар арамызда көп болса, көбірек жүрсе, мына өмір маңыздырақ, қызықтырақ бола түседі ғой.
Көп нәрсені үйрендік. Өмірді сүюді, жақсылықты тануды, адамдарды қадірлеуді үйрендік. Қай-қайсымыздың бойымызда осы қасиет болса, оларды сүйекке біткен мінез етіп қалыптастырған өзің ғой.
Ол – менің өмірде де, өнерде де орны ешқашанда толмайтын ғажайып ұстазым. Ұстаз жүрегінің жылуын өмірімнің ақырына дейін рухани демеушімдей сезініп өтермін-ау. Қуат алар қасиеттім де сол болар!
Жұмеке-ай, ажалға қиятын азамат па ең! Бәріміз де арманда боп қалдық-ау! Қайран, Жұмекем-ай!..
***
«Мектеп» баспасының ұзын коридорын бойлай, Әбен екеуіміз венок алып бара жаттық. Жұмекеңе бағышталған веноктар еді. Қаралы көңілмен, теңселіп, күйіп жүрген күндер.
- Ай, Әбеке-ай, мынаны тым ерте көтердік-ау! – дедім күрсініп.
- Ерте ғой, Темірхан!.. Ойда-жоқта кетіп қалды емес пе! – деді Әбен (әдебиетші Әбен Жұмашев) қамырықты үнмен.
- Тым құрыса бір отыз жылдан кейін көтергенде ғой…
- Ең болмаса он бес-жиырма жылдан кейін болғанда… Жұмекең алпысын да көрмеді! Тіпті елуге де жетпей қалды-ау – деді Әбен. Жұмекең өзі де арманда кетті! Бізді де арманда қалдырды ғой…
***
Жұмекеңде өзінің сүйсінген тұстарын айта жүретін бір мінез бар еді. Сондай әңгімесінің бірі:
- Ғафу – шешен ғой. Еш жерде мүдірмейді. Аяқ астынан айтшы, түген тақырыпта, не пәленше жайында сөйлеші деп, сайрап қоя береді. Украинаға сол кісімен бірге бардым. Президиумда отырмыз. Ғафекең маған бір түрлі селсоқ отырғандай болып көрінді. Жұрт сөйлеп жатыр. Сөйлеушілер - әр республикадан келген өңшең ығайлар мен сығайлар. Әңгіме арқауы – Шевченко. Ғафу оларды тыңдап отырмаған сияқты. Солай жорамалдағаннан ба, ыңғайсызданып-ақ отырмын. Түртіп қалып, сыбырлап қоямын:
- Оу, жұртқа қарасаңызшы, сөз тыңдасаңызшы, - деп.
Залдағылар да, президиумдағылар да Ғафудың селқостығын жаратпай отырғандай көрінеді маған. Осыдан қысылдым.
Бір кезде Ғафу маған:
- Бала, қалай ойлайсың, сөйлейін бе? – деді.
- Сөйлеңіз, - дедім.
Ол сөйлей бастады. Ғафекеңе сонда бір ырза болғаным-ай!
Ғафекең былай деді: «Осында бауырлас республикадан келген жолдастар Шевченконы аудардық, біздің тілде пәлен кітабы шықты» деп жатыр. Ал бізде тіпті де бұлай емес, бізде, Қазақстанда, «Шевченконы аудардық, оның пәлен кітабы қазақ тілінде шықты» деген сөз де жоқ, ұғым да жоқ. Ол - біздің өз ақынымыз!» Осылай деді де, Ғафу қазақ тілінде Шевченконың өлеңін жатқа оқи жөнелді. Одан соң дереу сол өлеңнің орысшасын да жатқа оқи бастады. Өлеңді оқып болды да, сөзін жалғастыра берді: «Аудардық, аудардық» - дейсіздер. Бір өлеңін жатқа айта алмайсыздар. Ал біз қазақ оқырмандарына аударма деп айта алмаймыз. Өйтіп айтсақ, қазақ оқырмандарын өкпелетіп аламыз. Олар Шевченконы өз ақынымыз деп кеткен ғой! Өз ақынын өзіне аударып береміз бе сонда! Біз аударма демейміз, өзіміздің ақын дейміз. Бітті сонымен. Өзіміздің ақын!» - деді. Бүкіл жұрт дуылдата қол соқты дейсің! Тегі гулеп кетті.
Ғафуға деген көзқарастары өзгеріп сала берді. Бәрі де енді қошеметпен, құрметпен ғана қарайды. «Шевченконы жатқа айтқан қазақ ақынын көреміз» деушілер көбейді.
Жалпы, содан соң украиндар бізге тіптен басқаша қарайтын болды.
Ғафуға сонда бір ырза болғаным бар! – деп еді Жұмекең.
***
Серік Асылбеков, Дидахмет Әшімханов, Қуаныш Жиенбаев - Қазақстан ЛКСМ Орталық комитетінің конференц-залында осынау үш прозаиктың кітаптарын талқылау болып еді. Талқылаудан соң қатарлас жігіттер өзара шүйіркелесіп отырғанбыз. Бір кезде Жұмекең сөз болып еді. Жазушы Болат Қанатбаев байсалды үнмен:
- Жұмекен – жүрегімізде ғой… - деді.
Барлығымыз да елеңдесіп қалдық. Жігіттер ду-ду етісіп іліп әкетті.
- Әй, Болат, дәл айттың! Тура көкейіміздегіні тап бастың! – деп сүйіне түсті.
САБЫРДЫҢ ҰЛЫ ЖҰМЕКЕН
(сағыныш толғауы)
Сабырдың ұлы Жұмекен
Сағыныш туы – Жұмекем.
Сарғайғаннан көп іздеп
Түсімде көріп жүр екем.
Түсімде – түстен, күн – ойдан,
Шықпай да жүрсің, жыр-айнам.
Құладың – асыл ән едің!
Оқыстан солай құлай ма ән?!
Жырымен жүрек бөлеген
Өмірге ғашық көреген.
Заманға өзің керек ең
Адамға өзің керек ең.
Жаратқан Сені Далам-ай!
Жомарт-ақ едің береген!
Жалмаған сені ажал-ай!
Жалмауыз едің не деген!
Жарқырап туған айым-ай!
Жалтылдап тұрған туым-ай!
Жарқ еттің-ау төбеден
Домбыраң күймен егілген.
Жаның да күйге телінген
Қуанса – күлдің. Жыласа –
Жыладың бірге еліңмен,
Араздық деген тебінген
Сұғанақ ызғар емінген.
Жүрегін жұрттың қарыса
Аяз боп шағып жарыса.
Елің бір содан арыса
Әзір ең елдің жүрегін
Жылыту үшін лебіңмен
Ақырғы ыстық деміңмен
Татулық-бірлік легімен.
Аңқылдап соққан самал ең
Қамкөңіл жанға табар ем.
Пейілі дархан Далам ең
Аманның тыныш, тұнығын
Аманат еткен пірім ең.
Адамның асыл қылығын
Ардақтап өткен дүрім ең!
Арудың назын, қылығын
Мадақтап өткен жырым ең.
Сағыныш тұнған сырым ең
Жақсылық деген қырым ең.
Халық деп соққан жүрегің
Аппақ бір ниет, ырым ең.
Сабырдың ұлы Жұмекен
Сағыныш туы – Жұмекем.
Сарғайғаннан көп іздеп
Түсімде көріп жүр екем.
САҒЫНЫШ ТОЛҒАУЫ
(Бұл толғау дегдар азамат, ғажайып ақын, менің өмірдегі де, өнердегі де қастерлі ұстазым Жұмекен Нәжімеденовке арналады.)
Қара көзі елжіреп мейір тұнған
Діліменен еліне пейіл бұрған.
Бір асылы жігіттің өзім көрген
Қазағымда бүгінге дейін туған.
Бұл өмірге келгендей жырға бола
Даласынан аумаған қоңыр бала.
Дегдар ақын Біртуар Жұмекенді
Санаңдағы киелі нұрға бала.
Жыр-жайлауда мәңгілік жасыл-құрақ
Оза шауып жүретін асыл пырақ.
Аманат қып алашқа арманыңды
Қайырылмастан кеттің-ау ұшып жырақ.
Айналайын ақ көңіл ардағым-ай!
Қапияда айырылып қалғаным-ай!
… Өзімсінген көңілді аңсап жүрмін
Аңқылдаған сол ағам бардағыдай.
Сағындырған бүгінде бәрімізді
Жұмекенге арналар әнім ізгі.
Оттан ыстық сағыныш басылмайтын
Адалдыққа бастап жүр әлі бізді…
Ақиқатқа бастап жүр үнің-мәйім
Көкірегімде нұр шашқан күнім-айым.
Шындық сүйген өзіңнің шарапатың
Ел дегенде менің де ділім дайын.
Халқың сені «Ырысты күзім» деген
«Жалғайықшы ырыстың ізін» деген.
Лебізіңе тұшынып жүрекжарды
Жақсылықтан үміті үзілмеген.
Жоғары ұстап ақ туын адамдықтың
Сөз сөйледің атынан тамам жұрттың.
Мамыражай заманның жер-жаһанда
Дәурендеуін мәңгілік арман тұттың.
Қара көзі елжіреп мейір тұнған
Діліменен еліне пейіл бұрған.
Бір асылы жігіттің өзім көрген
Қазағымда бүгінге дейін туған.