Хамидолла Хабдешов

 

Жұмекен Нәжімеденовтің әдебиет сарайының қасиетті табалдырығын аттарда таптаурын жолға түспей, өзіндік соқпақ салған, пәлсапалық ойлары мен терең толғаныстары, адам мен табиғат арасындағы диалектикалық байланысты оқушысына иін қандыра жеткізген терең де мазмұнды, өрнекті де ойшыл жырлары халық қазынасынан мәңгілік орын алды.
Жұмекен екеуміздің балалық шағымыз бірге өткен. Екеуіміз ағайын адамдардан да артық бауыр басып кеткен жандар едік. Содан да мен оның өзін ғана емес, шыққан ортасын да өте жақсы білемін.
Мен туған жерім Нарын құмының орта тұсына орналасқан бұрынғы Новобогат ауданы, Айбас ауылдық кеңесіне қарасты Сазды бастауыш мектебін 1941 жылы бітірдім. Алайда соғыс кезі, елдегі ауыртпалық жағдай одан әрі білімімді жалғастыруға мүмкіндік бермеді. Оның үстіне сегіз жасымда анамнан айрылған менің 1942 жылы әкем де қайтыс болып, тұлдыр жетім қалдым. Содан 1943 жылы немере апам Қапияны іздеп тауып, соны паналадым. Апамның мекені 13 объезд деген жерде еді. Бұл кәдімгі Нәжімеден қыстауы деп аталатын, Ганюшкино поселкесінен 100 шақырымдай жердегі Дыңқызылға қарай жүретін қасқа жолдың батыс бетіндегі Қошалақ ауыл кеңесіне қарасты екі-ақ түтіннен тұратын елді мекен екен. Бұл жер Ж. Нәжімеденовтің "Ақ шағыл" романында жиі айтылады. Мен Жұмекенді алғаш осы жерде көрдім.
Менің жездем Мүкәрам майданға аттанарда жасқа да жетпеген Ләззат есімді қызы мен апам Қапияны Жұмекеннің атасы Нәжімеден қарттың қасына көшіріп әкеліп, сол кісіге тапсырып кеткен екен. Жездемнің мұндай шешім қабылдауына Нәжімеден ақсақалдың жатты жақын ететін кеңпейілділігі, қайырымдылық қасиеттері екен. Ол менің апамды өз қыздарымен бірдей көріп, етене араласып кеттік.
Нәжекең қарттың асылдығын артынан өзім де көрдім. Мен бұл ортаға келген күннен-ақ ол Жұмекен екеуімізге өсиет сөздер айтып, татулыққа үндейтін, ынтымаққа баулитын әңгімелер айтатын. Ол кез менің жетімдік көріп жүрген шағым болғасын ба, осы абзал ақсақалдың мейірімділігін жүрегіме жылы қабылдаған едім. Тіпті бауыр басып кеткендігім соншалық, оның туған немересі Жұмекенмен таласа қасына жатушы едім. Қарт та бізді айырмайтын. Тіпті бейтаныс адамдар Жұмекен екеуімізді ағайынды балалар деп қалушы еді.
Ақынның атасы Нәжекең қарт туралы сәл шегініс жасаған жөн болар. Ол кісінің туған жері - қазіргі Батыс Қазақстан облысы. Алайда бұл өңірге келгеніне біраз жыл болыпты. Сол 1943 жылы осы қыстауда 13, одан он шақты шақырым жердегі құдық басына 8 жыл қыстапты. Яғни, Жұмекен осы Ашақ шағылының түбіндегі "Жаңа тұрмыс" кеңшарында туды. Нәжекең Кіші жүзге қарасты он екі ата Байұлынан тарайтын Алаша руынан. Оның ішіндегі Қоңырбөрігі. Нәжекең орта бойлы, толық денелі, күлгенде жұмылып кететін қысық көзді, сирек сақалды, дөңгелек жүзді кісі еді. Оның ойланбай, әр сөзін електен өткізбей айтатын кезі болмайтын. Яғни беталды жайылмайтын.
Жалпы, қазақта ат қойғанда алдыңғыға ұқсастыру әуелден бар ғой. Сондай-ақ, Нәжекеңе қарасты әулет есімдері де осындай. Оның кейін үрім бұтағының аттары Қайырмеден, Қалимеден, Шамеден, Зинеден болып кете береді. Ал, Нәжекеңнің баласы, Жұмекеннің әкесінің аты - Сабыреден. Жұмекеннің де о баста азан шақырып қойған аты - Жұмаден. Одан Мағжан атты бір ұл бар.
Енді Жұмекенді өмірге әкелген ана туралы бірер сөз. Ақын өзінің Сәбила, Жаңылсын есімді қарындастарымен бірге үлкендердің бауырында өсті де, туған анасын атымен атап, онымен жеңгедей әзілдесетін. Бертін келе мен Жұмекеннен: "Сен осы апайды әлі Мүслима деп атымен атайсың ба?" - деп сұрағанымда, ол жымиып: "Ол әуелден Мүслима ғой" - деген-ді. Алайда анасын қатты қадірлейтін.
Мүслима апайдың руы - Беріш. Оның ішінде Есенқұл. Бессары Айдын деген кісінің қызы. Осы апамыз туралы Жұмекен Нәжімеденовтің "Ақ шағыл" романының 218-бетінде "Мұғзима" деген атпен егжей-тегжейлі баяндалған.
Нәжімедендей қартқа келін болған Мүслима апай үлкенді сыйлай, кішіні қамқорлай білетін адам еді. Менің қазір қазақ қыз-келіндерінің бойынан іздейтін қадір-қасиеттерім осы кісінің бойынан табылатын тәрізді.
Ал болашақ ақынның әжесінің аты Бақытжамал еді. Ол етжеңді, шүңірек көз, ақ жарқын мінезді адам болатын. Руы - Шеркеш, оның ішінде Сақауы. Екі беті ұдайы қып-қызыл боп жүруші еді. Соған орай ол кісіні "қызыл кемпір" деп те атайтын.
Жұмекеннің әкесі Сабыреден ол кезде майданға кеткен болатын. Мен ол туралы білмеймін.
Міне, Жұмекен осындай ортада өскен еді.
Нәжімеден қарт анда-санда базаршылап қалаға кеткенде малды жайлап болғасын біздің ермегіміз асық ойнау еді. Білтелі шамның жарығымен асық ойнайтын кездеріміз біз үшін сол кезде таптырмайтын сайран еді. Ойынымыз қазіргі балалар біле бермейтін - "Ханжаппай". Оны ұйымдастыратын - "қызыл кемпір". Ойынның ережесін қатаң сақтаушы едік.
Бірақ біздің бұл ермегіміз соңынан сиректеді. Оған "кінәлі" - мен. Кішкентайымнан қанатты сөзге құштар болғандықтан ба, әр түрлі өлең-жырды тез-ақ жаттап алушы едім. 1941 жылы Оралда оқитын ауылдың бір баласы демалысқа келгенде одан Біржан-Сара айтысын қолжазба күйінде алып, тегіс жаттап алған болатынмын. Оған қоса Ертілеудің, сол өңірдің айшықты ақыны Сүгірдің ұлы Насихаттың, тағы басқаларының бірқатар жырларын іркілмей айтатындығымды аңғарған Нәжекең енді кеш сайын асықты да, қысыр әңгімені де доғарып, маған жыр айттыратын болды. Ол жырлардағы, айтыстардағы әдемі теңеулерге тәнті болып, арасында "О, пәлі" деп көтермелеп те жіберетін. Нәжекең жыр оқырда "Құлагерден" баста" дейтін. Әсіресе, "Ат сенің қарай ма екен сақалыңа" деген жерін сүйсіне тыңдайтын. Сөйтіп жүргенде сол маңайдан кейбір үйлерден азаматтары майданға кеткенде сандық түбінде қалған кітаптар да табылды. Олардың көбі латынша еді. Арасында "оқуға болмайды" деп есептелген Сәкеннің, Ілиястың да кітаптары кездесетін. Осылардың 29 латын әрпімен жазған шығармаларымен мен сонда бірінші рет кездестім. Мен мектептегі алғаш оқуымды 1938-1939 жылдары осы латын әріптерімен бастағандықтан оқи білуші едім. Енді кештегі ермегіміз осылар болды. Түнде оқимыз да, күндіз тығып қоямыз.
Әдетте, жыр кеші басталғанда мен Нәжекеңнің бір жағына, Жұмекен екінші жағына орналасатын едік. Ақсақал арасында немересіне қарап: "Бірдеңе түсініп жатсың ба, анау асыл сөздер басыңа жетті ме?" деп сұрап қоятын. Кейін жыр кешіне Жұмекеннің домбырасы қосылды. Орындауы аса мықты болмаса да, тартылған күйлерді де талмай тыңдаушы едік. Жастығына қарамастан оның домбыраға деген құштарлығы ғажап еді. Қарағай домбырасын солақай тартып, күні бойы қолынан тастамайтын кездері болушы еді. Ара-тұра үйге келген қонақ күй тартар болса, қалай да соны үйреніп алатын.
Нәжекеңнің өсиет әңгімесі, менің оқитын жырларым, Жұмекеннің тартатын күйлері біздің кішкене жүрегімізге рухани азық беріп, майдан жаққа қарайлай сол 1943-1944 жылдардың қысынан да аман шықтық-ау.
Сәуір айында менің өмірімде үлкен жаңалық болды. Қапия апама бір үйір жылқы берді. Ол аға жылқышы, он бестегі мен көмекші болдым. Енді Жұмекен екеуіміз аттан түспейтін болдық. Шындығында, жылқы бағатын сол екеуіміз. Содан мен әскерге кеткенше Жұмекен көліктен қиындық көрген жоқ. Қайда барам десе де, жүрісті, келістісін тауып беремін.
Содан жаз шыққаннан бері Жұмекен мектепке баруға дайындала бастады. Нәжекең ақсақал оқуда жеңіл болады деген оймен маған Жұмекенге әріп үйретуді тапсырды. Сөйтіп, болашақ ақын, сол кездегі "қара балаға" сауат таныттыра бастадым. Ол талпыныс нәтиже берді де, ал менің домбыра үйренбек болуымнан ештеңе өнбеді. Жұмекен қаншама тыраштанса да, менің саусақтарым икемге келмеді. Содан да бүгінге дейін домбыра тыңдағанды аса сүйемін және өнер адамдарын қатты қадірлеймін.
Ауылда мектеп жоқ. Жұмекеннің әкесі Сабыреденнің бірге туған Күлмәш, Мүлкима, Шырақай деген апалары болды. Нәжекең бір күні солардың біреуін, Дыңқызылда тұратын Күлмәш пен оның күйеуі Әмірді шақыртты. Солардың келуіне ұштастырып, жақын жердегі көршілерді шақырып, кішігірім той жасады. Сөйтіп, 1944 жылдың қыркүйегінде бұл кезде өздігінен кітап оқи алатын дәрежеге жетіп қалған 9 жасар Жұмекен Дыңғызылдағы орта мектепке кетті. Сондағы Күлмәш апасының үйінде жатып оқитын болды.
Оның оқуға кетуі маған жеңіл болған жоқ. Бірақ сағынғанда сиректеу болса да барып тұрдым. Ал ол каникулға келерде менің көлігім бір күн барып күтіп, жатып алып келетін. Сондайда қуана қауышатын едік.
Сөйтіп, Жұмекен орталықта білім соңында, мен ауылда жылқы соңында жүрсем де, бір-бірімізге жүрек жарды достық сезіміміз ортаймайтын. Оның каникулға келуін, одан кейін қайтуын Нәжімеден қарт маған тапсыратын.
Осылай Жеңісті де қарсыладық. Көп боздақтар туған ошағына оралмады. Дегенмен, тірі адам тірлігін істеп, өмір өз арнасымен аға берді. 1947 жылдың наурыз айында Нәжекеңнің кіші қызы Шырақай ұзатылды. Оның шын аты Мүслима болатын. Жоғарыда айттық, Жұмекеннің анасы, Нәжекеңнің келінінің аты да Мүслима ғой. Бір үйдегі екі адамды шатастырмас үшін тапқыр қарт кенже қызын "шырақ-ай, ай-шырақ" деп атап, содан Шырақай атанып кеткен. Ауыл тойға дайындалып жатыр. Мен Жұмекенді каникулға бірер күнге бұрынырақ сұрап алып кеттім. Апамыздың баратын жері де сол Жұмекен оқып жатқан Дыңқызыл ауылдық кеңесінің "Ворошилов" ұжымшары. Болашақ жездеміздің аты Қален, сондағы қой фермасының меңгерушісі. Мерзімді күні құдалар, күйеулер келді. Кілең басшы орындарда істейтін мықтылар. Соларға қарсы Нәжекең қарт мені, Жұмекенді, "қызыл кемпірді" шақырып алып: "Сен Хамидолла - бас құда, сен Жұмекен - оның көмекшісі, ал сен қыздың шешесі ретінде Шырақайды құтты жеріне қондырып қайтыңдар!" демесі бар ма? Мен ол кезде 18-де, ал Жұмекен 12-де болатын. Бұрын мұндайды көрмеген, ретін білмейтін біз қатты састық. Ақыры өзімізге тіке сұрақ бермесе араласпай отыруды жөн көрдік. Ақсақалдың бізге осындай сенім артуы бізді тіпті жасымыздан да есейтіп жібергендей болды. Сөйтіп, сыйлы құда болып барып, апамызды құтты орнына қондырып қайттық. Кейін Жұмекен екеуіміз Алматыдағы оның үйінде отырып, осы құдалығымызды еске түсіріп, бір күліп алғанбыз.
Нәжекең қарттың сегіз қанат үйі бар. Сол кезде мұндай киіз үй ол маңда жоқ-ты. Кейін Жұмекеннен естідім, осы үй 1957 жылы Қазан төңкерісінің 40 жылдығына орай тігіліп, облыс бойынша бірінші орын алыпты. Ал, оның кейінгі тағдыры белгісіз. Осы киіз үйді жыл сайын немесе аударып тігерде шаңырағын екі қайратты кісі көтеріп, уығын атты адам байлап, туырлықтарын, үзіктерін және түндігін ат үстінен жаятынбыз. Менің үлесіме уық байлау, киіздерін дұрыс жаю тиетін. Бұл менің жастайымнан ат үстіндегі жұмысқа үйренгендігімнен болса керек. Нәжекең қарт та болса қайратты еді, шаңырақты бақанмен өзі көтеретін.
Жұмекен сабақты жақсы оқыды. Әрі мектепке баруы мұң екен, домбыраға төселіп жүре берді. Ауылға келген сайын үйренген жаңа күйлерін тартып беретін. Ал, одан босағанда малды ауылдың науқанды жұмыстарына қатысатын.
1951 жылы мен әскерге шақырылдым. Соны естіген Жұмекен мектептен сұранып, менің қасымда екі-үш күн болғысы келіпті. Мен оны Қиғаш өзенінің жағасындағы "Қызыл әскер" ұжымшарының орталығына алып келдім. Ондағы ойым, біріншіден, Жұмекен екеуіміздің құлын-тайдай тебісіп рахаттанған жерімізді көру болса, екіншіден, сол өңірде Сейітбатал деген мықты домбырашы бар еді, Жұмекен екеуіне күй тарттыру еді. Осы кісімен кездесуін Жұмекен кейін Алматыда болғанымда талай тамсана еске түсірген еді. Әскерге аттанардан бір күн бұрын Жұмекенді атпен мектебіне әкеліп тастап, ағалы-інілі жандардай құшақтасып қоштасқанбыз. Екеуіміз де көзімізге жас алдық, оны ерсі санамадық та.
Мен әскер қатарынан оралған соң Құлсарыға бет алдым. Өйткені маған әрі қарай білім алу, өндіріске араласу керек еді. Бұл 1954 жыл болатын. Сөйтіп, біраз уақыт Жұмекеннен көз жазып қалдым. Елуінші жылдардың екінші жартысында-алпысыншы жылдардың басында Жұмекеннің өлеңдері республикалық баспасөзде жиі жарияланып жүрді. Осы жылдар ішінде ол мені іздеп те жүреді екен ғой. Сол жылдары Құлсарыдан Алматыға сырттай оқитын екі жігіт, Ыбыраев Кемелхан және Қабылов Отар емтихан тапсыра барған. Жұмекен соларға кездейсоқ жүздесіп, менің бар хабарымды біліпті. Содан үйіне апарып сыйлап, алғашқы кітабын қолтаңбасымен маған беріп жіберіпті. Сол кітап менде әлі сақтаулы. Әрине, Жұмекен хабары мені қатты қуантты. Көруге аңсарым ауды. Содан 1963 жылы жолдасымды ертіп, Алматыға сапар шектім. Қазіргідей шапшаңдық жоқ, біраз күн жүріп астанаға жеткен соң бірден Жазушылар Одағынан баяғы "қара бала" Жұмекенді тауып алдым. Кемерінен асқан қуанышта шек жоқ. Ол кезде Жұмекен "Горный Гигант" шетіндегі бір бөлмелі үйде тұрады. Екі кішкентайы, әйелі Нәсіп бар. Сол үйде хан сарайындай бірнеше күн өткіздік. Жатарда Жұмекен әйелі Нәсіпке: "Сен Қабес (мені солай дейтін) екеуіміздің бала кезімізді толық білмейсің, бізге төсекті бірге сал, келмеске кеткен балдәурен күндерді еске алып, ашық аспан астында жұлдыз санағандай жатайық" деді. Сол жолы бұрын Жұмекен екеуіміз ғана бірге туғандардай болсақ, енді отбасымызбен араласып, екі әулет арасында да туысқандық сезім орнағандай еді.
Содан кейін 1967-1971 жылдары мен Алматыда жоғары партия мектебінде оқығанда, біраз жылым Жұмекен отбасымен тығыз байланыста өтті. Оның әйелі Нәсіп те мені туған ағасындай сыйлайтын. Мен Жұмекенге келген сайын күй тарттырушы едім. Сондай күндердің бірінде ол: "Қабес, сенің баяғыда домбыра үйренем деп ұмтылғаның әлі есімде, бірақ мен үйрете алмадым, ал сен маған алғаш әріп үйреткен едің-ау" демесі бар ма. Сол үйде Жұмекеннің әдебиет майданында қатар жүрген жолдастарымен дастарқандас болдым. Соларға Жұмекен мені таныстырып: "Мына кісі менің алғашқы ұстазым, оның маған берген білімі кейінгілерінен көп артық" деп отыратын. Жұмекеннің өзіне біткен аяулы қасиеттерінің бірі еді ғой.
Сөйткен Жұмекен өмірден ерте кетті. Екеуіміз балалықтың балдәурен кезін бірге өткізген жерлерімізді аралап, Нарын құмына аунап қайтпақ болып талай оқталдық та. Амал қанша, күйкі тірлік қол босатпады.
Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің туған жерінде есімін мәңгілік қалдырып, мүсінін орнатса құба-құп. Ал, бұрынғы шығармаларын жинақтап қайта бастырған да жөн-ау. Қазіргі ардан гөрі ақша алға түскен заманда баспадан ешкім оқымайтын арзанқол дүниелер шығып жатыр. Ал, Жұмекен жырлары таласып оқитын шығармалар қатарында екендігі кәміл.
Иә, "қара баламен" бірге өткізген күндер көз алдымда, айтқан сөздері құлағымда. Өмірден аққан жұлдыздай ерте өткен талантты іні, тамаша досым жайлы қысқа естелігім де аяқталды. Жұмекен Нәжімеденов оны басқа білетіндердің де жадында болар.

1995 жыл