I
Селкілдеп сексеуілі, сардалада
Туды өмір орындалмас арман ала.
Сар дала – сары атандай жауыр еді,
Үймелер сауысқан мен қарға ғана.

Қой бағып ата-қазақ, түйе мінген –
Сол ғана оған тиген сый өмірден.
Шегіне кәрі шанақ домбыраның
Ән құлап, күңіреніп күй есілген.

Қинала күбірлеген Асан бабам,
Өз жанын өзі жырлап баса алмаған.
“Жақсылық қашан?” – деген сұрақ қойса
Құлағы қу заманның тосаңдаған.

Көлеңке болды Жерге көлеңдеген,
Көп қайғы араласып өлеңменен.
Жақсылық жат естілді сол ғасырға,
Тек қана “өлем!” десең, “көмем!” деген.

Күректер көр қазуға тұрды дайын,
Сайғаққа сұранғанда сырлы қайың.
Түкіріп Асан кетті қара жерге
Тілінің ұшындағы “бір құдайын”...

Тау қолы бұлақтарды қылғындырып,
Көпіртіп, көгертеді бір жынды ғып.
Тағдырдың сор-шоқпары басқа соғып,
Көп үміт жасқаншақтап жүрді бұғып.

Ал, енді мықты болсаң аяп қара!
Тағдыр сол – бастағанды аяқтама.
Ұмтылды қара бала қой бағуға
Әкеден қалған мұра – таяқты ала.

Бейне бір мұрагердей хан тағына,
Бар демін пайдаланды сарқа бұ да.
Алдынан ұрпағының шыға келді
Қолында сол таяғы... шал тағы да.

Жылдарға жылдан өтіп барсаң – бағың,
Таяқпен сыйлайды өмір қарсы алғанын.
Сүйенді кәрі ғасыр сол таяққа,
Таяққа салып тұрды ол бар салмағын.

Маңдайын жарға сүйеп Дәуір тұрды,
Алдына бұлақ-өмір тау іркілді.
Тек қана күн батады, таң атады
Аударып әрең-әрең ауыр түнді.

Көкжиек қалғыған боп көзін жұмып,
Тау-дағы, тастар-дағы сезімді ұғып.
Ойланған болып жатты.
Аспан аң-таң
Дей ме елде: “бұ неғылған төзімділік!”

Жел ғана шыдай алмай безілдеді,
Ұнамай бар әлемнің көз ілгені.
Арқасын қанша құзғын шоқыса да
Сар дала – сары атандай төзімді еді...

Қызғанда қазақ кейде таласатын,
Қымызға қосып ішіп парасатын,
Сонан соң екеу-екеу... әрі асатын –
Казекең бірде солай жарасатын.

Өздері билегендей Күн әлемін,
Атанған сері жігіт, бұла келін.
Несіне жасырамын Сізден мұны,
Сол қазақ әкем еді мына менің!

2
Көз жанар көп сүгіретті ойнатады:
Әнеки, шықты қазақ қойға тағы.
Тағдыры содан кейін не болды екен?
(О басым, ойлай алсаң ойла тағы!)

Сойыл мен сүр дойырды қару біліп,
Өсірді ол талай батыр қарынды ғып.
Бір қазақ бір тоқтыны жалғыз жейтін,
(Шынында ет жеу деген – дарындылық).

Қазекең жүре берді дүрмекке еріп,
Қойлы өмір қоңсысы боп кірлеп, тоңып.
Ағарды мезгілсіз кей сақал-шаштар,
Даланың ақселеуін тым көп көріп.

Ойламай көкжиектен арғы жақты,
Жүргенде жаратам деп арғымақты,
Даланы қараңғылық қарғылапты,
Бітепті мақта-заман бар құлақты.

Сыйлапты заман сүйтіп “тамаша ғып”,
Өмірі кимесе де қара шарық.
Ал, анда бабаның бас сүйегінен
Отырды Ақсақ Темір қала салып.

Тағы да қойлар жатыр қайқаңда аулақ,
Тағы да түйе жатыр сортаңда аунап...
Тағы да жарты ғасыр өтіп кетті,
Жүргенде ағайыннан байтал даулап.

Тағы да қыз, бозбала, тағы жиын,
Тыңдаған құлақ бар ма бағып үнін?!
Білдірмей өтіп жатты мыстан-өмір,
Қазаққа аударып сап тағылығын.

Бәрінің, бәрінің де бағысы – мұң,
Қарындасы – жыр, ақыл ағасының.
Қазекең жүрді еркіндеп жиен болып,
Дүние – ауылындай нағашының.

Бір өзі билейтіндей Күн әлемін,
Атанған сері жігіт, бұла келін.–
Басы – тау, төсі – жайлау осы қазақ
Әкем ед, әкем еді мына менің.

3
Баяғы даланы жел желпіп өтті,
Ескі үйді бір жаңалық селкілдетті.
Даланың қолы қармап оңай тапты
Қадалған кеудесіне жез тиекті;

Біреулер төсегінен шошып тұрды,
Біреулер өзін-өзі өшіктірді;
Ербиген екі погон, бір жағаға
Барлық бас құлақтарын тосып тұрды.

Қазекең айтушы еді қызбай нені,
Етекке ерді өмірдің мұздай желі.
Жас орыс төрге шықты,
деді әжелер:
“Япыр-ай, сақ болыңдар, қыз қайда еді!’

Қарады кейбіреулер тағы, тағы,
Біреуге сақалы жоқ жағы ұсады.
Қойнынан қалаш алмақ орыс ағам,
Сондықтан жез түймесін ағытады.

Сондағы отырғаны қызық тірі,
Көзіне жоқ көрінді бұзықтығы.
Ұғысты қазақ ымдап, орыс күліп,
Саусақпен топырақты сызып бірі.

Қазекең “қонақ” деді... тани келіп,
Іргеде мал сойылды, нан иленіп.
Бірінің тілін бірі көрді қызық,
Екі ұлы ел бірін-бірі сәби көріп...

Содан соң... айлар өтті, жылдар өтті,
Аңқаулық адалдықты құрбан етті
Патшаның саржадағай әкімдері
Қойды енді қылыш алып қырға бетті.

Сахара аспанына бір бұлт ұйып,
Көз жасы кетті әр жерге бір-бір тиіп,
Сонау бір қарауытқан көк астында
Мұржасы ескіліктің тұр қылтиып.

Жаңалық желдей есіп келді кіріп,
Көк шөптей қалды жатып ел жығылып,
Байлықтың болды көңлі көкпен бірдей,
Кедейлік шеге берді өткен күндей.

Кедейлік! Кедейлік-ақ қайран ғана,
Телмірткен іркіт пенен айранға да.
Тек қана тістеріне кекке біткен
Қырғышын қылыш қылып қайрады ана.

Адамның Адамдығын кінәлаған
Адамның аяғына құлады Адам.
Аш болып, арық болып жыламаған
Айтуға оңай ғой ол мына маған!

Күн өтті күн артынан билеп, күліп,
Асауды албырттыққа үйреттіріп.
Туған жер сақалыңнан жас кеппеді,
Бір сұмдық бір сұмдықты сүйреп шығып.

Түк сезбей жатты ұйықтап сақара жай,
Құбылды өмір шіркін сахнадай.
“Ресей – екеу!..” – деді Жидебайдан
Көтеріп сонда басын ақын Абай...

Замана бұлаңдайды – бұл алдайды,
Далаға жел қуаныш, тұман – қайғы.
Атының басын ұстап бүкіл қазақ
Түсіріп алды бірде Құнанбайды.

Құнанбай кеудесімен жат арманның,
Біреуі ед мал мен