(Үзінділер)
Ашылыңдар, семафорлар!...
Дәл бүгіннен бастайыншы жол басын,
Кездеспейін кеше басқан ізіме.
Бір арықтан екі аттауға болмасын,
Кешегі шаң бүгін қонса жүзіме –
Қайда менің жүріп келе жатқаным?!
Ұнатамын таңның жылдам атқанын,
Ұнатамын күннің жылдам батқанын.
Тұрғандаймын бір сарайдың алдында
Ашылуын күтіп ауыр қақпаның.
Күту деген қандай үн
Айтар жанға ендігі атар таң жайын?!
Тірер болсаң – тіре, дүние, өкшемнен,
Тірелмесін маңдайым.
Ашылыңдар, семафорлар!
***
Жасыл көше, тыныш күн...
Бұлағыңнан балқып тұрып су іштім.
Ақ сәулені маңдайыма жанимын,
Ақ жүзіндей қылыштың.
Дір-дір етіп сәуле ойнаса жүзімде
Тамшылайды суық тер мен жылы ұшқын.
Бұлағыңнан балқып тұрып су іштім,
Жасыл көше, тыныш күн...
Бір маңдай тұр қарсы қарап әр елге,
Келем жүзіп нұрға содан төгілген.
Одан асқан маңдай болса әлемде,
Маңдай жайлы өлең жазбас едім мен!
Көкжиектей сол маңдайдың кеңдігі,
Көкжиектей шексіздігі ақылдың.
Табиғаттай мәңгілік дейді ел мұны,
Мәңгілікке табиғаттан жақын кім?!
Маңдайлар да болады екен мәңгілік,
Мәңгі деген осы сөздей ардақты.
Мәңгілік те кейбір күнмен жаңғырып,
Қосады екен өз-өзіне салмақты.
Ол салмақты өлшейді тек
келешек –
Келешекке жалғасып.
Лениннің бір маңдайын теңесек
Көкжиек пен
семафорға мәңгі ашық...
Жарқырайды семафорлар,
құрметтеп
Ақындардың айтып жүрген әні не?
Құйылсын бір жасыл сәуле дірдектеп
маңдайлардың бәріне.
Жер-жұмыртқа,
ақыл мен ой – балапан,
Дүние үшін бір Ленин – қандай ұл!
Жақсы ұл туды барлық ғасыр бірігіп;
Бар махаббат – жалғыз ғана алақан,
Сипап тұрды Лениннің маңдайын...
***
Өз бойыңда қандай таңба болса,
Адам, –
Көшіресің көп үлкейтіп жерге бұл.
Тамырыңды
каналдармен ұзарттың,
Сабырыңды
аққан термен тергедің.
Бәрін берді,
бәрін берді Жер саған,
«басын иді» – ол аз ба?
Жердің түрік ерні ме су аңсаған
көктемдегі борозда?
Дән себесің уыстап,
Жан саласың, ұлы адам.
Күндер өтті сынаған,
Күндер келді ту ұстап.
Түс болып та көрді олар,
Кеш болып та көрді олар
Сол баяғы, сол еңсеңді,
Қарауытқан көлеңкеңді
Жер үстіне құланған –
Шаршамапсың, ей, ұлы адам, сен әлі.
Жаса,
жаса!
Күш пен Жігер одағы!..
Қандай ғажап билегені даланың!
Жеңілтек қой шөп басы.
Күрек болып кетті менің қаламым,
Астық ақтап жіберейін,
тоқташы –
Күректің де жарқылдасын маңдайы!
Жер жас әлі, түссе-дағы көп әжім,
Кәрі әйелдің көңіліндей жап-жасыл.
Күн көзіне тосып тұрып күледі ол
қызыл-күрең алмасын...
Ей, адамдар!
Гүр еткен бұл қандай үн?
Көрсетпеңдер бомба жарып сұс оған:
Маңдайы Жер шарының
Өз маңдайыңа ұсаған.
Ашылыңдар, семафорлар! –
Қайталаңдар осы сөзді, жаңғырық,
Ешнәрсеге тірелмесін мәңгілік
Планетаның маңдайы!
***
Келеді, әне, маңдайлар
Париж, Москва, Алматыда –
бүгінде.
Қалай атайды екен осы маңдайды
бүкіл дүние тілінде?..
Жердің шары – глобус,
Тауы, көлі – бір уыс.
Глобустан көтеріпті әрбірі,
Бір глобус – барлығы.
Соны сақтау бар жүректің әмірі.
Қалтылдама, күшті қолдар,
Жер тағдырын –
қолдың ғана ісі ғып,
Ала көрме түсіріп!
Жо, жоқ! Сенім – адамдарға,
Сөзге – теңеу,
балама:
Соңғы жұтым көк сүтті
Буындары дір-дір етіп кәрі ана
Қалай алып келе жатса ұлына,
Дәл солайша келеді алып
мұны да...
Жер бақытты!
Маңдайына біз біттік –
Кесілмесін бір бұтасы балдаққа.
Алдымызға көтеріп ап мызғыттық
Шілдедегі таңды аппақ –
Лениннің маңдайынан аумаған...
Біз – адамдар,
жасаймамыз жай қадам!
Төбеміз – көк,
аяқ асты – қия құз.
Ғажап тірі тасқын боп
көкжиектен әрі қарай құямыз...
***
Бұл өмірді екі-ақ тағдыр тұр құрап,
Жерді ұстап тұр
екі ғана көкжиек.
Қос мұржадан шыққан ысты бұрқырап
Тек бір-ақ жел айдауына көндіреді.
Бір тақырды шаңдатқандай қос құйын,
Қыли біткен екі көздей тұр әлем...
***
Теңіз – тәңдай,
тамсанады толқындар,
Көбік – сәби,
тәтті үлескен шуылдап...
Көкжиек – көмей,
мезгіл оны толтырмақ
Күн мен Айды кезек-кезек тығындап.
Жұлдыздар да дір-дір етіп жүзеді,
Кілкіп шығып мөлдір көктің бетіне.
Жұлдызымен бұл аспанды біздегі
Бір нән ауыз ұрттап тұрған секілді...
Дүниеде – тыныштық,
Тыныштықта тұр әлем.
Жылт-жылт етіп жымысқы
Су ағады жырамен.
Шатынайды электрдің шамдары,
қараң-құраң әлде не.
Түсіп тұрды түннің барлық салмағы
нәп-нәзік,
ақ сәулеге...
Адам – ұстаз,
алдындағы шәкірттей
Дүние тұр, жаңа ұғынып өз жайын.
Әрбір жұлдыз –
бір моншақ тер секілді,
Шып-шып етті аспанның да маңдайы...
1964