ЖҰМЕКЕН НӘЖІМЕДЕНОВ
(1935 – 1983)
Жұмекен Сабырұлы Нәжімеденов 1935 жылғы 28 қарашада Атырау облысы, Құрманғазы ауданы, Қошалақ құмының Ашақ деген жерінде дүниеге келді.
1954 жылы Нұржау кеңесіне қарасты Ленин атындағы орта мектепті бітіргеннен кейін «Жас қайрат» сегізжылдық мектебінде бір жыл қазақ тілі мен әдебиетінен сабақ берді.
1955-56 ж.ж. Қарағанды қаласындағы № 33/34 шахтада комбайнердің көмекшісі болып жұмыс істеді.
1956-1959 ж.ж. Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының халық аспаптар бөлімінде оқыды.
1959-1971 ж.ж. «Жазушы» баспасында кіші редактор, «Лениншіл жас» газетінің әдебиет және өнер бөлімінің меңгерушісі, Қазақстан Жазушылар Одағында әдеби кеңесші болып қызмет атқарды.
1973 ж. Москва қаласындағы М. Горький атындағы Әдебиет институты жанындағы Жоғарғы Әдеби курсты бітірді.
1974-1983 ж.ж. Қазақ Мемлекеттік кітап саудасы жөніндегі комитетінде редактор, «Мектеп» баспасының тарих және география бөлімінің меңгерушісі болып жұмыс істеді.
Алғашқы өлеңі «Лениншіл жас» газетінде 1955 жылы жарияланды. Тұңғыш өлеңдер жинағы «Балауса» деген атпен 1961 жылы жарық көрді. 1967 жылы Ұлы Отан соғысындағы қасіретті жырлаған «Жоқ, ұмытуға болмайды!» деген дастандар жинағы үшін Қазақстан Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды.
Қаламгер проза жанрында да қажырлы еңбек етті. Оның қаламынан «Ақ шағыл» (1973), «Кішкентай» (1975), «Даңқ пен дақпырт» (1977) атты романдар туды. Ақынның әңгімелері мен повестері, хикаяттары мен сын мақалалары топтастырылып, 2005 жылы «Аспан шақырады» деген атпен басылып шықты.
Ж. Нәжімеденов асқан күйші болатын. Оның «Күй кітабы» атты шығармасының негізінде 2006 жылы аудио-кітап жарыққа шықты.
Ақынның орыс тіліне аударылған «Весенние ветры» (1969), «Мое рождение» (1982), «Тебе говорю, потомок» (1986), «Солнцеворот» (1994) атты өлеңдер жинақтары басылды. 2003 жылы Санкт-Петербург қаласында орыс тіліне аударылған таңдамалы өлеңдері топтастырылған «Я есть» атты өлеңдер мен поэмалар жинағы жарық көрді. Сонымен бірге ақынның өлеңдері өзбек, чуваш, украин, тәжік және ағылшын тілдеріне аударылып басылды.
Ж. Нәжімеденов аударма саласында түрік ақындарының өлеңдерін, Сағдидің «Бустан» дастанын, А. Блоктың «Зауал» дастанын, А. Вознесенскийдің шығармалар жинағын, Ахмад Фаиздің өлеңдерін, М. Лермонтовтың, М. Цветаеваның, В. Маяковскийдің және т.б. ақындардың өлеңдерін қазақ тіліне аударды.
Жұмекен Нәжімеденов – 2006 жылы қабылданған Қазақстан Республикасының Әнұраны авторларының бірі.
2010 жылы «Менің Қазақстаным» атты өлеңдер мен дастандар жинағы үшін Жұмекен Нәжімеденовке Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты атағы берілді.
Ақынның есімімен туған ауданында ауыл, орта мектеп және Атырау қаласындағы мектеп аталды. Нұр-Сұлтан, Алматы және Атырау қалаларында ақынға көше аты берілді. Атырау қаласында ескерткіш және өзі туған ауылда Ж. Нәжімеденовке мүсін орнатылды.
Ж. Нәжімеденов туралы «Жұмекен» атты деректі фильм түсірілді, М. Азбанбаевтың «Менің Қазақстаным – Жұмекен» атты зерттеу кітабы жарық көрді. Ғ. Есімнің «Жұлдызды Жұмекен» (жалғыздық философиясы), А. Мырзабектің «Парасат биігі», «Рух жыры» атты зерттеулері, Қ. Юсуповтың «Ж. Нәжімеденовтің ақындығы» деген монографиясы басылды. Ақынның өмірі және шығармашылық жолы туралы «Жұмекеннің жүрегі» деген естелік кітап жарық көрді.
2012 жылы Ж. Нәжімеденовтің балалары ақынның өмір жолы мен шығармашылығы туралы жан-жақты ақпарат қамтылған «zhumeken.kz» деген сайт ашты.
2015 жылы ақынның жары Нәсіп Мұстахқызының «Жұмекен-құдірет» атты естелік кітабы жарық көрді.
БИБЛИОГРАФИЯ:
- «Балауса». Өлеңдер. Алматы, ҚМКӘБ, 1961;
- «Сыбызғы сыры». Өлеңдер. Алматы, ҚМКӘБ, 1962;
- «Өз көзіммен». Өлеңдер. Алматы, Жазушы, 1964;
- «Жоқ, ұмытуға болмайды!». Поэмалар. Алматы, Жазушы, 1965;
- «Жарық пен жылу» Өлеңдер. Алматы, Жазушы, 1966;
- «Күй кітабы». Өлеңдер. Алматы, Жазушы, 1967;
- «Мезгіл әуендері». Өлеңдер. Алматы, Жазушы, 1968;
- «Весенние ветры». Стихи. Алматы, Жазушы, 1969;
- «Ұлым, саған айтам». Өлеңдер. Алматы, Жазушы, 1970;
- «Қызғалдақ жайлы баллада». Лирика. Баллада. Алматы, Жазушы, 1971;
- «Мен туған күн». Таңдамалы өлеңдер. Алматы, Жазушы, 1972;
- «Ақ шағыл». Роман. Алматы, Жазушы, 1973;
- «Кішкентай». Роман. Алматы, Жазушы, 1975;
- «Даңқ пен дақпырт». Роман. Алматы, Жазушы, 1977;
- «Жеті бояу». Өлеңдер. Алматы, Жазушы, 1979;
- «Шуақ». Өлеңдер. Алматы, Жазушы, 1980;
- «Ашық аспан». Өлеңдер. Алматы, Жалын, 1981;
- «Темірқазық». Өлеңдер. Алматы, Жазушы, 1982;
- «Мое рождение». Стихи. Москва, Советский писатель, 1982;
- «Қыран-қия». Өлеңдер. Алматы, Жалын, 1984;
- «Менің топырағым». Жыр кітабы. Алматы, Жазушы, 1985;
- «Тебе говорю, потомок». Стихи. Алматы, Жалын, 1986;
- «Ұрпағым, саған айтам». Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, Жазушы, 1988;
- «Солнцеворот». Алматы, Жазушы, 1994;
- Үш томдық өлеңдер мен дастандар жинағы. Алматы, Жазушы, 1996-1997;
- «Мен – тамырмын». Өлеңдер. Алматы, Жазушы, 2001;
- «Қасірет пен қайсарлық». Өлеңдер. Астана, Елорда, 2001;
- «Жұмекен» (Атырау ақын-жазушыларының кітапханасы). Алматы, Арыс, 2002;
- «Жаңғырық». Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, Атамұра, 2003;
- «Я есть». Стихотворения и поэмы. Санкт-Петербург, Славия, 2003;
- «Менің Қазақстаным». Өлеңдер. Алматы, Жазушы, 2005;
- Екі томдық шығармалар жинағы. Алматы, Жазушы, 2005;
- «Аспан шақырады». Әңгімелер, хикаяттар, мақалалар. Алматы, Жазушы, 2005;
- «Менің Қазақстаным». Өлеңдер, поэмалар. Алматы, Атамұра, 2008;
- Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, Ан Арыс, 2010;
- Жеті томдық толық шығармалар жинағы. Алматы, Қазығұрт, 2012;
- «Ақ шағыл». Роман. Алматы, Өлке, 2015;
- «Кішкентай». Роман. Алматы, Өлке, 2015;
- «Даңқ пен дақпырт». Роман. Алматы, Өлке, 2015;
- «Қоңыр дәптер» (қазақша, төте жазумен), өлеңдер, Шыңжияң халық бас баспасы, 2016
- Дала дидары. Өлеңдер мен поэмалар. Алматы, RS баспасы, 2017;
- Қазақ поэзиясының інжу-маржандары, Нұр-Сұлтан, Фолиант, 2019.