1. Жыр оқыды бір ақын

«Табысымнан өзің бастап тат, апа, –
пара алып ем,
жасап едім сәл ұрлық» –
бұ не сөз деп түсіне алмай аңырдық,
ал, залдағы ел күлді: ха-ха, ха-ха-ха.
Кейіпкері әлгі сықақшы ақынның
сол парадан, деді, ақыры шатылдым:
күйігімді де өзің бастап тат, апа! –
Зал толы жұрт тағы күлді: ха-ха-ха!
Параны кім алмайды, елдің заңы әділ:
алым үшін өтті атудың заманы.
Хақтың өзі үй басына жыл сайын
құрбандық деп бір-бір қойдан алады! –
Осыны айтып ақталып ем, қата, апа,
бопты деді,
ал, зал тағы: ха-ха-ха!
Қол соғылды ха-ха-халап күлді сонда зал қанша,
алақандар жанғанша.
Ұрлықтарды паралармен, апа, біз,
жаба алмасақ түрмеміз бір – жатамыз.
Қазына одан қаңырамайды – білеміз,
жұтқан асың маңырамайды – білеміз.
Есерлік пен тоқтық, егіз, бұ да егіз,
жылайтұғын жерде содан күлеміз.
Күл-күл, апа, күліп-күліп жат, ана,
жалғыз ұлың түрмеде отыр, ха-ха-ха!

2. Тағы біреу оқыды

Мен сендерге көрсетермін, тұра тұр –
деп бастады жырын тағы бір ақын.
Шын дарыған жанмын деді ол арқалы
Жазғанда тек бостау екен арқауы.
Ширатылып оқығанда – сұрапыл:
Самарқау ел – қазақ елі деген ел:
түссе-дағы осы қазір төбеден
Хақтың өзі екі аяғы салбырап –
танымайды, танданбайды,
ал, бірақ
ақын болды Айбергенов Төлеген
кетті айтылмай сол жыршының ішінде ой,
айтылғанын қор еттіңдер түсінбей.
Бағаламай қорладың көп асылды,
тани алмай өлтірдіңдер Қасымды.
Сондықтан да қол соғыңдар, қане, ұлдар,
сендердің де, қыздар, ала-қаның, бар –
тарихтың доңғалағы, дөңгелен,
Мақатаев құсап ертең мен де өлем,
өлмей тұрып, дереу, дереу таныңдар!
Әлдене бір тың ой айтса – бір сәрі,
жер тепкілеп ақын жұртқа ұрсады.
Сынбасын деп өнер сағы, жыр сағы
Халық бәрін түсінуге тырысады.
Расында Аманжолов неге өлді,
қой, қой, ойбай, бағалайық өлеңді.
Жасы жетіп өлгендері жоқ,
демек,
өлді-ау ақын қол-шапалаққа өкпелеп, –
қол соғу – аз, тепкілейік еденді!
Әлгі залды шаң көтерді, шу қаптап,
жаман жырды лақтырды ақын шумақтап.
Сөйтіп ақынды анық танып еді елі,
Көр аузынан алып қалып еді елі.
Медаль тақты ол, өсті біраз беделі,
артистіктен жан салмады алдына,
сол арқылы өзі тірі қалды да,
әлдеқашан өліп кетті өлеңі.

3. Тағы біреу

Гренада, Гренада моя 
                        М.Светлов

Табиғаттың бойындағы сүтпенен
Көк теңіздің ортасына біткен ел!
Жаралып па ең қан төгу мен қайғы үшін,
Гренада, кіп-кішкене байғұшым!

Жантайғанда таянышы – көк теңіз,
ортайғанда аянышы – көк теңіз,
көсілгенде көрпесі де көк теңіз
Есілгенде еркесі де көк теңіз.
Түспеп еді көк теңізге көптен із,
Із түсті, әне, қанның ізі,
Сөкпеңіз:
қан боп суға төгілді деп сөкпеңіз,
кіп-кішкене ел жеңілді деп сөкпеңіз.
Тәңірге де, тағдырға да жазғаны –
Атланттай алып бола жаздады,
Гренада – халық бола жаздады.
Сүрінбейді, жығылады аз халық
жеңілмейді, қырылады аз халық.

О жылы да күн туған-ды зобалаң,
Қырғын тапқан топ-топ адам, топ адам.
Зеңбіректер содан бері тұр ұлып,
неткен халық таусылмайтын қырылып,
Гренада! Қаны неткен көп арал?
Қан әлі ағад,
қаза-батпан, қайғы-сел,
жапырағына шық орнына шаң бүркіп,
топырағына сүт орнына қан бүркіп,
көк теңіздің ортасына қаңғыртып,
тағдыр баста қуып салған байғұс ел,
Гренада! қаның жатыр әлі ағып,
жыртығыңды жасырайын жара ғып,
жетіміңді асырайын бала ғып,
Жаралып па ең қан төгу мен қайғы үшін,
Гренада, кіп-кішкене байғұшым!
Гренада!
Бөбегім-ай, досым-ай!
жырын ақын осылай –
оқып бітті.
Қол соғылды, бірақ әттең сирек тым,
ауыз да көп болады екен мұншама,
әр тұстан бір шип-шип етті, су сабап
ұшқанындай жалғыз-жарым үйректің.
Құр тастады жырды ықылас, батадан,
екен десті ойлары тым жатаған.
Рейган ғой мұның сөзін қыстырмайд –
өлеңді өстіп жазғырады екі адам,
бірін-бірі мәз ғылады екі адам.

1983