Кімге өкпелі?
Неге өкпелі – жоқ ісі,
тек біреуге бірдеңелер дегісі,
кінә артқысы келеді де жүреді.
Көңіл-кірдің қалыңдығы бір елі –
жуған сайын қалыңдайтын тәрізді,
қанша жусын – арылмайтын тәрізді.
Кінәласа әлдекімді жаны ізгі
өтейтіндей мойнындағы парызды.
Қашан көрсең – өкпе айтады, бір өкпе,
өкпе, өкпе, өкпе айтумен жүр текке.
Ауруы бар, ауруы бар қылт-етпе,
талмасы бар, талмасы бар дір-етпе,
Кейде кергіп кісімсиді көп біліп,
зырқылдатып жібереді шекені.
Еңіреп жүріп – ерге зорлық етеді,
жылап жүріп жақсыларға соқтығып.
Соның бәрі үміт-дәме көптігі,
меніңше, әрі... қайрат-жігер жоқтығы.
Әлдеқалай әзіл айтсаң,
содан да
астар тауып асқынтады табанда:
көкірегі түрме ме, әлде, қамал ма,
шын болмысын жасыратын сырт көзден
ақыл ма, әлде, амал ма –
қанша ойласам – таба алман!
Қашан көрсең зіл тастайды жатып ап:
бір қарасаң – айлакер,
бір қарасаң – ақымақ!

1983