– Қайда бара жатырсың, – деп сұрасаң,
– тіс жұлдыра барам, –дейді жерлесім.
– Қайдан келе жатырсың, – деп сұрасаң,
– тіс жұлдырып келем, – дейді жерлесім.
Жерлесімнің халін басқа бермесін:
ұртының сәл іскен жерін ұстап ап,
сөйлесуге тырысады қысқарақ.

Ауылдастар арасында қаптаған
есі бүтін жігіт еді ел мақтаған,
ауруының арқасында тісінің
сол жігітпен сөйлесуден қап барам.

Тістің саны отыз екі болса шын,
жұлып біту керек еді соншасын?!
– Күлме! – деді бір жолдасым кекселеу, –
жігітіңіз өзгерген ғой Сіз көрген,

тісі – сылтау,
қызметінен өскен ол, –
сөйлескісі келмегені біздермен.

– Бәріміз бір бітіріп ек мектепті,
мектептеске сенбеу деген – көкбеттік.
бүйте берсек – бітірмеспіз көктеп түк.
Жігіт – өссе, құтты болсын – не дейік,
жалған айтса – сол айтсын,
біз – сенейік,
бар мәселе, дедім, достым, мынада:
күдік айтсақ тістің ауруына да –
неткен халық  боп кеттік?!

1983