Грециядай Құдайларға бай елде
Құдай болды, еркек түгіл, әйел де.
Адамы істеп бітіргенде көп істі,
Құдайлары бастайды екен соғысты.
Алауыздық аңсап тұрса Құдай да,
пәнделердің ісіне, дос, мұңайма.
Қасарысқан Зевспен
Прометей Құдай еді былай да.
Бас иіпті Атланттың күшіне ел,
Гераклдың құдіретін мына мен де түсінем.
Мықтыларға түсінем мен – табынам,
мықты, мықты – мықтылар,
түсінемін мықтыны – мықтылығы жағынан:
Зевс атты әміршінің даңқы ұлы,
көп кірпікті күйдірген найзағаймен жасқатып,
адам түгіл, жасқантыпты тасты атып.
Ұлы Құдай, Құдай – Құдай, себебі,
билікке – бар,
жоқ іске.
Бітірген жоқ Зевс те
қарауындағы халқына
тырнағын батырғаннан басқа түк.

Ал, Антей ше?
Құдіретімен, ісімен
Құдай болған пәнделердің ішінен
мен Антейді жақынырақ түсінем.
Мықтылықтан гөрі кейде, салып ән
осалдыққа табынам:
Антей маған ұқсайды екен себебі
осалдығы жағынан:
мен секілді оның да жер – мекені,
мекенінен табаны ауса екі елі,
мен – өлер ем,
Антей өліп кетеді,
Топырағынан жұлынса,
Гүл секілді ерні кебер кезеріп,
қасіреттің аптабы өртеп өзегін –
сүйген екен Антей де
өз топырағын, өз елін.

1983