Жоқ еді ешкім содан ақыл сұраған:
– адам болу керек, деді бір ағам.
Енді қалай?
Жаңалық қой бұ да ашқан,
даналықпен ұласқан.
Осы сөзбен бұзды мені сол кісі,
себебі, оның келді ақылды болғысы.
– Адам, – деді ол, – қашан да адам емес пе?
– Жоқ, кей кезде ит болып та кетеді!
Ауызыма қақпақ керек екі елі,
көрінгенмен түспеу үшін егеске.
Сондай кезде, «Мың бір түн»,
ораласың сен еске.
Ақыл – қалап өз еркімен келмесе
үйренуің қиын екен;
мен де есе
жібермедім: тыңдамадым талай аға ақылын,
соларсыз-ақ есер болам ендеше.
Құлақ та адам денесінің мүшесі
жұрттың ақыл-сөзін оймен ерітіп,
құлағыңмен ішесің;
сол ақылды тындамасаң – бәрібір,
тыңдасаң да – ақымақсың үш есе!
Уақытым жоқ ақылы көп кеңеске,
амалы жоқ: судырайды емен де
жапырағы арасынан жел ессе –
Осы сөзім ақылды сөз емес пе?!
Ал, сен мені шақырасың егеске?
Жүйкеме ойнап отыр тағы бір қыртың –
О, «Мың бір түн», «Мың бір түн!»
Сен қымбатсың қымбаттан,
Мың түн емес – қазынасың мың батпан!
Күйсің-ау сен сөзден талдап өрілген
уағыз айтпай тыңдатқан!..
Әрбір сөзі қызулы арақ-шараптан,
қызып қалатындайсың әр парақтан.
Айта түсші, Шаһаризада-Қалмақан,
Жоқ қой әлі таң атқан?!
Дауыл күнгі өрт тәрізді аптыққан
Неткен әсер! Қасірет пе, шаттық па –
көкірегімде бір сиқырлы дыбыс бар,
әр тамырың теңізге ұсап тыныстар.
Көтер, жүрек, жалыныңды жоғары,
жарқырасын түкпір-түптер, қуыстар!
Ертегі ғой?
Ертегілер – ертегі
шыли-шикі өтірік деп жатады.
Шындық қуған мәні жаңсақ, жат әрі
Шаһрабаздар болып тұрад оқтаста.
Өтірікке өнер қосса, от қосса
Шындықтан да биік екен атағы!
«Шаһаризада төсегіне жатады» –
Шаһрабаз неткен бақыт-ты патша,
патша – сөзді тыңдамаса қайтер ек?
«Мың бір түнде» – өсті ол бейне бәйтерек,
әр түн сайын бір бүр жарған бұтақша.
Қызғаныш па? Маған бір сөз батады:
«Шаһаризада төсегіне жатады».
Жо-жоқ деймін, сене алмаймын мен соған,
сене алмаймын, қайталансын қаншама,
себеп?
Себеп: ондай отты кісілер
бір ұйықтаса – оянбасын түсінем.
Бір жанған от жану үшін тағы да
тағы керек жаңа, жаңа мағына.
Иттік, ерлік бір-бірінен қара үзді!
Жауыздық көп,
қайырым да бар ізгі.
Харамдарды Хақ алдында қарыз ғып,
ел көзінде жақсылар жүр әлі үздік.

Талай асыл күтіп жатыр адал іздеушілерін
Шымыра-Ділдің қазынасы тәрізді.
Қара барқыт Шығыс түні жұлдызды
сөйлетіп ап асып туған бір қызды,
тыңдап отыр соны әлі:
патша бүгін тағы сонда қонады,
Шаһаризада тағы ұйықтамай қалады.
Көрсетіледі ол ертегілер арқылы
шындықтардың көз қаритын жарқылы;
адал жанның басын қорғап тағы да,
табад тағы жаңа, жақсы мағына.
Судырайды жасыл бағы Шығыстың,
патшасы отыр қайта толқып,
қайта ұйып.
Мешіттердің төбесіне Ай тиіп,
елеңдейді жапырақтың да құлағы.
Даналардың желкесінде тұр әлі
жауыздықтың қылыштары қайқиып!..

1983