Тас домалап, дауыл тұрып балағынан,
қара шыңнан қарғығанда бала қыран,
қарсы ұшқанда ақ түтекке қайқаң қағып –
не ұша алмадық соған ұсап,
не сүйсініп бір ауыз сөз айта алмадық.
Қулығымыз құдіретке де,
сайтанға анық:
Әлдебіреу шындық айтса –
қамшы ұрғандай қайқаңдадық,
шыға беріп өсек салдық өсек салған дорбаларға.
Арамдықты тас қып артар арба бар ма,
қойнымызға тыққан тастың салмағынан
қозғаламыз зорға-зорға,
сонда да біз жаға алмадық қаптап жүрген
қарғаларға.
Қарғаны да Хақ жаратқан;
Обал! Обал!– дескен де едік,
Обалдыны аяғанмен,
киеліден сескенбедік.
Емен шапқан балтамызды мақтадық біз күліп тұрып,
ақ қаздарды мақтадық біз –
қауырсынын жұлып тұрып –
уақыт бізге кеңдік етті – соның бәрін ұмыттырып.
Талғаймыз біз,
іс етпедік талғамай түк,
талғамды тек бүлдірдік біз жиі-жиі жалған айтып.
Жұмсақ миға сіңбей қойды батыл бір ой,
қатты ағашқа шеге қағып,
аман-сау жүр балға қайтып?!
Аттап өтіп айлаларды, амалдарды,
Шындық сырын жарып айту саған қалды.
Шыңнан қарғып ұшқындардың қырандығын,
Сен, сен аңқып айтып берсең,
мен тыңдауға антенна боп тұрам бүгін.
Жапалақтай жасықтарды жер ғып,
демек
қыран жайлы қайқы сөзді тыңдау
үшін де ерлік керек,
болу керек, құрығанда, жарты қыран,
корықпау үшін қарғалардың қарқылынан.
Білек – қуат,
құлақ қайдан нәр алады:
қара қылды қақ жаруға қанжарлар да жарамады.
Жігер де жоқ, желік те жоқ, арам әрі,
«түсінбедім»
деген бір сөз топас жанның бар амалы.
Обалы бар – тірі жанға тимеу керек дегенді де,
киеліні – кебіс етіп кимеу керек дегенді де
жанып айту саған қалды,
танып айту саған қалды орнын әрненің,
саған,
саған, саған қалды, домбырам менің!

1983