Ет іздейтін кей-кейде
әдетіміз еді ескі,
әдет – ауру дегенмен
онша қауіпті емес-ті.
Досым маған: қой, деді, бірер сағат жұмысты,
кеттік, деді, тау жаққа,
шөлдеп кеттік, күн ыссы.
Ала қабырғасы бар ақ «Волганы» ұстадық:
су себілген асфальт жол шыға келді қысқарып.
Түтін шыққан бір сайға асығыстау кеп түстік.
Шуда-мұртты жігіттің шашлығы көп пісті.
Жігіт отқа тұр қарап,
қолында ағаш бір қалақ,
шалқытады түтінді ағаш қалақ былғалап.
Түтін қойылған сайын қоңырсып кеп күйеді ет,
күлге шөгіп күрсініп жатып алған үйелеп
томар-томар сексеуіл ұқсайды екен түйеге.
Түтін – ащы,
шоқ – солған,
көмір аз да, күйе көп.
От үстінде ойнайды сұйық сағым көлгірсіп,
күн теседі шекені – самайлардан тер быршып.
Бұрыш – қызыл,
ет – қызыл, үйлесіп тұр, үйлесіп –
шуда-мұртты жігіттің қызарады шүйдесі.
Күлкі естіліп бірауық,
алға жылжып бір елі
жақындаған кезегі жұрт көңілді тұр еді.
Салды кенет айқай-дау күреңіткен бір адам:
– Екі сомым жеп қойды, қараңдаршы мынаған,
бес сом беріп едім мен.
– Үш сом бердің, – деді анау,
күн ыстықта адамға ұрысу да обал-ау.
Екі сомын қуған жан үш таяқша тұр ұстап,
алға итіне түседі ұрысқалы дұрыстап,
шуда-мұртты жігіт те ұрысқақ-ау, ұрысқақ.
Екеуі де әркімді шақырады куәға,
куә қайда: біреу – мас,
біреу қылжақ, дуана,
байқамапты ешқайсы бергендігін кім қанша,
ал, әлгі екеу...
шыдадық құлағымыз тұнғанша.
Темір астаудан өрген жасыл түтін бұл жасыл
ауыздардан шыққандай (кеңірдектер – мұржасы);
Екі сомнан осынша өрбіп кетті көп егес, –
жеңін түрді әлдекім: шықса-ау, шіркін, төбелес!
Жалын шашты бет-жүздер,
ұшқындасқан көз қандай,
тіл дегенің көк сүңгі болса-ау шіркін,
сөз болмай!
Ақша иесі үш таяқ шашлығын бүре ұстап,
шуда-мұртты жіберді жеті атадан дұрыстап.
– Невежда! – деп ол айтты,
– Көрнадансың! – деді анау,
екеуінің сөзі де шындық болса – обал-ау.
Шашлықшы шуда-мұрт сонда анаған қас қыла
ромбасын көрсетті ақ халаттың астынан.
КазГУ бітірген екен.
– Шашлықта ырыс, бақ –
дипломды жебірлер жейді, – десті ал, – дұрыстап,
оқыған ғой себебі?!
Осал жерден тұр ұстап
дипломсыз ғалымды дипломсыз ұрысқак,.
Ал, біз болсақ – терледік:
күн ыссы ғой, күн ыссы-ақ.
– Шырағым-ай! – деп сонсоң
шашлық ап күрсіндік,
бұ даудың да ақыры ашты, өйткені, бір шындық.
Қайтарылды екі сом.
Жігіт төмен қарады:
– Обал, – десті ел, – обал, ә?
– Күнелтіс қой, – деді, – аға!
«Күнелтіс» деп күйбеңмен көп күндерін өткізген,
сына жігіт тыл-сымға
сығырайып ет тізген
әлі түр сол көк сайда,
күнге қарап бетті ізгі,
«Надансың-дар!»
деп қойып бірер сомнан жеп бізді.
Дипломы – қалтада,
үйлеспесе ісі іріп
ромбысын көрсетед – шашлығын пісіріп.
Бәрі ардақты еңбектің,
қорлық емес ешбірі,
бірақ осы жігіттің ұнамады кескіні:
он бес жылдай оқыған азаматтың сиқы осы,
мұндайларды, қызығы, шашлық қып үйтесің!
Қаражаты халықтың,
ұстаздардың жүйкесі...
Неткен сұмдық!
Сұмдық да шындық болса – жарқырат,
шындық: бір сом – ол үшін жарты байлық,
жарты бақ.
Сымға тізіп сан-етті қары ұйыған қалтырап,
құлқын құлы,
мен сенің дипломыңды тартып ап,
БАМ-ға апарып салар ем!
сескенемін мен сенен,
пайда қуған пақыр жан,
сені ойласам – теңселем.
Сенсің нағыз сорлылық,
міне, қоғам, шын қырсық:
түсіп тұрып қалтаңа – ақыл айтад білгірсіп,
«күнелтіске» келгенде ұяты жоқ,
жоқ ары,
қолы – күлді көсейді,
ал, кеудесі – жоғары.
Сауал, сауал көп менде,
түсінбеймін түк кейде:
бас дегенің қарыннан биігірек бітпей ме?!

1983