Көзге – сұлу десе жұрт,
жұрттың айтқан сөзі – шын,
көп нәрсені жасадық көру үшін, көз үшін:
құлақ үшін жаралған сөзге де біз сыр жақтық,
сол арқылы құлақтың шын ролін қылжақ қып.
Әсер үшін – әсемдеу, зорлық емей немене,
зорлық етсе шындыққа – қорлық емей немене.
Қырсық десе көз бояу – жұрттың айтқан сөзі шын,
бояушылар әдетте, біледі үздік өз ісін:
қатырмадан әлдекім қала салса,
бір қойшы
жүз сексенге жеткізді жүз саулықтың қозысын.
Сыр, бояуға сондықтан күн сәулесі тайғанап,
Фортуна жүр көк киіп көрінгенді аймалап.
заты – әйел ғой,
Фортуна ұшып-қонар сықылды,
ал, қой түбі қозы емес,
мысық табар сықылды.
Ерлігіміз – ертегі,
байлығымыз және аңыз,
сол аңыздың өзін біз боямалап бағамыз.
Аңыз деген-нің өзі бояу емей немене,
шындық күткен көңілге қаяу емей немене.
Бояу деген-нің өзі асқаралы-тау сын-ды
өсіп кетті шыңдары – бұлттан асып таусылды.
Сол тау-биік бояудың қабатынан,
Шындық-ай,
ести алмай қаламыз кейде сенің даусыңды.
Мезгіл желі еседі:
өтірік бар, мақтау бар –
аржағында не жатыр, айналайын, ақ таулар?!

1983