Тұрғаныма ширек ғасыр қалада,
сонда да көп ұқпағаным;
жан-аға,
өзің айтшы, өлген жанды молаға
жасыра сап той жасауға бола ма?
Қайтыс болды жетпіс жасар бір ана –
ей, сұрама, сұрама:
тост айтты жұрт,
сөздер кетті пышырап.
Көбі ішіп ап, ішіп ап
жамырасты;
бірі – шешен,
бірі – әңгі,
бірер әңгі сөз сөйлеуге сұранды,
сұранды да сөйледі:
– Кәрілердің қазасы – ұлы той, деді.
Өлім – той деп кім айтты,
өлім – қашан той болып ед, –
осы сөз
мені мықтап мұңайтты.
Минерал су ұрттап ап,
отырсаңыз сынай ойлап, сырт қарап,
талай тәртіп салғың келер болмысқа –
әттең,
әттең, қол -қысқа!
Туыс, жек-жат қызмет етті дірдектеп,
шашылса – әлгі үй шашылды
марқұмға еткен кұрмет деп.
Құрметтің де құрметі бар, ағайын:
бір адамның қазасының қасында
татымайды, расында
мыңдар түгіл, миллиондардың құны түк.
Тек мынаны қаперіңе салайын –
кетпесін жұрт кісі өлгенін ұмытып!

Жеті бірдей бала қалды бүлдіршін –
қайтыс болды қырық жаста бір қыршын.
Арасынан ағыл-тегіл арақтың
бір топ шешен:
– Бұ да той! – деп қарап тұр!
Не масқара!
Өскен елге – бұл да есеп,
мәдениет,
тәлім-тәртіп – күнде есеп,
күлкіміз – құм,
көміріміз – күлге есеп:
неміз өсті,
немен өсті күллі есек –
Қазаны да азалауды білмесек?!
Өзің айтшы, жан-аға,
өлген жанды молаға
жасыра сап той жасауға бола ма!
Арақ жүрсе – қайғың, азаң – тірі оңбас,
бөтелке-бас,
ақ бас, сары бас, күрең бас,
біреу жылап отырғанда,
біреу – мас!
Көрдің бе, әне, көзіңе жас іркілді –
бүгін оны сен көмдің,
ертең сені...
рухы үшін өлгеннің
қорланасың бір түрлі!
– Жаназаңыз осы,–  дедім, – қалада...
– Ауылда да осылай ғой, – деді аға.

1983