Айқыш-ұйқыш мизам-жіп асылдыртып,
ағаштардың қойыпты басын қырқып:
күтімді екен, байғұстар, мұнша сыйлы –
ық жағынан айналсаң – у сасиды.
Жапырақтар тоқтықтан жарылады.
сол жарылған тұстары дәрі-дәрі,
дәрі-дәрі боп кетті-ау бәрі-бәрі.
Дәрі жей ме,
жей ме әлде құрт ағашты –
осыны ойлап осынша жұрт адасты:
агрономдар,
химиктер, талас, талас,
талас бізде бәрібір толастамас.
Түсі бар да исі жоқ жапырақ не,
қоңызы жоқ,
құрты жоқ ағаш па ағаш!
Сайы – жұмбақ,
құйқасы-қыртысы бар,
шешілмейтін дауы бар, қырқысы бар,
Жердің шары – бір үлкен ағаш десек,
Жан-жануар – қоңызы, құрты шығар?!
Исін іздеп жап-жасыл мына ағаштың,
армансыз боп мен-дағы бір адастым.
Қыр соңыңнан қалмайды удың исі –
тұра қашқың келеді, тұра қашқың.
Секілді бір химия майданы өткен,
шарпиды исі мұрныңды майда леппен:
Цивили-за-ция-ның у – исі болса,
сенің исің, табиғат, қайда кеткен?!
Бір аптека тұрғандай тұмсығыңда,
дәрі жұтасың,
уақыт жоқ тұншығуға.
Табиғаттың қайғысын, жапырағын –
менің титтей ақ күміс-ақымағым:
бозша торғай секілді жыршы жырлап,
бұтағына қона алмай жүр шырылдап.
Таңдамай да танымай ештеңені,
бозша торғай ештеңені екшемеді.
Ұя қорып шыр-пыр боп өскен еді –
жетсе жарар деп келем кешке демі.
...Бұрынғыдай емес-ау бұтам-ұям,
Менің жаным да әрнеден сескенеді.

1983