Көгеріп тұр шырша тек әлі бір түп,
қалғандары осал-ау, тәңір алғыр:
бәрі солған бетінде әрі бардың,
жапырағы барлардың бәрі жыртық.
Аясаң тек даланы ая, Құдай,
біздің қала тірлігі баяғыдай.
Қурағанда – қурайтын жапырақ па,
жапырағың не керек ақымаққа,
өз бетіне жағатын бояуы бар –
боянып ал, арулар, боянып ал!
Тұрмыс әсем,
қайғы жоқ жарты қасық,
терезелер тұр, әне, жарқырасып.
Түтін құсып УАЗ кетті арқырасып,
автобустар тоңқаңдап артын ашып.
Тек табиғат...
тал, қайың сол баяғы,
Суға түссе бейнесі – тоңды аяғы.
Тұрмыс қанша өзгерсін,
Желтоқсанға
сол баяғы Абай қарт қол қояды.
Бәтіңкімнен су өткен,
мұздап тағы
тоңды аяғым –
япырай, міз бақпады
асфальт салған бетіне топырағым –
беті қалың екен-ау, беті қалың!

1983