Бір қарындас қыран-бүркіт сыйлады,
шошып кеттім – тұрымтайдай кісі едім:
– Қыран болман үш тірілсем де үш өліп,
Әйткенмен бұл сыйың үшін – ішемін!
– Аға, деді ол, – қыран емес бұ да әлі,
келіспейді көзқарасы, аңдысы.
Мұны, сірә, олақтау жан жасаған,
бірақ ол да биікті аңса-ған кісі –
жетпей ме сол?
Соның тілек-пейлі үшін сатып алдым –
мейлі өтірік, мейлі шын –
әркімнің де бір-бір дәме жейді ішін,
ал, әйтпесе талпынғанның барлығы
қыран болар деймісің?!
Шошуыңа қарағанда, сен де, аға,
бір биіктен үміттісің – алдама!
Дәме керек – қанатты бол, тісті бол –
дәл түстім бе құпияңның үстінен?!
Құс мүсіні жасалыпты мүйізден,
Шебер шіркін баққан екен жан сап-ақ:
қыран – қыран бәрібір
жасалғанмен қанша олақ.
Томағасын жаңа ғана тартыпты –
Құсбегі қарт ұмтылыпты сәл алға:
Қанаттыны ұшыру ма деп қалдым
біткен бақыт қанаты жоқ адамға.

– Рақмет, қалқам, – дедім, – жеңілдім, –
маған үміт-сенім артқаның үшін,
қыран жасау болсын барлық жұмысым;
біткенше соңғы демім, тынысым,
еңбегіме тілемеймін және түк,
пиғылымды жасырмай-ақ ешкімнен
көрем мен де бір биіктен дәме етіп!

Суретін күйші Дина-кемпірдің
салып жатқан қарындашпен он түрлі
Саидаға бір қарадым сүйсіне.
Жоқ еді, рас, онда өнердің исі де
сәби-талап қана еді.
Құп көрдім мен олақтың да талабын,
күллі тірлік талабымен әдемі.
Шамасына қарамайтын жұртты мен
сол бір сәтте арашалап алғым келді
жан сала
әзіл, мазақ-түрткіден.

Талаптылар олақ болсын, қаншама –
көрсем, дедім, кешіріп те, сүйіп те:
керек, керек қырандардың бейнесі
жұртты талпындыру үшін биікке!
Қыран мықты,
қыраннан да
ұқ, бірақ:
Пикассоның көгершіні мықтырақ.

1983