Шырылдатып торғайларды, шымшықты
Шығыс жақтан күйіп-жанып Күн шықты.
Күйіп-жанып сүйіп едім бір қызды,
Шымшық сын-ды титтей сары тұмсықты.
Орамалы қып-қызыл ед сол күнгі –
Көл аударды қызыл-қызыл толқынды.
Күн қып-қызыл,
қызыл бояу қалыңдап,
қызыл ойнап толқындардың жалында ақ –
Күншығыс жақ кетіп еді жалындап.
Қызыл шыңға бұлттар келіп қып-қызыл
тұрды сол күн қызыл сүтін жұтқызып.
Қызыл торғай шыр-шыр етіп жүрді ұшып.
Қызыл тілін сүйретіп кеп бір күшік,
екеуімізге кезек қарап, ұқпай түк,
бір шәу етті – ұқпағанын бітті айтып,
көкжелкемде қызыл бұлтты тау тұрды,
қарсы алдымда қызыл ора-мал тұрды.
Орамалдың желмен ойнап бір ұшы
қызыл оттың тіліне ұсап шалқыды.
Жанарыма тұнды бір сәт қызыл қақ,
бір сәт құлақ-шекем кетті ызыңдап.
«Арзан ойлайды екенсіз-ау, деді қыз,
құда түсіп, содан кейін келіңіз».
«Қалқам, дедім, құда түс деу күмәнді іс,
Күмәнді іске апарады бұл аңдыс.
Бес жыл бұрын құда түсіп едім мен,
бір-ақ мәрте түседі ғой қыран құс.
Түлкі қызыл болған сайын – аңшы көп,
түлкім, дедім, бүгін ғана жаншы үдеп.
Жауыр көрсе – күнде қонар сауысқан,
қыран түссе – түсуші еді қанша рет?!»
Ғайып болды күрең қызыл орамал,
мен сілейіп тұрып қалдым, жоқ амал.
Қызыл шыңнан ұшып кетті қызыл бұлт...
содан бері талай-талай бұзылдық.
Қораз қорқыта алмаған кез тауықты,
қазір мұндай сырды айту да қауіпті:
жаңа көрсем жағалауын сол көлдің,
бояу солған,
бұта біткен өлген кіл.
Ағаштар сұр,
жапырақтар сап-сары,
ескі мұңды еске ап жаным қақсады.
Күннің-дағы қызылы жоқ сондағы,
аспан – тозған кенеп сын-ды болды, әне.
Көл бетіне тосап тұрып кілкулі,
суы – сұрқай,
тоңып кеттім бір түрлі.
Тек торғай мен шырылдатып шымшықты,
тумай жатып қызуы өшкен Күн шықты –
қызыл өшкен Күн бе,
мен бе – кім білген –
тек бұталар өскен биік тырмысып,
тек шыр-пыр торғай әлі жүрді ұшып,
тек шәуілдеп баяғыдай бір күшік
үріп шықты.
Маған күшік ұнады,
ұнағаны: қызыл екен тілі әлі.

1983