Бірі ауырса, біреуі
қызмет етпек болды ма:
емханаға түсті ақын,
бірге түсті домбыра:
Көкірегін ақынның тыңдап көріп емші әлгі,
ұстап қарап тамырын,
қолтығына қол салды: –
– Тамырлары,– емші айтты, – қаны кеуіп тұр
қақсып! –
Ине салды бұрғылап,
дәрі берді бір қапшық.
Әттең, ақын ауруы – домбырасымен бір еді,
сәл қақсыса домбыра – сарнайтұғын жүрегі.
Әлгі емші кеп ымыртта домбыраға бір қарап,
– Тартшы! – дейді...
«Абыл» мен «Балқаймақты» тыңдап ап,
сипап көрді қақпақты,
шертіп қарап тақтайды:
– Домбыра – сау,
сондықтан емханаға жатпайды! –
Деді, деді... деді де домбыраны ап кетті,
ақынға әкеп қалдырды дәрі қапшық – әптекті.
Арыстан боп туған соң, ауырсаң да – бол батыл,
батылдықтан айрылды сонда, сонда, сонда ақын:
мүңкіп кеткен дәрі исі,
ақ бөлмеде жат әрі
домбырасыз сол түні жыршы жалғыз жатады.
Ертесіне қан қақсап,
қара тырнақ қайта ысып,
сандырақтап жатты ақын әлдекіммен айтысып.
Ақ етекті емшілер ербеңдесіп әрі-бері,
бас шайқасты:
– белгісіз, басқа бір дерт бар, – деді.
Күшін жиды сонда ақын:
– Жамылмаймын көрпені,
дауа таппан дәрі жеп,
емделмеймін мен тегі,
кетем, кетем!
Сендерді емші десе – ертегі,
ертегіге сенбеймін,
домбырамды шертемін! –

Дәрігерлер әбігер:
делеңдетіп желеңді
бірі «зам»-ға жүгірді,
бірі «зав»-қа жөнелді.
Зобалаңдап «зам» келді,
«зав» та келді –
көбең кіл,
осқырынған жұрт кілең сауал қойды:
– Не болды?
Ыза бардай ымында,
қабағы да кірбелең,
өкпелей ме бұ кісі қонбады деп бірден ем?! –
Бір ауру шал сол сәтте бас көтерді іргеден:
– Олай емес, жігіттер, өкпесі жоқ мұның түк,
жалғыз-ақ түн жалғыздық жіберген ғой түңілтіп.
Болғанымен тәні ауру
келіп еді жарқырап,
дәрі бердің жыршыға –
домбырасын тартып ап.
Көңлі кірбің адамға қонушы еді қай дәрі,
дәріні ішті түнде бұл тек ауруын ойлады.
Бейшара емей кім екен домбырасы жоқ ақын,
дертін жүрген сездірмей сол домбыра болатын.
Сезілмесін не бір шер,
не бір қайғы,
не міндер,
қонсын десең еткен ем – домбырасын беріңдер!
– Ол болмайды! – Бас доғдыр басын шайқап
жіберді, –
ұйықтатамыз жұбатып дәрімен-ақ бұл «ерді»,
неше алуан сырқат бар,
ауырлары бар тіпті,
ауырсаң да сақтау жөн тыныштық пен тәртіпті.
Аурухана – түрме емес, –
еркеліктің де аты бар, –
бірақ концерт зал да емес –
ән мен күйді сапырар.–
Бас дәрігер жымиды әлгі қартқа қарата:
– Билесеңіз бөлмеде радио бар, ата!
Түрің бар-ау, қария, тәуір бола бастаған,
тыныштықпен де емделсін еңді сізден басқа адам.
– Мына жұрттың көңліне жақын келсең бір адым,
содан тәртіп бұзылса – бұза салшы, шырағым.
Бетін кенет қария ірге жаққа бұрады,
жұрт та саңырау деді ме,–
бір күрсінді егіле,–
ал, өзінің қашаннан тосаң еді құлағы:
– Бұзар ең-ау, шырағым, бұзар едің сен демде, –
қанша берік заңды да – өз пайдаңа келгенде!

Қайқайды да иегі – иегіндей текенің,
іңір шақта қарт әлгі қайтыс болып кетеді.
Сонда өкінді дәрігер, –
одан енді не пайда –
мұны білсек домбыра берер ек деп атайға?!
Бітті әңгіме, дегенмен
түйін біткен жоқ әлі,
заң, тәртіпке тапсырдық ақындардың обалын.
Бас дәрігер қаталдау кесіп айтса тоқтамын,
іренжітсе біреуді – ойлағаны көп қамын.
Тигізем деп жүрген жан бір септігін о да елге,
Нұқсан етпес қызмет азаматтық беделге.
Қателігі – сенбеді ол:
қамын қорғап біреудің
біреу сонша сарқылып тілек айтад дегенге.
Неге ұқпады қарт сөзін?
Ұғынбайтын жоқ түгі –
тек өз басын ойлайтын адамдардың көптігі
шатыстырды оны да,
шатыстырды, жоқ амал,
қарт та өзі үшін ойлады деген жаңсақ жорамал.
Қарт өлген соң ұқты жұрт сөздерінің шын өңін,
әйтпесе жұрт тани ма
тірі жанның тілегін?!
Ерке емес-ті ақын да,
міне, сөздің сыр-шыны:
уақыт қайда
ерке етер пайдасы жоқ жыршыны?!
Ерке десе – сенед көп,
сенеді көп, төңірек,
есер десең, ал, егер сенетіндер – көбірек.
Жар болсыншы ақынға ел,
ең жаманы, жаңағы
күйін тыңдап домбыраның
өзін қуғын-да-ғаны.
Тыңдамаса қайтер ең?
Көрсетпесін оны Алла, –
Бас дәрігер күй десе – әлі жымың қағады.
«Домбыра – сау?»
Диагноз жақсы естілед құлаққа,
жиі-жиі ақындар ауырып жүр бірақ та.
Күйін, мұңын ширатып жіп еткенде бір ұршық
кімге айтады тарқатып сол домбыра ыңырсып:
қоңыр төбе басында күйші-Зейнолла-ақын да,
тек мен кейде ойлаймын домбырасы хақында,
Жүрек кейде қақсайды,
жүрек бітсе пендеге
шаншуының өзі де ұқсайды екен шөңгеге.
Кінә арту да ұят-ау ұқпайсың деп өңгеге:
парасат аз менде де,
кемшілік көп сенде де...
ештеңе етпес, Дүние, жұмырсың ғой – дөңгеле!

1983