Жас туған Ай қауысты,
маңай тыныш.
Тау үсті.
Құлағыма қаңғырып
қайдан келген дауыссың?
Бұта ма әлде,
шөп пе әлде –
шөп қозғар да жоқ пенде.
Жапыраққа қақтығып
жел де еспейді – ақ тымық.

Әйтеуір бір...
бір үн бар
әлдеқайда тұншыққан.
Ал, тыныштық, ұрыңдар
сол үнді ұстап тұмсықтан!

Ақ жұлдызды қара аспан
сәл биік тұр ағаштан.
Сен адассаң, адассаң
мен жақ ашпан, жақ ашпан!

Келем, келем,
мен келем:
қане, дүние, дөңгелен!
Кім таппайды жарықта,
кім жүрмейді жолменен?!

Күндіз көзім – көз еді,
түнде көзсіз сеземін.
Айдалаға арқырар
қайда әлгі тау өзені?!

Талай жұлдыз қауысты,
әлі де сол тау үсті.
Құлағыма тентіреп
қайдан келген дауыс бұл?

Келемін тер тамшылап
бітті, бітті дәрменім.
Уайымның даусы ма,
ойдың даусы ма әлдебір?

Соны іздеп көп тоқтаймын,
көзім – қорқақ,
ісім – ер;
түсінем: түк таппайды
адаспаған кісілер.

Жолсыздығын жер бұлдап,
айсыздығын түн бұлдап,
тыныштық жұтты үнді ұрлап,
құлақ қалды дыңғырлап.
Сүріндім бір жыңғылға –
жыңғыл ма, әлде, сымбыл ма?!

1983