Ғафу Қайырбековке
Әсіресе ақындар көп айналған мүсінге, –
тастар, саған, мың алғыс, шойын,
саған мың алғыс!
Мүсіні бар мүсіннің,
мүсіндердің ішінде:
таумен салыстырсаң да – Таразы ақын тұр биік,
қара емен де мың жылғы көрінеді тырбиып,
Шевченкоға қойылған ескерткіштің қасында.
Биік салу мүсінді – мақтан болса, расында,
болар еді салуға бір ескерткіш Қасымға!
Тегің болса, жез, балқы,
тебірен, темір,
тас, тебірен:
Махамбетке өз басым жүз жылдан соң Ас бергем!
Самарқаулау салтым бар,
ұмытшақтау халқым бар,
мақтанын – шаң, сондықтан, басты кейде
Даңқын қар.
Мына ескерткіш – жез де емес,
мәрмәр да емес мәңгілік,
аһоу! дегенде ұлы ақын – тауға соққан жаңғырық,
со күйінде қап қойған – елдің рух-байлығы.
Аласа емес Алатау – жырымыздың қайда үні
жаңғырыққа Даңқ боп?
Сөз-ау деме жай мұны...
Бізде ақындар ескерткіш
қоймаса да – әйгілі!
Бізде жырға қойылған көп ескерткіш қайғылы;
көп ақынға жасалған ескерткіштің біразы
ауырлап тұр қайғыдан –
біздің көңіл разы:
Алматыда – Жамбыл тұр,
Еңлікті ойлап езіліп ұлы Абай тұр Семейде,
Мұқтар отыр мұңайып қара ағаштың астында –
көрген кісі көп ойын таяп қойып көмейге,
жыршылары мына елдің жылауық-ау демей ме?
Жо-жоқ, ойы бар жанға қай кезде де жақын мұң,
мұңдылық та емес-ау ойлылығы ақынның,
мақтаныш жоқ сондықтан біз ақында – мүсінде,
қабақ шытса – халықты ойландыру үшін де.
Ал, мына ақын халқы үшін мақтануға аттанған,
аспандатып ақынын халық па әлде мақтанған –
кім біледі, әйтеуір тым биік тұр сол кісі,
алдыңғысы – зандылық, рас білем соңғысы:
қайғыға да қайратпен қатқан ішін растап,
қайғысы емес, халықтың мақтанышын растап,
Канев-тауда қырық кез Таразы ақын тұр асқақ:
жалт қараса – мұртының бір желп етсе шалғысы
үркіп ұшар секілді Днепрдің бар құсы!
Қайың, емен жүз жылдық,
айналаның ну бәрі,
бір бұтасын шертіп ем – бүкіл орман шулады.
Бандураның ішегіндей әрбір сабақ әр бұта –
талай күйді жұттым мен құлағыммен қарбыта.
Қайраты ма жігіттің
айналып тас мүсінге,
екілене көрінген ескерткіштер ішінде?
Аһоу деп ем – жаңғырық,
тамағымды кенеп ем,
бірер жасыл жапырақ құлап түсті төбеден.
Зың еткенді – күй санап,
үп еткенді елеген
Украина орманы, сергек едің не деген!..
1983