Пенделерге сырт қарап былайғы ұсақ,
біреу болдың бір өзің Құдай құсап.
Айға ұстатып жіберді жұрт та сені –
жамбасыңа көрпе емес, бұлт төседі,
билік бітсе – Құдай да қырт деседі,
бұл, әрине, көп жұрттың сыртқы есебі.
Барыңды алып қашатын, барымтаның
заманы емес,
ес, есір,
қағын, қағын!
Бір жөткірсең – тойды бір қарын тағы,
бір жымисаң – Жынды да жарылқадың.
Жәдігөйден басқаның жанбай бағы,
тамырында талайдың қан қайнады.
Көгерттің-ау,
әлі де көгертесің,
көк есекті тек анау неге ертесің?
Көк есектің басына сен ең тесіп
құйып қойған көк бұлттың көлеңкесін.

Көлеңке де жетпесе – жоқ амалы:
Талғар шыңы жалаң бас келеді, әне.
Таудың таңғы ақ шарбы орамалы
басында емес,
мойнына оралады.
Адам болсаң – адамды жай адамша ұқ,
көнбіс болсақ – кетті деп анық тойып,
тұяғына есектің салып қойып,
аспан жақтан қарама аяғансып.
Пәндең – емен,
қартайса құлайды емен,
мен қартайсам – Құдайсыз, былай да өлем.
Бұққан сайын бұрайсың бұттан алып –
мұнша ұялшақ болар ма Құдай деген!
Жұбатпа, дос,
жүргем жоқ мен еңіреп,
қартайдым тек түбі сен береді деп.
Бір періштем бар еді:
қайда, қайда,
о да қуып кетті ме пайда-майда?!
Әйел құсап өкпе айту – жұмысы ердің,
осы да ерлік;
тек алда білісер күн.
Сені де аяп арқаңнан қағармын бір,
сенімен де, құдірет, бір ішермін!

1983