Адасады ақша бұлт
ақ шың тауып қонбаса.
Бұлтта тұрған түк те жоқ,
адасқаны болмаса...

Терең дейміз қара су,
қара емес-ау ол да аса.
Суда тұрған түк те жоқ,
тереңдігі болмаса.

Әр нәрсеге бар ебі,
зияны жоқ жанға аса
менің досым әдемі,
әуейлігі болмаса.

Халықта не қасиет –
ұлылығы болмаса,
жарықта не қасиет –
жылылығы болмаса.

Жанып тұрған жігіттің
алғырлығы – далбаса,
маңдайында бармақтай
бақ-жұлдызы болмаса.

О, тәңірім!
Ант-иман
емессің-ау сен де аса,
тек қауқиған, қауқиған
құр атағың болмаса!

1983