– Аһоу, – дедім,
тұра қашты жаңғырық шыңнан шыңға секіріп,
жетпесімді білсем де қуып бердім өтірік.
Жаңғырық жоқ.
сырғиды қабақтағы қар, әне,
тас қанатқан табаным удай ашып барады.

Толқын атты көк теңіз,
жарға шапшып көбігі, –
мен де жарға шапшыдым ерлік етем деп ұлы.
Жел басылды,
теңіз де тына қалды, тыншыды,
дымқылданып қалды тек, кәрі жартас тұмсығы –
сен қайдасың жаңағы көңілімнің желігі?!

Бір күйші өлді – қос ішектің құлағымда қалды үні,
қалды дейміз, шын ба осы, –
айта алмаймын дәл мұны.
Әйтеуір сол күйші өлді – рас, рас, қайғы рас,
айнырмын мен қайғыдан,
күйге деген махаббатым – айнымас!
Бірақ анда көкпар бар,
тартып алсаң қой – бәйгің:
күйшіні еске ап – күрсініп,
шаруамды да ойлаймын.
Өзің жұмбақ өзіңе,
адам жұмбақ адамға –
табынасың табанда.
Тірлік заңы осы деп
түсінем де алданам,
алданам да кешірем,
сонсоң тағы таң қалам.
Сырыңды айтсаң – сенбейтін секем-көңіл
жанды да ұқ,
өтірігің – өтеді, міне, сізге заңдылық!

Шәміл айтты:
– Құтырма, ойлай білем деп аздап,
түк түйсік жоқ – әппақсың,
өзің де әппақ, қағаз да ақ.
Жаңғырықтан адасып қалдым дейсің – қосылам,
заңдылықтың қанша тек қатысы бар осыған?!

Адам,
жұмбақ,
су,
көбік – жаңалық жоқ мұнда да,
қабағыңды шытынып айтқаныңмен бұлдана.
Шын жасасаң бір ерлік – қырар едің...
сөз бе сол,
осы қазір өзіңе не керегін сезбесең?!
Заңдылық па керегі?
– Иә, сол ғой,
– Ал, тыңда:
«Шөлдесең – шәй, сыраңды іш,
ыссыласаң – салқында!»

1983